Басты бет Dimash World “Өте әсерлі орындау болды!”: Ральф Саймон Димаштың DLD-де өнер көрсетуі туралы

“Өте әсерлі орындау болды!”: Ральф Саймон Димаштың DLD-де өнер көрсетуі туралы

2022 жылғы 21 мамырда Димаш Құдайберген Мюнхенде өткен Digital Life Design конференциясында өнер көрсетті.

DLD (Digital Life Design) жетекші инновациялық еуропалық конференцияларының бірін танымал халықаралық визионерлер Штеффи Черни мен Йосси Варди құрған. Олар DLD-ді әлемді цифрландыруға өз үлестерін қосуға тырысатын адамдар үшін үлкен халықаралық платформа ретінде құрды.

Өз алаңында DLD саясат, ғылым, мәдениет және өнер саласындағы танымал визионерлердің идеяларын біріктіреді. Сонымен қатар өзінің үлкен аудиториясын тамаша музыкалық орындаушылармен таныстырады.

Сондықтан, шамамен 4 ай бұрын Mobilium Global компаниясының бас директоры Ральф Саймон Димаштың DLD-де өнер көрсетуін ұйымдастырған дұрыс деп ойлаған.

Осы конференцияға бірнеше жылдар бойы қатысқан спикерлердің ішінде Facebook негізін қалаушы Марк Цукерберг, әнші Леди Гага, Microsoft компаниясының бас директоры Сатья Наделла, Twitter-дің негізін қалаушы Джек Дорси, iPhone өнертапқышы Тони Фаделл және басқалар болды.

2022 жылдың 21 мамырында DLD басты сахнасынан алғаш рет қазақ халық аспаптары шырқалды. Димаш Олжас Құрманбектің орындауындағы қобыздың тамаша сүйемелдеуімен «S. O. S» және «Stranger» әндерін ұсынды.

«Димаштың өнер көрсетуі аяқталғаннан кейін көрермендер орындарынан тұрып, қошемет білдірді. Бұл тарихта алғаш рет қазақстандық әртіс DLD сахнасына шықты», – деп бөлісті Ральф Саймон.

Сондай-ақ, Mobilium Global Бас директоры жұртшылық қазақтың халық аспаптары – домбыра мен қобыздың таңғажайып үнімен қайран қалғанын атап өтті:

«Менің ойымша, бұл Димаштың нағыз салтанаты болды, айтпақшы, оның өнер көрсетуін көру үшін Берлиннен Мюнхенге арнайы ұшып келген Германияның үздік концерттік промоутері де растады».