Сәукеле туралы бір үзік сыр

246

Баскиімнің айшықты түсі, алуан түрлі пішін, түр, ою-өрнекпен жарасымдық тауып тұрған зергерлік әшекейлер, жарыса құлпырған алтын, күміс және асыл тастардың сәулелері бас киімді одан сайын құлпырта түседі.

Сәукеле күннің сәулесіне теңелген пішіні, оған көрік беріп тұрған әшекей бұйымдардың көптігі арқылы киелі маңызға ие болған деуге болады. Бұл бас киім ерекше қастерленген, оны түсіріп алуға, қисайтып қоюға болмайды; келін болып түскеннен кейін қалыңдық сәукелені әдетте киіз үйдің сәнін келтіру үшін жүктің үстіне қояды. Түрлі нәубет, соғыс кезінде жылқы, мал айдап әкетілген, ал бағалы сәукеле тіпті құнды олжа саналған.

Сәукеленің түп төркіні бағзы заманнан бастау алады, мұны Есік қорғанына табылған Алтын адамның алтын жапсырмалармен көмкерілген бас киімнің пішініне ұқсастығы айғақтайды. Сәукеленің сондай-ақ Пвлодардың Ертіс жағалауындағы Жданов қорымынан табылған Х-ХІІ ғасырлардағы ауқатты әйелдердің үш бас киіміне де ұқсастығы бар. Конус пішінді бұл бас киімдердің біреуі күмістен жасалыпты.

Ал оның неліктен сәукеле аталатыны туралы бірнеше нұсқа сақталған. Соның бірін айта кетсек, жоғарыда атап өткеніміздей сәукеле ұзатылған қыздың қайын жұртына жеткенше киіп баратын бас киімі. Бұл бас киімді қыз бір-ақ рет киетін болған. Жолдың ұзақтығына байланысты үш күн не бір күн деп кесіп айта алмаймыз.

Қыз әкесі бай болса бір сәукеле үшін қырық қысырақтың құнын беріп те жасатқан. Сондықтан да бұл бас киімнің әдемілігі мен қымбаттығын қатар елестете беріңіз. Міне, осындай сәукелені қолға түсіру мақсатында жол торитын қарақшылар сол замандарда да бар еді. Ал, келінді күтіп отырған ауылдың балалары қозы көш жерден таймен күтіп алып, адамдардың, сәукеленің амандығын көріп (бұл жерде адам амандығы бірінші орында тұр, қарақшылар сәукелені ғана алып кетпеген. Шағын ғана күйеу һәм қалыңдық тобының адамдарын шығындап, кейде бәрін қырып кететін кездерде болған деседі. «Сау келеді, сау келеді» деп ауылға қарай сүйіншілей шабатын болған. Содан бұл бұйым «Сәукеле» аталыпты-мыс.