ҚАЗ RUS ENG

ҚАЗ RUS ENG

Әлем Фарида Жолдасова: Көптен күткен армандарымның бірі сәуірде орындалады

Фарида Жолдасова: Көптен күткен армандарымның бірі сәуірде орындалады

Әлем Фарида Жолдасова: Көптен күткен армандарымның бірі сәуірде орындалады

Фарида Жолдасова: Көптен күткен армандарымның бірі сәуірде орындалады

Кішкентайынан сахнаға шығып, әнсүйер көпшіліктің алғысына бөленген Фарида Жолдасова есімді өнерлі аруды білмейтін қазақ кемде-кем. Оны көрермен белгілі композитор, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ эстрадасының алғашқы жұлдыздарының бірі Ұлықпан Жолдасовтың қызы ретінде де таниды. Фаридамен әңгімеміз де өнер тақырыбынан ауытқыған жоқ, саладағы соңғы жаңалықтарды сөз еттік.

– Сәлем, Фарида! dimashnews.com сайтының редакциясына қош келдіңіз! Димаштың есімімен осындай жоба қолға алынғанынан хабардар боларсыз?

– Сәлем, рақмет! Димаш досымның атымен әлемге үш тілде ақпарат тарататын ғаламтор көзінің іске қосылғанын естігенмін. Осы сайт тілшісіне алғашқылардың бірі болып сұқбат беріп отырғаныма өте қуаныштымын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар осы сәтті пайдаланып, Димашты және барша ұжым мүшелерін көптен күткен, жоспарлаған жобаларының іске асуымен құтттықтаймын! Оқырмандарыңызға жеткізер жағымды жаңалықтарыңыз таусылмасын! Жалпы, Димаштың әрбір жетістігі мен үшін, менің отбасым үшін үлкен қуаныш. Сондықтан шығармашылық жұмыстарыңызға тек сәттілік тілеймін!

– Рақмет! Біздің білуімізше, сіздің де оқырманмен бөлісетін жаңалықтарыңыз аз емес көрінеді. Алдағы болатын жеке шығармашылық кешіңіз жайында толығырақ айта отырсаңыз…

– Ия, биылғы жыл мен үшін өте жақсы басталды. Көптен бері көкейімде жүрген армандарымның бірі дәл осы 2020 жылы орындалмақ. Бұйыртса, 23 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласының төрінде орын тепкен «Қазақстан» орталық концерт залында жеке кешім өтеді. Бұл – менің өнер жолымдағы екінші үлкен жеке концертім. Алғашқысын небәрі он үш жасымда ұйымдастырған болатынбыз. Яғни, 2007 жылы сәуір айында елордамызда кішкентай Фариданың «Бала тілегі» концерті қойылған болса, міне, араға он үш жыл салып «Мен жайлы…» деп аталатын кешім өткелі жатыр. Ал бұл концертті ұйымдастыруға атсалысып, маған қолдау көрсетіп жатқан – Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармасы. Бұл ұжымға да шексіз алғысымды білдіргім келеді.

– Концерттің «Мен жайлы…» деп аталуының сыры неде? Әлде, сол кеште сіз туралы бір құпия ашыла ма?

– (Күліп) Бәрі де мүмкін! Жалпы Фарида Жолдасова десе бәрінің есіне қуыршағын құшақтап, былдырлап ән салып жүрген менің бала күнім түсетіні анық. Мені әлі де сол образда елестететіндер аз емес. Дегенмен, одан бері біраз уақыт өтті. Бойжеттім, бала Фаридадан енді әнім де, сәнім де бөлек. Бірақ мен көрермен алдына жиі шыға бермейтіндігімнен, көпшілік те мен жайында толық хабардар емес. Сондықтан осы кешімді тыңдармандарыма өзімді жақынырақ таныстыруға арнасам деймін. Яғни, концертке келген көрермен келмегендерге қарағанда «мен жайлы» көбірек білетін болады, репертуарымда да дәл осылай аталатын әнім бар.

 

– Шынында өзіңіз айтып өткендей, сахналардан, жалпы БАҚ-тан жиі көріне бермейсіз. Мұның себебі бар ма?

– Қазір көрерменге жақын болудың жолы көп. Хайп жасап та танылып, күнде эфирде жүруге болады. Бірақ менің ата-анамның берген тәрбиесі – ең бірінші өнерді сыйлау, бағалау, көрерменді құрметтеу. Сондықтан менің басты мақсатым күнде телеарнадан жылтылдап, жыл сайын концерт беру емес. Мен өнеріме, тыңдарманыма адал болуды қалаймын. Аз болса да жанкүйерлерімнің көңілінен шығатын, өзімнің жасыма сай жақсы әндер жазуды мұрат тұтамын. Тіпті, осы уақытқа дейін арналардың біріне көлемді жеке сұхбат беріп көрмеген екенмін. Әкеммен бірге сұқбат берген немесе отбасымызға арналған бағдарламаларға қатысқан кездерім көп. Бірақ жеке басыма тоқталатын арнайы бағдарлама болған жоқ. Десе де әртүрлі телеарналардан, БАҚ-тан шақыртулар өте көп. Оған өзімнің аса құмарлығым да, құлқым да жоқ.

– Ал дәл қазіргі таңда қандай іспен айналысып жүрсіз?

– Біз Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударғалы екі жылдың жүзі болды. Өзім Маңғыстау облысының Ақтау қаласында туғаныммен, бала кезімнен Алатаудың баурайындағы әсем қала – Алматыда өскенмін. Екі қаланың айырмашылығы өте көп.Тіпті ауарайы да өзгеше. Алматының жаймашуақ күндері шығармашылық адамдарын жиі шабыттандырады, сонымен қатар жаныңызға жайлылық сыйлап, кейде жалқауландырып қоятыны да бар. Ал астанамыздың қатал қысы тұрғындарын пысықтау болуға үйретіп, ширатады екен. Талапшыл, қатал ұстаз секілді. Әнін айтып, асықпай аяңдап келе жатқан маған бас қаламызға үйренісуге біршама уақыт қажет болды. Бұл шаһарға енді сіңісе бастаған сияқтымын. Қысқаша айтқанда, адаптация жүрді менде. Сондықтан өз шығармашылығыма көңіл бөліп, өзімді дамыту үстіндемін. Оқыған мамандығым бойынша да вокалдан жеке сабақ беруді қолға алып жатырмын.

– Фарида Ұлықпанқызы, алда өтетін концертіңізге қайта оралсақ, ән кешіңізде тағы қандай жаңалықтар болады? Он үш жылдан кейінгі басқосуда көрерменді таңқалдыратын шығарсыз?

– Әр кеш өзінше ерекше болады ғой. Дегенмен, мен шоу жасауға тырыспаймын. Себебі, бұл нағыз өнердің кеші. Келген көрермен ән тыңдап, рухани ләззат алып, күйбең тірліктен бір сәт ми тынықтыруы керек. Сол үшін де барымды салып дайындалудамын. Менің әндерімді тыңдап балалық шағын еске алатын замандастарым көп. Сол қатарластарым тағы да оралмас шаққа бір сапар шексе деп дайындап жатқан тосынсыйым да жоқ емес. Он шақты жыл бұрын өнердегі ағаларыммен бірге салған әндерім бар, сол дуэттерді де жаңалап жатырмыз. Барлық қызықты қазір айтып қойсам тағы болмайды. Жалпы, кешіме келген қонақтар ән қанатында қалықтап, бір серпіліп қайтса деген ниеттемін. Қалғанына сол кеште куә боларсыздар.

– Әкеңізден дарыған композиторлық қабілетіңіздің бар екенін білеміз. Кеште авторлық әндеріңіз шырқала ма?

– Әрине! Ән жазатын аз-маз қабілетім бар екені рас. Дегенмен, мен бұл салаға беріліп бет бұрып, әкем сияқты қолға алған емеспін, яғни кәсіби маманмын деп айта алмаймын. Әндерімнің көбі бала кезімде жазылған. Соның ішінде мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаеваның репертуарында авторлық бір әнім бар. Бұйыртса, Алтынай әпкем құрметті қонақ болып, ол әнді міндетті түрді шырқайды. Өзге әндерімді бұрын өзім орындағанмын. Бірақ бұл жолы кейбірін талантты іні-сіңлілерім айтса деп отырмын. Ал өзім авторлық туындыларымнан гөрі, тыңдарман жүрегінен орын алған ескі әндерімді, «МузАРТ»,» Заман» топтары, Төреғали Төреәлі, Иса Әлимұса сынды өнердегі аға әріптестеріммен бірге шырқаған дуэттерімді, әлі сиясы кеппеген жаңа әндерді орындайтын боламын. Себебі, көбісі шынында да сәтті шыққан дүниелер деп ойлаймын. Мысалы музарттық ағаларыммен орындаған әндерім 15 жылдай уақыт өтсе де, әлі тыңдарман сұранысына ие. Төреғалимен бірге жазған «Қыдырып қайтайық», «Тамшылар» әндерімен біз бірге еліміздің барлық өңірін аралағаннан бөлек, сонау Германияға дейін барып қайттық. Иса Әлимұса, «Заман» тобымен айтқан әндеріміз музыкалық бәйгелерде бір емес, бірнеше рет топ жарып, «Жыл әні» атанды. Сонысымен де бұл туындылар мен үшін ерекше, тыңдарманға да ыстық деген пікірдемін. Ал бұдан бөлек, жаңа әрі көрермен күтпеген ерекше бір дуэт болады. Оны сол кеште көресіздер.

– Концертіңіз өте ерекше әрі сәтті өтетініне сенімдіміз және соған тілектеспіз! Өнердегі миссияңыз айқын, ал өмірдегі мақсатыңыз қандай?

– «Адам боп келдім өмірге, адам боп өту – тілегім…» деп Жәнібек Кәрменов атамыз айтқандай, әрине ең басты арманым сол – адам боп қалу. Маған өмірде де, өнерде де қолдау көрсетіп, әрбір қадамыма тілекші болып келе жатқан ата-анам ғой. Сол кісілердің жүзін төмен қаратпасам деймін және ел алдында жүрген соң өзімнен кейінгі сіңлілеріме кішкене болса да үлгі бола алсам…
Жалпы, біреуге ақыл айтудан аулақпын. Қолымнан келгенше ісіммен үлгі болғым келеді. Соның бір кішкентай көрінісі – сахнадағы киім үлгім. Мұны мақтану үшін айтып отырғаным жоқ. Қазіргі қоғамда бұл ашық-шашық киіну мәселесі тек мені ғана емес, көпті алаңдатып жүргені рас. Сондықтан да мен ашық-шашық киінбей-ақ өз орныңда табуға болатынын, шешінбей-ақ талантыңмен өзгелерді мойындата алатынымызды көрсеткім келеді. Менің киім үлгім де кейбіреулерге ұнамауы мүмкін. Бірақ ең бастысы абыройым асқақ. Міне, осындай өзіме сай арман-мақсаттарым бар.

– Тағы бір арманыңызды ұмытқан сияқтысыз, қыз баласына қатысты…

– Ойыңызды түсіндім, ақ көйлек кию барлық қыздың арманы. Бірақ оның қай күні орындалатынын біз білмейміз ғой. Егер ойымдағы бозбала кездессе, отау құруға ниеттімін деп айтар едім. Ал біз – билігі болашақ азаматына берілген нәзік жаратылыспыз. Сондықтан бәрін уақыт көрсетеді.

– Ал бос уақытыңызды қалай өткізгенді ұнатасыз?

– Менің негізгі жұмысым – ән айту, қосыша жұмысым да ән айту және хоббиым да ән айту. Сондықтан бос уақытымда да ән айтамын. Одан бөлек, кино көргенді өте жақсы көремін.

– Ендеше, ән айтудан шаршамаңыз. Кешіңіздің керемет өтуіне тілектеспіз!

Соңғы жаңалықтар

QSANDYQ: қазақ музыкасын, дәстүрлері мен бүгінгі жаңа буын ұрпақты байланыстыратын Платформа

QSANDYQ - Қазақстанның мәдени дәстүрлерін бүгінгі цифрлық дәуірге көшіріп, заманауиландыратын бірегей жоба. Қосымшаны жасаушы өнертапқыш Бейбітжан Муслим қазақ музыкасын...

Димаш франциялық БАҚ беттерінде

Француздық Planète Paix журналының 2024 жылғы 23 қыркүйектегі соңғы санында Димаш Құдайберген туралы мақала жарық көрді. Planète Paix – дүниежүзіндегі...

Димаш Құдайберген Almaty Open ATP 250 рәсімінің ашылу салтанатына қатысады

2024 жылдың 13 қазаны мен 20 қазаны аралығында Алматыда Almaty Open ATP турнирі өтеді. Бұл әлемнің 30 елінде өтіп...

SMALL&SPAR бизнес, мәдениет және Димашпен бірлескен ынтымақтастық туралы

13 және 14-қыркүйекте Астанада Димаш Құдайбергеннің жеке концерттері дүркіреп өтті. Жобаның титулдық демеушісі SMALL&SPAR желісі болды. Бүгін DimashNews редакциясы...

Димаш Құдайберген Қытайда өткен күз ортасы фестивалінде өнер көрсетті

17 қыркүйекте Қытайдың ірі телеарналары CCTV Mid-Autumn Festival Party - Қытайдағы ең маңызды мерекелердің бірі - Күз ортасы фестиваліне...