Басты бет Dimash World Barclays Center қызметкері: «Қазақстандық әнші Бейонсе сияқты көрермен жинады»

Barclays Center қызметкері: «Қазақстандық әнші Бейонсе сияқты көрермен жинады»

Нью-Йорктегі Barclays Center сахнасында жыл бойы көптеген концерт өтеді. Салтанат сарайының дәліздерінің қабырғаларына әлемге әйгілі жұлдыздардың суреттері ілінген, олардың арасында Бейонсе, Рианна, Backstreet Boys жігіттері, Алиша Кейс, Coldplay, Элтон Джон және басқа да әлемге танымал жұлдыздарды көруге болады.

Димаш – осы сахнада өнер көрсеткен алғашқы қазақ әншісі. Barclays Center қызметкерлерінің бірі – Брайан Такер: «Мен мұнда ашылғаннан бері, яғни 2012 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осы үлкен сахнада өнер көрсеткен әлем жұлдыздарының барлық шоуларын көрдім. Олар мыңдаған адамдарды жинайды. Бейонсенің осында өткен соңғы концертінде 18 000 адам болды», деді.

Ол қазақстандық әнші Димаштың да дәл осындай көлемдегі тыңдармандарының басын қосқанын әңгімеледі. «Жалпы, бізде алғаш рет Қазақстаннан шыққан әнші өнер көрсетті. Сондықтан оны шынымен әлемдік жұлдыз деп білемін. Мен ол туралы бруклиндік жігіттерден естідім. Олар және басқа да әнсүйер көпшілік Димаштың даусы керемет екенін айтып жүр. Қазақстандық әншінің американдық жұлдыз Бейонсе Ноулз сияқты көрермен жинағаны сөзсіз керемет!» деп таңданды Barclays Center қызметкері.