Басты бет Басты жаңалық Baqytty Bala балалар вокалдық байқауына өтінімдер қабылдау басталды

Baqytty Bala балалар вокалдық байқауына өтінімдер қабылдау басталды

Ақтөбе облысының әкімдігі, «Хабар» телеарнасы және «DimashAli» шығармашылық орталығы Baqytty Bala III ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауына қатысу үшін өтінімдер қабылдаудың басталғанын хабарлайды. Өтінімдер қабылдау 2021 жылғы 1 маусымнан 1 шілдеге дейін жалғасады.

Байқаудың финалы 7-11 тамыз аралығында Ақтөбе қаласында өтеді. Baqytty Bala-ға 10-16 жасқа дейінгі барлық елдердің балалары қатыса алады.

Байқау екі тур бойынша өтеді:
1-ші іріктеу кезеңі. Ол қашықтықтан жүргізіледі, қатысушылардың өтінімдері 1 маусым және 1 шілде аралығында қабылданады.
2-ші финалдық кезең. Ол дәстүрлі түрде Ақтөбе қаласында өтеді және «Хабар» телеарнасы арқылы көрсетіледі.

Өтінім беру ережелері:
Іріктеу турына қатысу үшін ұйымдастыру комитетімен байланысып, baqytty-bala@mail.ru немесе baqyttybala@gmail.com.
мекенжайына хат жазсаңыз жеткілікті.

Хатқа сіздің орындауыңыздағы екі әннің YouTube каналына жүктелген бейне файлдарға сілтеме болу керек.

Бірінші ән ана тілінде, екіншісі – әлемдік хит болуға тиісті. Ресми ән атауларын, авторлардың аттарын жазыңыз және мәтіндерді бірге жолдаңыз. Бейнежазбалар компьютерлік өңдеусіз, жанды дауыста орындалуы тиіс.

Baqytty Bala халықаралық вокалдық фестиваль-байқауы 2018 жылы Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен жүзеге асты. Ұйымдастырушылар – Димаш Құдайберген, оның командасы және туған қаласы Ақтөбе.

Мұндай конкурсты ұйымдастыру туралы ұсынысты Димаштың «Dimash Salem» фан-клубы ұсынған болатын. Фанаттар мұндай жобаның Димашқа сай келетінін айтқан. Өйткені, Димаш конкурстарға қатысу арқылы шығармашылық жолын бастаған. Бір жағынан әнші балаларды өте қатты жақсы көреді. Бұл идея Димаштың да, ата-анасының да көңілінен шықты.

«Baqytty Bala» байқауынан кейін финалистерде сенім пайда болады, жаңа жетістіктерге қадам жасауға мүмкіндіктер туындайды. Мысалы, Ержан Максим «Baqytty Bala» Гран-Приінен кейін Ресейдегі «Голос. Дети» байқауының жеңімпазы әрі сенсациясына айналды. «Eurovision Junior – 2019» байқауында құрметті екінші орынды иеленді.

Миржан Жидебай «Голос. Дети» байқауының финалисі атанды. Аделина Мұхаметжанова «Sanremo Junior» және «American Protege» байқауының лауреаты болды, небары 12 жасында Нью-Йорктегі әйгілі Карнеги Холл сахнасында өнер көрсетті.

Байқауды ұйымдастырушылар өз сахнасында жаңа таланттарды тағатсыздана күтеді және барлық қатысушыларға сәттілік тілейді!