2 сәуір күні Voice Beyond Horizon шоуы аясында Димаш өзінің авторлық «Living for the game» композициясын таныстырды. Жоба үшін арнайы жазылған ән ағылшын және қытай тілдерінде орындалды. 2025 жылдың күзінде Алматыда эпизодтар жазылып болғаннан кейін, Димаш жаңа туындыны Нью-Йорк, Мехико, Барселона, Лондон, Берлин және Рига қалаларындағы жеке концерттерінде орындады.
DimashNews редакциясы Димаштың бірнеше әнінің жазылуына септігі тиген, қазақстандық өнерпаздың жанкүйерлеріне жақсы таныс қосавторлар – Кэндис Кэлли және Дмитро Гордонмен сұхбаттасты.
КЭНДИС КЭЛЛИ – МӘТІН АВТОРЫ
Димаштың жанкүйерлері өзіңіз сөзін жазған екі туындыны бұрыннан біледі. Айтыңызшы, «Living for the game» әні басқа туындылармен несімен ерекшеленеді?
— Мен бұл әнді қысқаша «The Game» деп атағанды ұнатамын. Оның вайбы «When I’ve Got You» әнімен салыстырғанда мүлде бөлек, бірақ мәтін мазмұны жағынан «Smoke» туындысына көбірек ұқсайды. Екі ән де бірдей «бойдақтың, еркін жігіттің көңіл күйін» жеткізеді, ондай адамды ешкім бағындыра алмайды.
Димаш Сізге мәтіннің мағынасына қатысты нақты тапсырма берді ме, әлде сізде шығармашылық еркіндік болды ма? Жұмыс процесі жалпы қалай өтті?
— Димаш үнемі маған кеңпейілдік танытып, еркін жазуыма мүмкіндік береді. Меніңше, ол менің оның артист ретіндегі жалпы бейнесін дұрыс жеткізе алатыныма сенеді. Димаш пен Дмитро трек жұмысын ерекше ықыласпен және айқын мелодиялық желіден бастады, ал мен осының бәрін мәтін арқылы біртұтастандырдым.
Сіздің өзіңіз үшін өмір – ойын ба, әлде әннің мәтіні сіздің жеке дүниетанымыңыздың көрінісін көрсете алмай ма?
— Өз басым өмірді ойын деп ойламаймын… егер сіз біреудің ойынына айналып кетпесеңіз ғана (күледі).
ДМИТРО ГОРДОН – ПРОДЮСЕР, КОМПОЗИТОР, АРАНЖИРОВЩИК
«Living for the game» – Димашпен бірге жұмыс істеген әндердің ішіндегі ең позитивті энергияға толысы сияқты. Сіз бұл туындыны қай жанрға жатқызар едіңіз? Ол өзге жұмыстардан несімен ерекшеленеді?
— Бұрынғы әндер сияқты бұл шығарма да бірнеше жанрдың қосындысы. Ең басынан-ақ біз Димаш екеуміз бір ғана жанрмен шектелмейміз деп шештік. Меніңше, бұл – фанк, рок және поп музыкасының араласқан түрі. Дегенмен бастапқыда ән k-pop стилінде ойластырылған еді.
Алайда жұмыс барысында, әсіресе Димаш қайырманың әуенін жазғаннан кейін, бәрі өзгерді… Ән k-pop-қа жақын куплеттен басталды, бірақ қайырма жазылған соң бізде аздаған кідіріс болды. Сол кезде Димаш қайырманы k-pop-қа сәйкес етіп қайта жазуды ұсынды. Ал мен ондай драйвы бар қайырманы өзгерту күнә деп айттым. Соңында біз куплет пен қайырманы формада қалдырып, ал қайырмада аздап рок элементі болсын деген шешімге келдік. Нәтижесінде соңғы қайырмада мен барабандарды ауырлата түсіп едім, сонда дыбысталуы одан сайын рок стиліне жақындады.
Бұл әннің ерекшелігі неде? Расымен де, ол энергияға толы, хит болуға лайық. Әуені де, Кэндис жазған мәтіні де тез есте қалады. Жалпы алғанда, бұл ән – нағыз мереке дер едім.
Аранжировка құпияларымен бөліссеңіз: қандай аспаптар мен тәсілдер қолданылды және не себепті?
— Бәрі бас линиядан басталды, ән сол бас желісінен өрбіді. Жұмысқа кіріспес бұрын мен АҚШ нарығындағы ең танымал әндерде қандай үрдістер барын зерттедім және бір танысыммен сөйлестім. Ол Америкада айқын бас желісі бар әндер әрдайым сұраныста болатынын айтты. Мен мұны Димашқа айтып, жұмысты бас партиясынан бастауға ұсыныс жасадым. Қалған аспаптар осы вокал мен бас желісінің айналасында қалыптасты.
Электр бас-гитара, акустикалық барабандар, түрлі перкуссиялар қолданылды. Сонымен қатар «цок» деп аталатын дыбыстар да пайдаланылды: оларды вокалист өзі орындайды. Бұл – Димаш демо вокал партиясын жазу кезінде импровизация жасаған элементтер еді. Олар сол жерде жазылып алынып, композицияның белгілі бір тұстарында естіледі. Бұған қоса электр гитаралар, синтезаторлар, фондық хор және мыс үрмелі аспаптар қолданылды.
Әнмен жұмыс істеген кезде оқиғаның кинематографиялық бейнесін елестетесіз бе? Нью-Йорктегі концертте осы әнге түсірілген видеоны көрдіңіз бе? Ол сіздің ойыңыздағы сюжетпен сәйкес келді ме?
— Әнді жазу барысында менде нақты визуалды образдар болған жоқ, мен көбіне абстрактілі түрде жұмыс істедім. Себебі мелодияның өзі жарқын болғаны сонша, барлық дүниенің орнын толтырып тұрды.
Нәтижесінде видео әннің атмосферасын толық жеткізіп, рухын айқындады. Жалпы көңіл күйге қайшы келмеді әрі назарды өзіне тартып әкетпеді. Маған бұл 100% табиғи үйлесім сияқты көрінді: Димаштың би тобымен жеңіл, еркін орындауы – барлығының орнын толықтырып жіберді.