«Концертке барғым келеді, мені ештеңе тоқтата алмайды!»

1141

Музыка құдіреті– абсолютті және шексіз. Ол жүректерді тебірентіп, армандарды орындайды, мақсат сыйлап, мейірімді ете түседі және өмір сүруге құштарлығыңды оятады.

2017 жыл Киевтен шыққан Полина үшін оңайға соқпады. Оның өмірі «дейін» және «кейін» болып екіге бөлінді. Полина онкологиялық дертке шалдыққан болатын. Дәрігерлер сүт безі қатерлі ісігінің 3 сатысын анықтады.

Мұндай жаңалық, әрине, төбеден жай түсіргендей болды. Полина көпке дейін бұл хабарды қабылдай алмады, мойындағысы келмеді. «Ғажайыптар еліндегі Алиса» секілді бір тұңғиыққа шомып кеткендей әсерде болды. Мәнгілікке ұшып бара жатқандай күй кешті, қорқынышы күшейе түсті.

Осы хабардан кейін Полина іштей тұйықтала берді. Дерті туралы өзгелердің білгенін қаламады. Басқалардың аянышты көзбен қарағанын көргісі келмеді.

2017 жылы Полинаға ота жасалды. Ісікті алып тастады, одан кейін химиотерапия курсынан өтті. Күн мен түн кезектесіп, уақыт жылжып жатты, дәрінің иісі мұрынды жарып барады. Осынау қиын шақта Полинаны бір-ақ нәрсе – музыка құтқарды деуге болады.

Полина Лара Фабианның жанкүйері екен. Әншінің дауысына ғашық. Бір күні YouTube желісін кезіп жүріп, Лараның әндерін тыңдағысы келеді. Әншінің есімін тергені сол еді, ұсынылған видеолар тізімінде Димаш Құдайбергеннің есімін көзі шалады. Қызығушылық танытқан ол Димаштың әнінің алғашқы төрт шумағынан кейін-ақ ерекше сезімді бастан өткерді. Ал жанын қинаған дерті, өмірдегі басқа ауыртпалықтар Полина үшін екінші орынға ысырыла бастады.

Димаштың музыкасы мен дауысы, Полинаның айтуынша, оған жаңа өмір сыйлады. Мақсат пайда болды, музыка өмір үшін күресуге үлкен күш берді. Өмір сүруге үміт пен ниет пайда болды.

Полина проблемасы шаш етектен, алайда бойларында күш-жігер тауып жатқан көптеген диарсты танитынын жеткізді. Димаштың дауысынан қолдау тауып, әрі қарай жылжуға күш тауып жатқанын айтады.

Полина өзін сезімтал жандар қатарынан көрмейді екен. Алайда, Димаштың дауысын алғаш естігенде көз жасына ерік бергенін жасырмады. Жылағанда да еңкілдегенін еске алады.

Әсіресе, Димаштың Лондондағы концертте көзіне жас ала отырып, «S.O.S» туындысын орындаған сәті Полинаға қатты әсер етіпті. Ол Димаштың ғажап дауыс иесі ғана еме, керемет жан екенін ұғады. Полина музыка арқылы ішкі жан дүниесін көрсете алатын жанды алғаш көргенін айтады.

Димаш Полинаның ашылуына, жаңа адамдармен танысуына, төрт қабырғада отырып қалған шағында жарық әлемге шығуына көмектесті. Полина өзін дендеген дерт туралы айтқысы келмейді, өзгелерге басындағы жайтты жеткізіп, мазалағысы жоқ. Алайда, көмектесуге даяр диарстарды көргенде жанын жаралаған ауыртпалық туралы бір ақтарылып, жеңілдеуді жөн көреді.

Полинаның басындағы жайттан хабардар болған диарстар оған көмектесуге дайын тұрады. Жанашырлық танытқан жанкүйерлер науқасқа қолдау танытады. Қаншама мейірімді жанды алғаш кездестіргенде Полинаның көзінен еріксіз жас тамады. Мұның барлығы Димаштың арқасы деп біледі Полина. Әндері де әнші секілді, әлемді мейірімді етеді.

Ем аяқталатын шақта Полина жақсы хабар естуге дайын отырады, «ауруды жеңдің» деген қуанышты жаңалық болады деп үмітін үзбейді. Өкінішке қарай, дерт рецидивке ұласып, қайталанып отырады. Қанша тырысса да, еңсесі түсе бастайды. Күндердің күнінде Полина Димаштың концертпен Киевке келетіні туралы естіп, қуанғаннан төбесі көкке екі елі жетпейді. Қуанғаны сол ештеңеге қарамастан, ең болмағанда осы концертке дейін өмір сүруім керек деп шешеді.

– Димаштың музыкасы расымен өмір үшін күресуге, өмір сүруге шабыттандырады. Сондықтан мен алдыма мақсат қойдым. Өзіме «Өмір сүргім келеді, концертке барғым келеді, мені ештеңе тоқтата алмайды! Мен осы ғажап дауысты өз құлағыммен естігім келеді! Қолымнан келеді!» дедім. Құдайдан осы сәтке жеткізуді сұрадым. Міне… арманым орындалды, – дейді жүзіне күлкі үйірілген Полина.

DimashNews редакциясы Полинаны Димашты кездестірді. Әнші жанкүйеріне әнін тыңдап, жақсы көретіні үшін алғысын жеткізді. Мықты болуын тілеп, ыстық құшағына қысты.