Arnau Tour: Краснодар – берекелі өлке!

2658

Димаш Құдайбергеннің еуропалық туры Краснодардан бастау алмақ. Естеріңізге сала кетейік, тур аясында 10 қалада концерт өтеді. Әртіс Прагада, Гамбургте, Мәскеуде, Ригада және басқа да еуропаның қалаларында «Арнау» бағдарламасымен өнер көрсетеді.

Краснодар өз жылнамасын 1793 жылдан бастап жүргізіп келеді. Сақталған мәліметтерге сәйкес, қала Қара теңіз казактарының атаманы Захарий Чепега бастамасымен құрған және бастапқыда бұл әскери лагерь болған.

Қала казактарға Кубаньды мырзалықпен тарту еткен әйел императордың құрметіне Екатеринодар деп аталды. Кейін, Қазан төңкерісінен соң Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, қала Краснодар деп қайта аталды.

Бұл әдемі және өзіндік шырайы бар қала. Кейде оны Екінші Париж деп жатады.  Оның себебі мұнда бастапқы көркін сақтап қалған көшелер мен үйлер көптеп ұшырасатынында болуы мүмкін.

Кубань астанасында ескі ескерткіштер аз емес. Олардың ішіндегі ең танымалдары – Заң шығармалық жиналыстың жанындағы саябақта орналасқан Екатерина II монументі, Кубань казактарына арналған ескерткіш, 1914 жылы салынған Қасиетті Екатерина кафедралды соборы. Православие дінінің өкілдері үшін Қазан Құдай Анасының иконасы және осы соборда сақталған Кубань өлкесі қамқоршысы – азап шегуші Екатеринаның мүрдесі аса құнды дүниелер. Краснодардың тағы бір көрікті жері – инженер Шуховтың рашпиль мұнарасы, әлемде мұндай мұнаралардың 30-ы ғана қалғанын атап өтпеске болмас.

Д. Фелицын атындағы Краснодар мемлекеттік тарихи-археологиялық мұражай-қорығына барып өлке тарихы туралы көбірек білуге болады, казак атаманы Барсуктың үйінен көнелік ауанын сезінгендей күй кешесіз, кітапқұмарларға Краснодар әдеби мұражайына, ал спортсүйер қауымға еліміздегі культуризм (бұлшықетті өсіріп шынықтыратын спорт түрі) тақырыбындағы жалғыз мұражай – «Самсон» мұражайына баруды ұсынамыз.

Краснодар – оңтүстіктегі қала. Климаты жайлы, жыл бойы көбінесе күн сәулесінде ойнайтын жайма-шуақты қаланың Қара және Азов деген қос теңізге жақын орналасуы өлкеге туристерді көп тартады әрі осы мекенге қоныс аударушылар да қаланы көбінесе осы қолайлылығы үшін таңдайды.

Кубань жері өте құнарлы, сондықтан Кубань жеріне көктемде еккен құрғақ шыбығыңыз күзде мол өнім береді деген ажуа бекер емес.

Бірақ мейірлі өлкенің ең басты байлығы – ол, әрине, осы өлкенің тұрғындары. Олардың кішіпейілділігі, мейірімділігі мен қонақжайлылығы туралы өлкеден қашықтағылар да хабардар. Кубань – Ресей еліндегі балалар үйлері жабылған аймақтардың бірі. Балалар үйі қажетсіздіктен жабылды, өйткені ондағы барлық бала рақымды кубандықтар жүрегінен орын тапты, тағдыр тәлкегіне ұшыраған балалар ендігіде отбасы жылуына бөленіп өсетін болды.

Міне, осыдан кейін оңтүстіктің күні жылытып қана қоймай, адамдардың жанына терең бойлайтынына, сол себепті оңтүстіктің адамдары жайдары болып келетініне сене бастайсыз.