Қазақстандық өнерпаз Димаш Құдайбергеннің Испаниядағы жанкүйерлері әншінің шығармашылығына және оның халықаралық аудиториясының феноменіне арналған деректі фильм түсіру жұмысын аяқтады.
Жоба испаниялық фан-клуб пен Gran Voz Kazaja қауымдастығының қатысуымен жүзеге асырылды. Фильмді әзірлеу жұмыстары 2024 жылдың қазан айынан бастап, шамамен екі жылға созылған. Деректі туындының премьерасы 2026 жылдың 30 мамырына жоспарланған. Фильм Мадрид қаласының Орталеса ауданындағы Palacio de Hielo кинотеатрында өтеді.

Деректі фильмнің негізіне 20 сағаттан астам бейнематериал енгізілген. Оның ішінде архивтік жазбалар, фотосуреттер және сұхбаттар бар. Ерекше назар бес жанкүйердің оқиғасына аударылған: олар өздерінің жеке әсерлерімен бөлісіп, өнерпазбен байланысы туралы баяндайды. Жоба авторлары Димаш Құдайбергеннің тұлғалық ауқымын ғана емес, сондай-ақ әнші мен оның халықаралық аудиториясы арасындағы өзара байланыстың тереңдігін де көрсетуге ұмтылған.

Фильм түсірушілердің айтуынша, жобаның басты мақсаты – әншінің шығармашылығын одан әрі насихаттап, оның өнерін Қазақстаннан тыс жерлерде кеңінен таныту.
Деректі фильмнің режиссері, түсірілім мен монтаж жұмыстарына жауапты испаниялық автор Давид Кольянтес Родригес болды.