Басты бет Әлем Димаш «Грэмми» жүлдесін жеңіп алған тұңғыш қазақстандық әртісті құттықтады

Димаш «Грэмми» жүлдесін жеңіп алған тұңғыш қазақстандық әртісті құттықтады

«Грэмми-2021» музыкалық сыйлығының жеңімпаздары белгілі болды. Алғаш рет оның лауреаты Қазақстанның өкілі – Иманбек Зейкенов.

2019 жылы Иманбек Зейкенов жасаған SAINt JHN-нің Roses трегінің ремиксі әлемнің жетекші би диаграммаларының көш басында тұрды. 2020 жылдың қараша айында композиция «үздік ремикс» (Best Remixed Recording) санатындағы Грэмми сыйлығына ұсынылғаны белгілі болды. Нәтижесінде 63-ші Грэмми марапаттау рәсімінің нәтижелері бойынша Roses (Imanbek Remix) трегі беделді музыкалық продюсерлердің жұмысын басып озып, өз номинациясын жеңіп алды.

Қазақстанның музыка индустриясы үшін бұл марапат ерекше оқиға болды. Иманбек Грэммиді алған өз елінің алғашқы өкілі, сондай-ақ классикалық емес музыка санатында осы марапатты жеңіп алған бұрынғы КСРО-дан келген алғашқы музыкант болып табылады.

Бір қызығы, оның ремиксі танымал болғанға дейін Иманбек Павлодар облысының Ақсу қаласында темір жолда жұмыс істеген. Қазір уақытта 20 жастағы қазақстандықтың электронды музыкамен әуестенуі оның негізгі қызметіне айналды.

Иманбек түрлі елдерден құттықтаулар алуда, сонымен қатар Қазақстанда да бұл жаңалық ерекше ықыласпен қабылданды. Еліміздің Президенті әртіске өз құттықтауын жеткізген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Фейсбукте мынадай жазба жариялады:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық Иманбек Зейкеновке аса беделді Grammy музыкалық сыйлығының табыс етілуі жөніндегі жаңалықты зор қуанышпен қабылдады. Өзінің таланты мен мақсат қоя білуінің арқасында диджей Imanbek әлемдік шоу-бизнестің басты сыйлықтарының бірін иеленді. Оның шығармашылығы қазақстандық жастардың да ең биік шыңдарды бағындыра алатынын дәлелдеді. Президенттің атынан Иманбекті осы жарқын жеңісімен құттықтаймын және жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!» – деді Берік Уәли.

Сондай-ақ, Димаш Құдайберген Халықаралық деңгейде оның шығармашылығына осыншалық жоғары бағаға ие болған тұңғыш қазақстандық үшін мақтаныш сезімін білдірді.

«Алтын бауырым, үлкен жеңісің құтты болсын! Өз талантыңмен біздің халқымыздың мәртебесін көтеріп тастадың!!! Бүгінгі бұл жұлдызды сәтің әлі талай ұзақ жылдар бойы сені алға жетелей берсін! Нағыз қазақтың DJ, ән өңдеушісі болса сендей-ақ болсын! Шаршама, талма, самға! Жарайсың!»

Иманбек Зейкеновтің жеңісін белгілі ресейлік медиаменеджер Арман Давлетьяров та атап өтті:

«Шын жүректен Грэмми алуыңмен құттықтаймын! Бұл Қазақстан үшін тарихи сәт! Сен жарадың! Бұндай жетістікке жету кез келген музыканттың арманы, ал сен оған 20 жасыңда жеттің, осы бетіңнен тайма! Сенің жеңісіңе шын жүректен қуаныштымын!»

Атақты француз продюсері және диджей Дэвид Гетта инстаграмда Иманбек туралы жариялымға «Well Deserved» («лайықты») деген пікір қалдырған. Қазақстандық әртіс онымен кәсіби ынтымақтастықты бастап кеткені белгілі.

SAINt JHN – Roses (Imanbek Remix)

***

DimashNews редакциясы да барлық құттықтауларға қосылады. Иманбек Зейкеновтің жеңісі – қазақстандықтардың әлемдік музыка индустриясындағы жетістіктерінің үлкен тарихи бастамасы екеніне сенімді!