Мексикада Димаш пен жанкүйерлеріне арналған радиобағдарлама ашылды

126

Радиобағдарлама «Despierta Dear» деп аталады. Яғни, жанкүйерлер серпіл немес оян деген мағына білдіреді. Онлайн радиожелідегі хабар Мексиканың Монтеррей қаласына тарайды. Бағдарлама- Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы мен оның Dear-ларына арналған.  Жүргізушісі – өте қарапайым, десе де елді дауысымен елітіп алатын  Анхель Таварес.

Өткен жылы Анхельге досы Димаштың шығармашылығы туралы айтып, жақын таныстырады. Радио жүргізуші қазақстандық орындаушыны алғаш естігенде, оның вокалдық шеберлігіне таңдай қақты. Ол туралы іздене бастайды. Алайда испан тілінде Димаш Құдайберген туралы ақпарат аз, жанкүйерлер көп. Сондықтан Латын Америкасында  Димаштың шығармашылығын  таныту үшін  Анхель Тавареске бірден радиобағдарлама ашу идеясы келеді.

Бұл кезде Анхель мексикалық «Actitud FM» радиостанциясында еңбек етіп жүрді.  Өзінің басшысы Дон Хесус Овьедоға қазақстандық өнерпаздың шығармашылығы туралы айтып, ол туралы бағдарлама ашу ойын жеткізеді. Дон бұл идеяны құптағанымен күмәнмен қарайды. Бірақ Таварес өз ойын жүзеге асырып, 2019 жылдың 14 тамызында Димашқа арнаған алғашқы бағдарламасын эфирге шығарды. Оны «Оян, Dear» деп атады.

Радиохабар  дүйсенбі мен жұма аралығында жергілікті уақытпен таңғы 6.00-де эфирге шығады. Тыңдармандар аудиториясы әр түрлі. Онлайн желі арқылы бұл бағдарламаны түрлі елдің өкілі тыңдайды. Мәселен: Перу, Эквадор, Коста-Рика, Пуэрто-Рико, Доминикана Республикасы, Чили, Уругвай, Парагвай, Испания, Аргентина, Бразилия, Мексика, Италия, Германия және АҚШ.

«Оян, Dear» радиобағдарламасында Димаштың әндері орындалады.  Сондай-ақ, Анхель оның концерті, алдағы жоспарлары туралы ақпараттармен бөліседі. Димашқа қатысты әлемде болып жатқан жаңалықтарды жеткізіп,  жанкүйерлерді түрлі шараларға белсенді атсалысуға шақырады.  Бағдарлама – испан тілінде жүргізіледі. Соңғы уақытта Анхель қазақ орындаушысының әр елдегі жанкүйерлерімен сұқбаттасу үшін ағылшын тілін де меңгеріп алды.

Таварестің радиожүргізушілі болып еңбек еткеніне 10 жыл. Сонымен қатар театрда дыбыс әртісі қызметін атқарды. Ерікті-өрт сқндіруші.

Оның көңілді мінезі, баурап алатын қасиеті Dear-ларға күні бойы көңілді күй сыйлайды. Анхельдің өзі Димаштың жанкүйерлерінің ең керемет жандар екенін айтудан жалыққан емес. Олармен байланысты көптеген естеліктер айтып отырады. Бір күні Анхельдің тамағы ауырып, бағдарлама барысында аз сөйлейді. Димаштың Dear-ларынан радиочатқа мыңдаған хат келеді. Анхелдің сауығып кетуін тілеп, тамақ ауруынан айығудың түрлі амалдарын жазыпты. Үйде емделу жолдарын жолдаған. Радиожүргізуші « Бұл Димаштың шығармашылығы арқылы тапқан жанашырларым» – деп өз ойымен бөлісті.

«Қазіргі күні «Actitud FM» радиостанциясы жоқ. Бірақ, ғаламтордың арқасында бір бағдарламамызды тоқтатқан жоқпыз. Әлі де тыңдарманмен байланыстамыз. Бұл радиохабардың бір жылдық мерейтойын да атап өттік. Күн сайын біздің елдегі Dear-лар қатары артып келеді. Біз тілдік кедергілер мен қиындыққа қарамастан бір мақсатқа жұмылған, бір бағытты ұстанған үлкен Отьбасына айналдық» – дейді  Анхель Таварес.