Басты бет Әлем Мұзайдындағы «Qairan Elim»: мәнерлеп сырғанаушы Ян Вокленмен сұхбат

Мұзайдындағы «Qairan Elim»: мәнерлеп сырғанаушы Ян Вокленмен сұхбат

21 тамызда француз Ян Воклен Димаштың «Qairan Elim» әнімен жасөспірімдер арасында мәнерлеп сырғанаудан әлемдік Гран-при кезеңінде өз бағдарламасын ұсынды. Жас мәнерлеп сырғанаушы DimashNews-ке оның таңдауы дәл осы композицияға қалай түскенін бөлісті.

Он жеті жасар Ян Воклен Францияның ежелгі Дижон қаласында дүниеге келген. Мәнерлеп сырғанаудан басқа, 10 жасына дейін ол консерваторияда оқыды, фортепиано мен тромбонда ойнады, вокалмен де айналысты.

– Ян, айтыңызшы, сіздің спорттық жолыңыз неден басталды?

– Мені 3 жасымда ата-анам мәнерлеп сырғанауға берді. Менің үлкен ағам мен әпкем де коньки тебеді. Маған бұл спорт әрдайым қатты ұнайтын, сондықтан мен бұл жолды жалғастыруды шештім. 14 жастан 16 жасқа дейін мен Гренобльге коньки тебуге бардым. Осыдан кейін Ниццаға барып, онда бір жарым жыл мәнерлеп сырғанаумен айналыстым.

Менің ата-анам классикалық бидің арқасында кездесті. Екеуі де өз ісінің мамандары. Әкем – классикалық би мұғалімі, тіпті Дижонда мектеп ашты, мен кейде ол жаққа сабақ алуға баратын едім. Классикалық би сабақтары мәнерлеп сырғанауда өте пайдалы.

– Бұл спорт түрінен сізге не ұнайды?

– Бірінші кезекте, маған дәл осы жарыс ұнайды деп ойлаймын. Содан кейін спорт пен музыканың үйлесімі. Мен күрделі техникалық элементтерді орындағанды ұнатамын: секіру, айналу, спираль. Жалпы, мәнерлеп сырғанауда маған бәрі ұнайды. Бұл өте қызықты спорт түрі.

– Айтыңызшы, сізді кім жаттықтырады?

– Менің екі жаттықтырушым бар: Седрик Тур және Рудольф Марешал. Мен Ниццаға мәнерлеп сырғанауды үйренуге келген кезден бастап олар мені жаттықтырады. Коронавирустық инфекцияның пандемиясына байланысты мәнерлеп сырғанау бойынша Әлемдік Гран-при кезеңіндегі олардың мені дайындаған алғашқы маңызды жарысы. Ал Седрик Тур менің қойылымыма «Qairan Elim» хореографиясын қойған адам.

– Димаштың шығармашылығымен қалай таныстыңыз?

– Мен Димашты Денис Теннің «SOS» әнімен естен кетпес өнер көрсетуінің арқасында таныдым. Бұл мені шабыттандырғаны соншалық, композицияны кім орындағанын білгім келді. Димашты тапқанда, бірден оның барлық әндерін тыңдадым.

– Басқа мәнерлеп сырғанаушылар сіздің бұл музыкалық композицияны таңдағаныңызға таң қалды ма?

– Мен бұл туралы олармен көп сөйлеспедім, бірақ кейбіреулер үшін бұл таңдау күмән тудырғанын білемін. Алайда, менің жаттықтырушыма өте ұнады, оның үстіне ол Денис Тен мен Димашты жақсы білетін. «Qairan Elim» – өте ауыр ән. Менің түсінуімше, ол коронавирустық инфекция пандемиясы кезінде зардап шеккен барлық қазақстандықтарға арналды.

– Өз өнер көрсеткеніңіз туралы не ойлайсыз? Сізге бұл ұнады ма?

– Ия, мен өте бақыттымын! Бұл менің алғашқы үлкен жарысым болды және қатысу фактісі үлкен жетістік болып табылады. Қойылым барысында мен 2-3 кішкентай қателік жібердім, бірақ жалпы нәтиже жақсы болды. Шынымды айтсам, мен турнир алдында өте қобалжыдым, мен қатысқаныма өте қуаныштымын және 5-ші орынға ие болғанымды мақтан тұтамын.

– Болашақтағы жоспарларыңыз бен мақсаттарыңыз туралы бөліссеңіз.

– Мен мәнерлеп сырғанауды жалғастырып, барынша жетістікке жеткім келеді. Жыл соңында әлем чемпионатына іріктеу басталады. Әрі қарай мен Олимпиада ойындарына қатысқым келеді. Қаншалықты биікке шығатынымды білмеймін, бірақ бұл үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын. Сондай-ақ болашақта музыкамен айналысқым келеді.

– Сіздің арманыңыз бар ма?

– Менің арманым? Қазір әлем чемпионаттары, Олимпиада ойындары. Мәнерлеп сырғанау арқылы жай ғана бақытты болу.

 

Димаштың «Dimash Qudaibergen France Fan Club» француз фан-клубының мүшелері Андрей Иванов пен Вероника Ричардқа сұхбат барысында көмек көрсеткендері үшін алғыс айтамыз