Басты бет Dears Ригада жанкүйерлер Димаш Құдайбергенді жылы қарсы алды

Ригада жанкүйерлер Димаш Құдайбергенді жылы қарсы алды

6 наурыз күні Латвия астанасының әуежайынан жанкүйерлердің қуанышты эмоциясы мен шаттыққа толы даусы естілді. Көпшілік Димаш Құдайбергеннің әндерін қосыла шырқады. Осылайша әншіні тыңдармандары жылы қабылдады.

Жанкүйерлердің жүздері балбұл жанып, көздерінен қуаныш пен бақыттың табы байқалады. Өйткені олар бұл концертті асыға күткен еді, сүйікті әншілерін көруді армандаған болатын.

Бұл күні мұнда Латвиядан ғана емес, бүкіл Еуропадан өнерсүйер қауым көп жиналды. Қолдарында жалаулар, түрлі-түсті плакаттар, гүлдер мен сыйлықтар бар. Әуежайдан нағыз мерекелік атмосфераны көруге болады.

Димаш ұшақтан түсіп келе жатқанда, жанкүйерлер оны сүйікті әндерінің бірі «Дайидау» әнімен күтіп алды. Оған көпшіліктің жылы да шынайы қабылдауы қатты әсер етті, әнші бұл көріністен керемет күш-қуат алғанын да жасырмады.

Қазіргі таңда концертке қызу дайындық жүріп жатыр. Димаштың қойылымы бүгін «Рига-Арена» сарайында өтеді. Аталған зал Латвия астанасындағы ең ірі заманауи құрылымдардың бірі екенін айта кеткен жөн.

Сарайдың сыйымдылығы 10 300 адамға арналған. Бұл стадион 2006 жылы салынып, салтанатты жағдайда ашылған болатын. Аты аңызға айналған «Динамо Рига» хоккей клубы осында жаттығады.

Сонымен қатар, әйгілі әлемдік жұлдыздардың концерттері «Рига-Аренада» жиі өткізіліп тұрады. Одан кейін аренада стандартты стендтерден басқа, жабық лоджиялы амфитеатрлар бар. Бұл жағдайда стадионның сыйымдылығы 14 500 адамға дейін артады.

Аренада Pink, Kylie Minogue, EltonJohn, Depeche Mode, Metallica және Rammstein сияқты көптеген танымал әншілер өнер көрсеткен. Бірнеше сағаттан кейін Димаш Құдайберген де осында концерт қояды.