Аселина Батыр құрақ көрпе жасайтын қолөнерші ғана емес, ол рух пен күрестің және қайта жаңғырудың символы. Аурудың азабын бастан өткеріп, мойымауға қайрат тапқан Аселина құрақ өнерін ұлттық салт-дәстүрді сақтаудың, мыңдаған әйелдерді шабыттандыратын қуатты құралға айналдырды.
Құрақ – қазақтың дәстүрлі нақыштағы оюлардан, өрнектерден құралған қолөнер. Мұнда әрбір матаның әр бөлігі ерекше мәнге ие, ал өрнектер саулықты, қорғаныс және ұрпақтар арасындағы байланысты білдіреді. Бұл жай ғана қолөнер емес, маталар мен тігістер арқылы ұлт тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін мәдени тіл.
DimashNews редакциясына берген сұхбатында Аселина өзінің жүріп өткен жолы, құрақтың оның өміріндегі мәні мен алдына қойған мақсаттары туралы айтып берді.
Аселина, өзіңіз туралы қысқаша айтып беріңізші. Қай жерде дүниеге келдіңіз, балалық шағыңыз қалай өтті және қазіргі жұмысыңызға нендей нәрсе жетеледі?
Мен өзімді үш ауыз сөзбен сипаттайтын болсам, мен – құрақ көрпенің шебері, блогер және біраз әншімін дер едім. Мен осы көне дәстүрді қазіргі мәдениетте бейнелейтін құрақ көрпе туралы ән айтқан тұңғыш қызбын.
Мен Жамбыл облысына қарасты Жаңатас қаласында дүниеге келдім, бірақ онда көп тұрған жоқпын. Одан кейін отбасымыз Шымкентке, кейін Қарағандыға көшіп келді. Дәл осы қалада, Қарағандыда, мен Астанаға көшіп келгенше жастық шағымды өткіздім, ал тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуіммен бірге ұзақ дипломатиялық сапарға шықтым.
Менің күйеуім дипломат және Греция азаматы, сондықтан біздің өміріміз нағыз көшпенді қазақтардың тұрмысына айналды. Біз Америкада үш жыл, кейін Грекияға көштік, онда екі жыл тұрып, қазір отбасымыз Украинада үшінші жыл тұрып жатыр. Кейде мен бүкіл әлемнің азаматы болдым,- деп күліп айтамын. Әрине, бұл сөзім шындыққа жанасады. Менің балалық шағым бақытты өтті. Ата-анамның Қарағандыда шағын мата дүкені, сондай-ақ униформа тігетін шағын шеберханасы болды. Сабақтан кейін шеберханаға барып жиі көмектесетінмін, тіпті Медициналық академияның студенттеріне өзім халат тігіп беретінмін. Сол кезде мен сол кездегі кумирлеріи – Дженнифер Лопес пен Бритни Спирстен шабыт алып атақты дизайнер болуды армандадым. Мен олардың стиліне таңданып қана қоймай, олардың образын қайта жасап шығарып, өзім үшін ерекше киімдер жасайтынмын. Сондықтан да болар, мені әрқашан ерекше және батыл образдарыммен танып жататын.
Сіз қатерлі ісік ауруын жеңдіңіз. Осы қиын кезеңді қалай еңсердіңіз?
Бұл – менің өмірімдегі ең қиын кезең болды. Қатерлі ісікпен күресіп жүргенімде екі кішкентай балам болды. Мен тұңғышымды қызымды 18 жасымда босандым, оның әкесі тым ерте қайтыс болды… Екінші сәбиім ұлымды мен екінші некемде дүниеге әкелдім. Ауруым асқынған кезде мен екі баламмен жалғыз қалдым. Бұл азап пен жалғыздық және қорқынышқа толы кезең болды. Мұны қайта еске түсіру оңай емес, бірақ мен бір нәрсені айта аламын – осынау қиын кезеңде маған тек балаларым мен ата-анам күш берді.
Бірақ мені мертіктірген бір сәт болды. Химиотерапияның екінші курсында мен тозақ азабын бастан өткердім – адам төзгісіз ауырсыну, химияның қорқынышты иісі, шаштың түсуі, үнемі әлсіздік және үнемі төсекте жату. Бір кездері үмітсіздік шегіне жетіп, ең сорақы дүниелерді ойлай бастадым… Бірақ бір күні бір дана кісі маған өмірімді өзгерткен керемет сөздер айтты: «Егер сен өзіңді өлімге тапсыруға рұқсат берсең, қанша ем қабылдасаң да, ешқашан жазылмайсың, күрес ойдан басталады». Бұл сөздер маған қатты әсер етті, бірақ балаларым туралы ойлағанда одан да қатты әсерлене түстім. Мен жай ғана көзімді жұмып, өзімнің бұл өмірде жоқ екенімді, балаларымның жалғыз қалғанын елестеттім. Міне, сол сәтте менің басыма найзағай түскендей әсерде болдым. Олар үшін мені қорқынышты қорқыныш билегені сонша, мен бас тартуға құқығым жоқ екенін түсіндім. Сол күннен бастап мен қорқынышқа жол бермедім. Сауығып кететініме сендім. Мен жер бетінде ұзақ та бақытты өмір сүретініме шын сендім.
Қатерлі ісік ауруын жеңгеннен кейін сіздің өміріңізде қандай да бір өзгерістер орын алды ма екен?
Өмірім қатты өзгерді. Мен жай ғана аман қалған жоқпын, мен қайта тірілдім. Бұрынғы Аселина өткен күннің еншісінде қалды. Қазір мен Аселинамын. Сол күннен бастап мен тағдырымды қайта жазып, өзіме ант бердім: маған қалай өмір сүру керектігі туралы ешкімнің ештеңе айтуға қақысы жоқ. Қоғам да, менің отбасым да, тіпті ішімдегі қорқыныш та кедергі келтіре алмайды. Мен енді не киетініме, не айтатыныма, балаларымды қалай тәрбиелейтініме, армандарыма араласуға ешкімге қақ бермеймін. Мен өз ережелеріммен өмір сүремін, өйткені мен әр күннің қадірін білетін халге келдім. Өмір мен өлімнің арасында тұрғанда, сенің ойыңда «Артымда не қалдырамын?» деген бір ғана сұрақ тұрады. Міне, сол кезде: өмір әншейін қағаз емес екенін түсінесіз. Екінші дубль болмайды. Содан бері мен өз өмірімді тамаша бір сюжетке құрылған фильм ретінде қабылдаймын.
Неліктен дәл құрақ сіздің ойыңыздың көрінісі іспеттес туындыға айналды?
Құрақ – бұл жай ғана қолөнер емес. Бұл менің философиям, менің дауысым, сондай-ақ, ол өткенді, бүгінді және болашақты байланыстыратын ерекше тәсіл. Отанымнан жырақта Америкада жүргенде мен 80 000 теңгеге алғашқы тігін машинамды сатып алып, қазақ диаспорасына беру үшін ұлттық жастық тігуді бастадым. Бұл маған қашықтыққа қарамастан қазақтың мәдениетімен байланыстыратын ерекше тәсіл болды. Уақыт өте келе мен әр туындыға символизм мен қуат салып, толыққанды құрақ көрпе жасай бастадым. Құрақ жай ғана мата емес. Бұл менің жаным, менің өмірім, мәңгілікке із қалдырар дара жолым.
Осыған шабыттанып, құрақтың жай қолөнер емес, қазақ мәдениетінің тілі екенін, сол арқылы ата-бабаларымыз өз тарихын, құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізгені туралы әлемге паш ету үшін «Көне иненің тағдыры» атты деректі фильм түсіруді жоспарлап отырмын.
Өнімдеріңізді жасау кезінде қазақтың дәстүрлі техникасын қолданасыз ба, әлде заманауи көзқарас қосуға тырысасыз ба?
Әрине! Құрақ – ата-бабамыздың аманаты, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әрбір рәмізді, ою-өрнекті, техниканы қатты құрметтеймін.
Бірақ мен дәстүрді сақтаушы ғана болып қоймай, жаңа бағытта да жұмыс жасаймын. Бүгін мен сәнге дәстүрлі техника мен заманауи көзқарастың үйлесімі – Aselina Batyr стилін енгіземін. Бүгінгі таңда 1000-нан астам шеберлер бұл әдісті үйреніп, өз жұмыстарында қолданып та жүр.
Құрақта жиі қолданатын сүйікті ою-өрнектеріңіз бар ма? Шетел жұртшылығы өнімдеріңізге қалай қарайды?
Мен үшін Құрақ – дәстүрлер мен эмоцияларды жеткізетін символдар тілі. Әрбір өрнек өзінше ерекше: бірі түсіме енсе, бірі жұмыс жасау барысында туады.
Міне, кейбір өрнектер мен олардың мағыналары:
1. Қошқар мүйіз – амандықтың, күш-қуаттың, молшылықтың белгісі.
2. Тұмар – қорғаныш энергиясына мол бойтұмар.
3. Құс қанаты – еркіндік пен шабыттың белгісі.
4. Сынық мүйіз – беріктік пен алға ұмтылудың белгісі.
5. Торсық – жол және үздіксіз даму.
6. Үшбұрыштағы алма – ақыл, дене және рухтың тепе-теңдігі.
7. «Aselina Batyr» логотипі – шеберлік пен мәдени мұраның белгісі.
Мен үшін бабалар үні мен ұрпақтар сабақтастығын білдіретін қобыздың орны бөлек. Менің атамның өз қолымен жасаған қобызды шығармашылығыма қосу арқылы мұрамызға деген құрметімді білдіремін.
Шетел жұртшылығы қалай қабылдайтыны туралы білгіңіз келсе. Олардың таңданысында шек жоқ!
Құрақтың жай ғана жамау емес, мағынасы терең өнер екеніне жұрт таң қалысады. Оларды әрбір бұйымның сүйіспеншілікпен және егжей-тегжейлі мұқияттылықпен қолдан жасалғаны таң қалдырады. Мен шетелдерде болып, шетелдіктерге құрақ көрпе көрсеткенімде, олар құрақтың әр бөлшегі мен тігісіне қарап таң қалысып қалатын.
Және, әрине, мен оларға құрақтың мән-мағынасы, оның қазақ мәдениетіндегі рөлі туралы айтып отырамын. Құрақ көрпе – жай ғана көрпе емес, тағдырдың, ұрпақ жадысының, әйелдік қуат пен қамқорлықтың белгісі деп түсіндіремін. Қазақстанда бұл қолөнерді ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып, үйлену тойларына, баланың дүниеге келген сәтінде, маңызды оқиғаларға арнаған. Ал, құрақтағы әр оюдың қорғаныш тұмарынан бастап, қошқар мүйіздің қорғаныш белгісіне дейін өзіндік мәні бар. Осыны айтқан сайын қазақтың салт-дәстүрінің тереңдігіне жұрттың ерекше тамсанатынына көзім жетеді.
Мен өз жұмысым арқылы Қазақстанды және оның мәдениетін әлемге танытып жатырмын деп ойлаймын.
Бұған дейін «Көне иненің тағдыры» атты деректі шағын сериал түсіруді жоспарлап жүргеніңізді айттыңыз. Сол туралы айтып беріңізші.
Бұл фильм ине арқылы «тағдырын жазған» шеберлер туралы хикая. Біз әйелдердің құрақ арқылы сұлулық жасап қана қоймай, өмірдің мәнін тауып, өз ісін ашып, тәуелсіз және өзін-өзі қамтамасыз ететінін көрсетеміз.
Мен құрақ тек тар шеңбердегі дәстүр болып қана қалғанын қаламаймын. Ол туралы бүкіл әлем білгенін қалаймын. Бұл фильм жай ғана деректі фильм емес. Бұл – жұрт естуі тиіс қазақ шеберлерінің үні.
Мен үшін әсіресе, жас ұрпақтың құрақ тек әжелер жасайтын қолөнер емес екенін түсінуі маңызды. Жастарға мұнда шығармашылық пен табыс табудың әлеуеті зор екенін айтқым келеді. Менің жұмысыма енгізіп жатқан заманауи техникалар, жаңа стильдер мен үрдістер дәстүрлі қолөнердің сұлу ғана емес, сонымен қатар табысты кәсіп болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Бұл қолөнердің маңыздылығын, құндылығын қазірден бастап көрсетпесек, жаңа ұрпақ салт-дәстүрімізден айырылып қалуы мүмкін, өкінішке орай, біз сол соңғы ұрпақ болып қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан мен өзімнің барлық білімім мен тәжірибемді жастар оны ескірген өнер ретінде емес, өзін-өзі көрсету және трендтер құрудың заманауи мүмкіндігі ретінде қабылдауы үшін барынша еңбек етемін.
Егер сіз дәл қазір қиын сәттерді бастан өткеріп жатқан адамдар болса, оларға не айтар едіңіз?
Берілмеңіз. Ешқашан берілмеңіз. Бұл сәт қаншалықты қиын болып көрінсе де, бәрі өткінші.
Сізге бәрі құлдырап бара жатқандай, шығатын жол жоқтай көрінуі мүмкін. Алайда, сіз өз ойыңыздан да күштісіз. Мен ауырлық дегеннің не екенін жақсы білемін. Енді күресудің қажеті жоқ сияқты көрінгенде, шетте қалып кетудің де қандай екенін білемін. Бірақ дәл осы кезде сізде таңдау бар: сыну немесе тұрып, әрі қарай жүру. Тұрыңыз. Уақытша қиындықтың сізді басқаруына жол бермеңіз. Болашағыңызды азапқа салмаңыз. Сен бұл дүниеге берілу үшін емес, алға ұмтылу үшін келдіңіз.
Әрбір сынақ жаза емес, одан да үлкен нәрсеге дайындық. Айтарым, тек алға!