Басты бет Басты жаңалық «Жаңа толқын-2021» байқауы өз мәресіне жетті

«Жаңа толқын-2021» байқауы өз мәресіне жетті

Сочидегі жас орындаушылар байқауының үшінші кезеңі ұмытылмас жарқын сәттерге толы өтті. Қатысушылардың жоғары деңгейде өнер көрсетуі, әдемі сценографиясы және Димаштың жаңа әні фестиваль көрермендерін қуантты.

24 тамызда өткен конкурстың соңғы күнінде Димаш Құдайберген қызыл кілемге талғампаз ақ бейнемен келді.

Журналистің Димаштан жоғары балл алу үшін конкурсқа қатысушының композициясы мен қойылымы қандай болуы керек деген сұрағына әнші былайша жауап берді:

«Шығармалар дұрыс шығарылуы керек, көп нәрсе осыған байланысты. Әртіс өз әнін қалай бастау керектігін, оны қалай дамыту керектігін және шарықтау шегі қалай естілуі керек екенін түсінуі керек. Бұл сәттіліктің жартысы».

Қатысушылар сахна сыртында конкурстың финалдық турына дайындалып жатқан кезде, әйгілі әртістер New Wave Hall сахнасына үлкен толқыныспен шықты. Осылайша көптен күткен «Жаңа толқын» – «Премьера күні» шарасы басталды.

Сергей Лазарев, Дима Билан, Олег Газманов, Светлана Лобода, Валерий Леонтьев өздерінің жаңа туындыларын ұсынды. Артик & Асти және Игорь Николаевтың Валериямен бірге дуэт орындауындағы жарқын композициялар «Тодес» шоу-балетінің керемет нөмірлерімен толықтырылды.

Леонид Агутин мен Анжелика Варумның шығармашылық одағының өнер көрсетуі Григорий Лепстің Хибла Герзмавамен және Филипп Киркоровтың Виктория Коханамен бірге күтпеген жұптық нөмірлері көрермендерді таң қалдырды және қуантты.

Димаш Құдайберген композитор Еділжан Ғаббасовтың Джордан Аракелянның сөзіне жазылған «Fly away» («Ұшамын») жаңа әнін ұсынды. Димаш «Тодес» шоу-балетінің әртістерімен бірге өзінің шығармашылықтағы мүлде басқа қырын – әуені бірден тұла бойыңды биге жетелейтін энергияға толы жігітті көрсете отырып, осы кешті жандандырды. Жаңа композиция қалай жасалғаны туралы біз келесі материалда айтатын боламыз.

Жұлдызды премьералардың концерті аяқталғаннан кейін танымал әртістер сайыскерлерге жол берді.

Бірінші болып «Mezzo» тобы өнер көрсетті, ол екі байқау күнінің қорытындысы бойынша көшбасшылар үштігіне кірген болатын. Қазақстандықтардың орындауында 84 балл жинаған «Махаббат» («Любовь») әні шырқалды.

Үшінші турдың басталуына дейін екінші орын алған Болгариядан келген Деница Караславова » Queen of the Drama » әнін орындап, 88 ұпай жинады. Дәл осындай нәтижемен Испаниядан келген қатысушы Хорхе Гонсалес «Hasta Que Llueva»композициясын ұсынды.

Үшінші турдың жеңімпаздары ресейлік Grinkevich тобы болды. Қазылар алқасы олардың «Тайна» авторлық әнін 89 ұпаймен бағалады.

«Биполярная любовь» әнімен Армениядан келген Сара Геворкян алғашқы байқау күндерінің фавориті тағы да жоғары бағаға (88 балл) ие болып, жарыстың көшбасшысы болып қала берді.

Түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздарды марапаттау және «Жаңа толқын-2021» фестивалінің Гран-приін тапсыру рәсімі ертең өтеді.

Премьера күні мен үшінші байқау күнін 25 тамызда «Россия 1 / Россия 1 HD» телеарнасының эфирінен көре аласыздар (телебағдарламадан уақытын нақтылаңыз).