Шашын өріп, шолпы таққан сұлу кім?

270

Өткен жылдың соңын ала Димаштың Нью-Иорктегі концерті сондай аншлагпен өткенін хабарлаған болатынбыз. Бірақ, біздің айтпағымыз бұл емес. Сол салтанатты кешке әлдебір қазақ қызы келді. Жәй ғана қыз емес, қазақ аруының үлгісі деуге лайық сұлу. Ертегінің тілімен айтқанда, «ай десе аузы, күн десе көзі бар» сұлу. Ол кім?

Қазақстандық әншінің репартерлары фотоаппарат нысанасына алған арудың сүгіреті бізді де бейжай қалдырмады. Шашын қазақы қалыппен өріп алған. Құлағында шолпысы бар, мойнына бұйтұмарлы алқа таққан. Таңдай қақтырады, сүйсіндіреді.

Бейтаныс ару әлемді аузына қаратқан қандасының кешіне кеудесін мақтаныш кернеп келді ғой деген ойға ораласыз алдымен. Қазақтың ұланының концертінде қазақтың қыздары қандай болатындығын паш ету үшін осындай сән үлігісін таңдап келген болуы әбден мүмкін. Димаштың әніне тамсанған жұрт бұл арудың да сұлулығына бас шайқағаны анық.

Бізді, әсіресе, бұл қыздың шаш өргені қуандырды. Қазір еліміздің өзінде шашын өріп, шолпы тағынған сұлуды кезіктіру қиындау.

Реті келгенде айта кеткен жөн, әр нәрсеге мән беріп қараған ойлы халқымыз қашан да сұлудың көркі – шаш, шаштың көркі – шаштеңге деп білген. Ұлт мәдениетінде әр бойжеткенді шашы мен түр-тұлғасына қарап бағалаған. Әйел шашы табиғатына қарай қолаң шаш, сүмбіл шаш деп, өріміне қарай «жалғыз бұрым», «қос бұрым» деп  бөлінеді. Ұзын әрі алтын, күміс шолпы тағынған сұлу бұрым бойжеткен көркін одан әрі аша түседі.

Ақындар оларға «Қолаң қара шашы бар жібек талды» (Абай), «Сүмбіл шаш, пісте мұрын, лағыл иек, шынардай он саусағың құлжа күйек» (Ақан) деп сұқтанған, таңданған.

Шаш күтімі оны тарау, өсіру, өрудің өзі үлкен бір тәрбие мектебі десе де болады. «Ақ үйден бір қыз шықты көзі үлкен, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген халық өлеңіндегі ғажап сурет осының бір дәлелі.