Каспийдің суы неге қызарды?

28

Ақтау қаласының оңтүстігіндегі Каспий теңізінің жағалауы қып-қызыл түске боялды.

Көпшілікті таңдандырған мұндай құбылыс жыл сайын байқалады екен. Себебі, қатты тұрған дауылдан теңіз балдырлары жағаға соғылады да, судың түсі өзгеріске ұшырайды. Ары-бері шайқатылған өсімдіктердің әсерінен айдын қызыл түске боялады.

Мұның үстіне, қазір балдырлардың тез көбейетін мезгілі екен. Бастапқы жылдары «теңізге қан төгілген» деп үйрейленетін Ақтау тұрғындары мен туристер бүгінде бұл көрініске үйренген. Суретке түсіп, табиғат құбылысын тамашалайды.

Экологтардың айтуына қарағанда, қызыл балдырларда йод көп болады көрінеді. Сондықтан мамандар йод жетіспейтін жандар үшін жағалауда тынығып, таза ауамен тыныстаудың өте пайдалы екенін айтады.

Жалпы, әлемдегі қызғылт көлдердің барлығы тұзды болып келеді. Олардың түрлі-түсті болуы – микроорганизмдердің тұзды сумен әрекеттесуінің нәтижесі.

«Біздің Каспий теңізінде балдырлардың 25-тен аса түрі шоғырланған. Ең осындай таяз тұстарындағы түрлері лауренция, маривезия, полисипония деп аталады. Олар қоңыр, қызылқоңыр, қызыл түстерді береді. Кешелі бері қар жауған соң қардың түсі осындай қызыл түске боялып, бізге, халыққа көрініп жатыр», – дейді Маңғыстау облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Раушан Төлепова.

© DimashNews.com - Сайт әкімшілігінің рұқсатынсыз материалдарды көшіріп басуға болмайды!