Басты бет Арнайы жоба Димаш Латвияда жанкүйерлеріне латыш тілінде алғысын білдірді

Димаш Латвияда жанкүйерлеріне латыш тілінде алғысын білдірді

Димаш Құдайбергеннің Рига қаласындағы «Arnau Tour» әлемдік туры аясындағы кезекті концерті аяқталды. Бұл жолы концерт тек қайрат пен жігерге ғана толы болған жоқ, сонымен бірге таза әрі жайлы атмосферада өтті.

Әнші өзінің жанкүйерлерімен көп сөйлесті, пікір алмасты. Өз өміріндегі қызықты оқиғаларын баяндап, қалжыңдарын да ортаға салды. Жанкүйерлер өздерінің ең жақын досымен әңгімелескендей болды. Димаштың жанкүйерлеріне деген мұндай сенімі көпшіліктің сезімін толқытып, көңілдерінде керемет әсер қалдырды.

Сондай-ақ, әнші өзі орындаған барлық қазақ әндерін әкесі, қоғам қайраткері және музыкант Қанат Айтбаевпен бірге шырқап, ұлттық аспабымыз –  домбырамен сүйемелдеді.

Концерт соңында Димаш жанкүйерлерге осындай жылы қабылдауы мен айрықша қошеметі үшін алғыс айтты. Шара барысында залдағы бүкіл көрермен «Рига Арена» стадионының ішін өзгеше күйге бөлеп, орындаушымен бірге қазақ тілінде ән шырқады.

Димаш Латвиядағы концертіне жиналған жанкүйерлерінің ыстық ықластарына ризашылығын танытып, «Мен сендерді жақсы көремін! Сендер барда өнер де бар», деп латыш тілінде алғысын жеткізді.