Басты бет Dears «Мейірімділік әлемді өзгертеді»

«Мейірімділік әлемді өзгертеді»

Димаштың Еуразиялық фан-клубы «SOS Астана балалар ауылы» ұйымына көмек көрсету бойынша қайырымдылық акциясын өткізді.

2021 жылдың көктемінде Димаштың Еуразиялық фан-клубы барлық акцияға қатысуға ниеттілерді шақырып, игі істер марафонына бастама берді. Акция қазақстандық орындаушының туған күніне орайластырылды.

Марафон аясында ЕФК 2020 жылдың қараша айында Димаш сапармен келген «SOS Астана балалар ауылы» ұйымына көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Ауыл 20 жылдан бері «SOS Қазақстанның балалар ауылдары» Ұлттық қауымдастығының бір бөлігі ретінде жұмыс істейді.

«SOS Қазақстанның балалар ауылдары» мемлекеттік емес әлеуметтік ұйым болып табылады. 25 жылдан астам уақыт бойы ол балалардың мүдделерін, құқықтары мен қажеттіліктерін қорғап келеді. Ұйымның қамқорлық орталығында отбасысыз қалған балалар, ата-ананың қамқорлығынан айырылған, сондай-ақ жеткіліксіз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан балалар бар.

Димаштың ауылға сапарынан кейін ЕФК редакциясы ұйымның демеушілік жөніндегі үйлестірушісі Айгүл Құсайыновамен әңгімелесті. Ол Димаштың ауылға сапары барысындағы көптеген қызықты сәттермен және балалармен тілдескен кезіндегі бірегей кадрларымен бөлісті.

SOS-аналардың қамқорлығының арқасында ауылдағы балалар мен жасөспірімдер үшін сүйікті отбасында өмір сүруге және тәрбиелеуге барынша жарқын жағдайлар жасалады. Алайда, ұйым қайырымдылық бойынша жұмыс істейтіндіктен, балалар өздерінің кінәлі емес өмірлік жағдайларында көмек пен қолдауға мұқтаж.

Димаштың туған күнінің алдында ЕФК акция қорытындысын шығарды. Dears-тің «SOS Астана балалар ауылы» үшін баға жетпес қолдауының арқасында жарты миллионнан астам теңге жиналды.

Ұйым басшылығына мұндай қолдау қатты әсер етті. Өздерінің Instagram-парақшасында олар акцияға қатысушыларға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді:

«Қараша айында Димаш Құдайбергеннің елордалық ауылға келгені естеріңізде ме? Балалар кездесуден көптеген жағымды әсерлер алды, өздерінің кумирі туралы көп ақпарат білді. ⠀
Кумиріңнің қайырымдылыққа деген қызығушылығын оның жанкүйерлерімен бөлісетіні екі есе жағымды. Димаш Құдайбергеннің Еуразиялық фан-клубы танымал әншінің туған күніне орай қайырымдылық жиынын ұйымдастырды. Жанкүйерлер 550 мың теңге жинады. Барлық қатысушылар мен ұйымдастырушыларға балаларға қамқорлық көрсеткені үшін алғыс айтамыз».

«SOS Астана балалар ауылының» директоры Зәуреш Арыстанова өзінің алғыс хатында жиналған қаражат балалар үшін жазғы демалысты ұйымдастыруға бағытталатынын атап өтті.

«SOS Қазақстанның балалар ауылдары»-на көмек көрсету үшін қалай қатысуға болатыны туралы ақпаратты ұйымның сайтынан табуға болады https://www.sos-kazakhstan.kz/ru/page/kak-nam-pomoch