Украинаның «ИНТЕР» телеарнасында Димаштың Киевтегі концерті көрсетіледі

997

4 шілдеде Киев уақытымен сағат 22:40-та жалпыукраиналық «ИНТЕР» телеарнасының эфирінде Димаш Құдайбергеннің 11 наурызда Киев Спорт Сарайында өткен «АРНАУ» концерті көрсетіледі. Бұл туралы «ИНТЕР» телеарнасы музыкалық және концерттік бағдарламалар студиясының жетекшісі Олег Яковлев мәлімдеді.

«Өз атымнан ғана емес, жалпы, «ИНТЕР» телеарнасының атынан айтып отырмын. Арнаның эфирінде керемет концерт пен Димаш Құдайберген секілді керемет артистің көрсетілетініне біз өте қуаныштымыз. Мен оны «Славянский базар» байқауынан жақсы білемін. Айтпақшы, аталған байқауды да біздің арна көрсеткен болатын. Сондықтан, «ИНТЕР» арнасын «Славянский базар» сахнасында алғаш ашқандардыың бірі деуге болады. Енді осы керемет артистің Украинадағы концертінің дәл біздің арнада көрсетілетіні қуантып отыр.

«ИНТЕР» телеарнасы әлемдік «АРНАУ» туры аясында Димаш Құдайбергеннің 11 наурызда Киевте өткен концертінің ақпараттық серіктесі болған еді. «ИНТЕР» көрермені барлық украиналық телевидениенің ең сенімді, тұрақты көрмермені саналады. Біз Дінмұхаммедтің промо концертіне қолдау білдіре отырып, көрерменнің көңілінен шықтық деп ойлаймын. Біздің эфирде өтіп жатқан осы жаздың керемет, қайталап айтамын, керемет концерттеріне ортақ дүние – олардың барлығы шынымен қайталанбас артистердің концерттері. Есімдері үлкен әріптермен жазылатын артистер».

Жалпыұлттық «ИНТЕР» телеарнасы Украина эфирінде 1996 жылдың 20 қазанынан бастап хабар тарата бастады. Бұл Украинадағы ең басты және рейтингі жоғары телеарналардың бірі. Арнаның жетістігі – түрлі жас шамасы мен әлеуметтік топтарды қамтитын, қалың көпшілікке арналған қызықты бағдарламаларында. «ИНТЕР» эфирінде түрлі ток-шоулар, деректі фильмдер, сонымен бірге концерттер ұсынылады.

«4 шілдеде «АРНАУ» концертін тамашалау үшін теледидарды қосатын көрерменге қызығамын. Бұл концерттің күллі Украинаны таңқалдыратынына сенімдімін», – дейді Олег Яковлев.

Киевтегі концерт, расымен де, естен кетпес сәттерімен ерекше. Сондай сәттердің бірі – Димаштың украиналықтардың зор құрметіне ие «Чернобривцi» әнін орындауы.

Димаш аңызға айналған туындыны орындауға зор жауапкершілікпен кірісті, тіпті, концерт режиссері Анна Обоянскаяның көмегімен украин тіліндегі әнде дұрыс орындауға аса мән берді. Бұл сәтті режиссер ерекше әсермен еске алады:

«Украина тілі әлемдегі әуезді тілдердің бірі саналады. Украин халқының өкілі ретінде Димаштың Киевтегі концертінде «Чорнобривці» әнін орындағанына разы болдым. Әрине, акцентіне, украин сөздерін дұрыс айтуына көмектестім. Дайындық ұзақ болмаса да, Димаш әнді өте керемет алып шықты. Димаштың арқасында, осы концерттен кейін «Чорнобривці» жер жүзіне тарап кетті».

Сонымен бірге, Киевтегі концерт продакшны түгел және толығымен украин тілінде болғанын айта кету керек. Концертті Украинаның үздік телевидение мамандары түсірді. Енді бұл түсірілім Украинаның ұлттық телеарнасында көрсетіледі.

«Димашқа мол табыс, үлкен қуаныш тілеймін, миллиондаған украиналық тыңдарманы ештеңеге қарамай, оны жақсы көріп, сапалы музыка тыңдап, әншінің тұрақты жанкүйерлері қатарын толықтыра берсін дегім келеді.

Жаңа кездесулерге, жаңа табыстар мен жаңа әндерге, жаңа хабарлар және бастысы – жаңа эмоцияларға қуаныштымын, үміт артамын, алғысым шексіз. Махаббат, қуаныш, бақыт, таңданыс және әсерлер эмоциялары толастамасын.

4 шілде. Кешке. «ИНТЕР» арнасы. Бірге көрейік», – дейді арна продюсері Олег Яковлев.