Басты бет Әлем Маржан тастарындағы өнер

Маржан тастарындағы өнер

Көптеген адамдар естімеген өнер бұл – ғасырлар бойғы плиталарға салынған сурет өнері. Қазақстандық суретші Нұрлан Ахметов өз шығармашылығы туралы және оған тас кенепте жұмыс жасау идеясы қалай келгені туралы айтып берді.

Нұрлан Ахметов 1958 жылы қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында дүниеге келген. Мектеп жылдарында оны әр түрлі іс-шаралар қызықтырды: ол өлең жазды, сурет салуға тырысты, спортпен шұғылданды.

1975 жылы Нұрлан Целиноград инженерлік-құрылыс институтына (қазіргі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті) оқуға түсті. Оқуды бітіргеннен кейін мамандығы бойынша құрылысшы болып жұмыс істеді.

Тағдыр Нұрлан Ахметовті 1986 жылы алыстағы суық Якутияға алып келді, онда ол тау-кен байыту комбинатының құрылысына қатысты. Бұл тундрадағы ұзақ бес жылдық өмір болды. Оған Солтүстік Мұзды мұхиттың жағасында, Верхоянскідегі суық полюске жақын жерде жұмыс істеуге тура келді.

Ол жақта да Нұрлан аздап сурет салуға тырысты, бірақ бұл айтарлықтай оңайға соққан жоқ. Содан суретшінің көкейінде банан пальмасының астында сурет салып, теңіз жағасында, жылы жақта өмір сүру деген арманы пайда болады.

Нұрланның арманы 2012 жылы түріктің Алания қаласына көшіп келіп, жартастағы суреттер, барельефтер, бекіністері мен колонналары бар нағыз ежелгі патшалыққа келген кезінде орындалды. Бұл кереметті көрген суретші ерекше материалмен – Маржан плиталарымен жұмыс істегісі келді.

Суреттерді жасау үшін Нұрлан тас кескішті, тегістеуішті және мастиканы пайдаланады. Бояу, акрил немесе сәндік, арнайы бояу таяқшаларын қолданады.

«Миллиондаған жылдар бойы теңіз түбінде жатқан бұл тастарда ұлу қабыршығының бөлшектері, су өсімдіктері, түрлі маржан үлгілері бар. Олардың ерекшелігі – осында. Мені өткен тарих жұмысқа өте шабыттандырады. Мен ежелгі уақытта адамдар мұндай керемет сарайларды тауларда арнайы техникасыз қалай салғандығын бүгінгі күнге дейін түсінуге тырысып келемін», – деп бөлісті Нұрлан Ахметов.

Оның жұмысында бұрын болған немесе қазіргі уақытта болып жатқан маңызды оқиғалар көрініс табады. Сондай-ақ, суретшіні мықты және талантты тұлғалар шабыттандырады, Нұрлан портфолиосында: Батырхан Шүкенов, Денис Тен және Коби Брайантқа арналған бірнеше жұмыс бар.

Сонымен қатар, суретші спорттық тақырыптарға арналған суреттер жасауды ұнатады. Олардың бірі Торонтодағы даңқты хоккей мұражайында.

Қазір Нұрланның өз шәкірті – таспен жұмыс істеуді үйренуге деген құлшынысын білдірген дарынды бала Әли Тұрғанбеков бар. Олар бірге «Әли және оның командасы» картиналарының бүкіл сериясын дайындай бастады. Осы ойында баламен бірінші болып ойнаған Диего Марадонадан бастап футбол жұлдыздары болады.

«Әли – нағыз спортшы, дарынды бала, нағыз мотиватор. Біздің болашақ параолимпиадалық чемпионымыз», – деді Нұрлан өзінің оқушысы туралы.

Нұрлан Ахметов өзінің таңғажайып шығармашылығының 8 жылында 200-ден астам картина жасаған. Маржан плитасындағы бір жұмыс орташа есеппен 5 күнді алады.

Өз жоспарының бірінде суретші қазір Абайдың 175 жылдығына арналған композиция жасап жатқандығы туралы айтып өтті. Бұл Алания саябақтарының бірінде орнатылатын болады деп бөлісті. Нұрланның жоспарлап отырған тағы бір үлкен мақсаты – Нұр-Сұлтандағы Корей бағында атақты қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге арналған тастан жасалған композиция орналастыру.