Басты бет Dears Латвиялық Dears Қазақстанның Латвиядағы елшісімен кездесті

Латвиялық Dears Қазақстанның Латвиядағы елшісімен кездесті

Маусым айының басында салтанатты түрде Димаштың латвиялық фан-клубының өтініші бойынша сертификатталған «Qazaqstan» рододендроны отырғызылды. Тимур Пірімбетов Dears-пен кездесіп, оларға Латвияда Қазақстанды танымал ету жолындағы үлкен жұмыстары үшін алғыс айтты.

3 маусымда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар шеңберінде Қазақстанның Ригадағы елшілігінің аумағында «Qazaqstan» рододендронының селекциялық бұтасы отырғызылды. Ол Латвия университетіндегі «Babite» рододендрондар саябағының тәжірибелік-селекциялық питомнигінде өсірілді, деп хабарлайды елшіліктің ресми сайты.

Саябақтың директоры Кристапс Кунрадс және питомниктің бас селекционері Гунита Рихстыня елшілікке рододендронның жаңа сортының тіркелгенін және атауын куәландыратын сертификат берді. Питомник басшылығы сондай-ақ Ұлыбританияның Корольдік бау-бақша қоғамына «Qazaqstan» сорты үшін ресми халықаралық сертификатты тіркеуге және алуға өтінім жіберді.

Рододендронның елшілікте салтанатты түрде отырғызылғанынан кейін Қазақстан Республикасының Латвиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Пірімбетов еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы айтып берді.

Сондай–ақ, Елші Димаш Құдайбергеннің латвиялық жанкүйерлер клубына Қазақстанды Латвияда танымал ету жолындағы үлкен жұмыстары үшін алғысын білдірді, ал биыл біздің елдеріміз үшін тағы бір маңызды оқиға – достық қарым-қатынастың орнағанына 15 жыл толуы атап өтіледі.

Елшілік пен Dimash Latvia Dears клубының өкілдері одан әрі ынтымақтастық туралы келісіп, бірқатар мерекелік іс-шараларды бірлесіп өткізуді жоспарлады.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың мамыр айының соңында «Babite» саябағында Қазақстан бұрышы ашылды. Онда жаңа «Qazaqstan» сортының алғашқы бұталары, сондай-ақ бір жыл бұрын Dimash Latvia Dears клубының өтініші бойынша сертификатталған «Dimash Qudaibergen» және «Miuaniz» сорттары отырғызылды.

«Babite» рододендрон саябағы және оның жанындағы асылдандыру станциясы – Балтық жағалауындағы жалғыз және Еуропадағы ең үлкен жер. Олар Рига мен Юрмала арасындағы әдемі жерде 12 гектар аумақта орналасқан. Саябақта осы керемет патша гүлдерінің 350-ден астам сорттары өседі. Саябаққа жыл сайын 35 мыңнан астам адам келеді.