«Адам табиғатынан шабыттанамын»: Жан қалауымен дизайнер атанған Айнұр Тұрысбек

1689

Ішкі және сыртқы әлемі бір-бірімен жоғары деңгейде үйлесім тапқан, әрбір жанның жүрек қылын тербеген қайталанбас өзіндік қолтаңбасы бар жаңашыл стильге шынайы сүйіспеншілік. Мамандығы заңгер, алайда жан қалауымен, жүрек таңдауымен дизайнер атанған. Назарларыңызға отандық «Ainur Turisbek» брендінің негізін қалаушы әрі дизайнер Айнұр Тұрысбек туралы жазбамызды ұсынамыз.

Айнұр Тұрысбектің дизайнер ретінде дебюті 2012 жылдың күзінде өз отанында KazakhstanFashionWeek подиумінде өтті. Алғашқы қадамынан кейін өз қолтаңбасы бар дизайнер Таяу шет мемлекеттер – Украина, Әзірбайжан мен Грузияның подиумдерін игеру үшін аттанады. Ол жақта дизайнер сән әлемінің Париждегі майталмандарымен кезігеді.

Жұмбақ әлемі бар Айнұр мен оның қайталанбас үлгілері танымал стилистер мен фотографтардың назарына ілігеді. Ал оның мінезді әрі бояуы қанық үлгілері Numero, SSAW, Elle France, Vogue Italy, L’Officiel секілді әлемдік баспасөздің беттерінде жарық көре бастайды.

Дизайнердің қолынан шыққан киім үлгілері бүгінде қазақстандық және шетелдік танымал адамдар тарапынан үлкен сұранысқа ие. Қазіргі таңда брендті «Forum» сауда-сауықтыру орталығының «Samine multi concept» бутигінде, «Essentai mall» сауда орталығының «Kravets» бутигінде және «Алматы» сауда-сауықтыру орталығының «Svadba.kz» бутигінен табуға болады.

Айнұрдың айтуынша, шығармашылық процесс әрдайым ерекшеленеді, өзгеше болуы керек. Барлығы идеядан бастады. Болмашы дүниенің өзінен қиялға ерік бере отырып, ғажап образ шығаруға болады.

Коллекцияларымен жұмыс істеу барысында Айнұр алдыңғы кезекке адам табиғатын қояды. Адам баласының ішкі әлемінде пайда болатын сезімдері мен толғанысының сырттағы көрінісі әспеттеледі.

Айнұр Димашпен Қытайдағы «Singer 2017» байқауында сахнаға шығар алдында танысқан болатын. Содан кейін 2019 жылдың қазан айында Сочи қаласында өтетін концертке дайындық басталып кетті. Сол кезде-ақ бренд Еуропадағы тур алдында Димаш үшін титулды киім үлгілерін әзірлеген болатын. Ресей, Латвия, Чехия, Германия, Беларусь елдері қалаларында  қазақстандық әнші сахнаға «Ainur Turisbek» бренді әзірлеген киім үлгілерімен шықты.

Димашқа образ жасарда бренд әртістің мінезіне, оның әлемді қабылдауы мен ішкі дүниесі жағдайына мән берді. Әншінің сыртқы келбеті оның ішкі құндылықтарын жеткізе алатындай болды. Әсіресе, жұмыс барысында материал таңдау аса маңызды, өйткені сахнаға шыққанда әншіге ыңғайлы болу керектігі айтпаса да түсінікті. Сол кезде ғана орындаушы жайлылықты сезініп, сахнада өзін еркін ұстай алады.

Әр киімді тігерде оған өз алдына жеке дүние ретінде қарап, ерекше назар аударамыз, бар жанымызды салуға тырысамыз. Концепция жағына келер болсақ, брендтегі белгілі элементтерді қосып отырамыз. Нәтижесінде ыңғайлылық пен стиль сабақтастығы жайлылық пен керемет образға үйлеседі. Бұл өз кезегінде Димаштың бар болмысын айқындай түседі. Ал осы жиынтықтағы ең бастысы – барлық жоғарының, үздіктердің үндестігі. Өнер деген ту астында Музыка мен Сән керемет үйлесім тауып, бір ғажап әлемге жетелейді. Біздің күшіміз бірлікте, достықта, махаббат пен қобалжуда, жан дүниесі мен түсіністікте, – дейді Айнұр Тұрысбек.