Басты бет Dimash World Алматыда Нұрғиса Тілендиевтің 99 жылдығына арналған шара өтті

Алматыда Нұрғиса Тілендиевтің 99 жылдығына арналған шара өтті

Сәуірдің 1-і күні Алматыдағы Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, қазақ композиторы, домбырашы әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 99 жыл толуына арналған кеш өтті.

Бас дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиевтің жетекшілігімен өткен концертке Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық ұлттық аспаптар оркестрі қатысты.

Ұлы композитордың сүйікті әндерін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері – Ұлан Кенжебеков, Нұржан Жанпейісов және халықаралық байқаулардың лауреаттары – Фархат Кубиев, Жұлдыз Байжұма, Балжан Жүнісова және Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор әртістері орындады.

Димаш пен Светлана Ермекқызы Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзухра Тілендиевтің жетекшілігімен «Отырар сазы» оркестріне ізгі тілектерін білдірді. Димаш барша әртістер мен оркестрге өнерлері мен Қазақстан мәдениетін бүкіл әлемге танытып жатқан еңбектері үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ музыкант соңғы 10 жылда Қазақстанда да, әлемнің басқа елдерінде де концерттерге көрермен ретінде бармаған екен. Ал осы жолы Димаш анасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Светлана Айтбаевамен бірге Қазақ мемлекеттік филармониясына көрермен қатысады. Керемет концерттен шабыттанған Димаш экспромт оркестрмен бірге көрермендердің қолдауымен домбырамен «Әлқисса» күйін орындады.