«Димашқа жақын жүрген соң, бізден де қолтаңба сұрайтындар бар»: Айқын Сейтеков гастрольдік сапардағы қызықтар туралы айтып берді

1485

Әлем сахналарында қазақстандық орындаушы Димаш Құдайберген қасиетті қара домбырасын тастаған емес. Сонау Қытайдағы «I am Singer» байқауында қос ішекті аспапта «Адай» күйін орындаған ол қалың көпшіліктің делебесін қоздырып, қазақтың ұлттық аспабын дүние жүзіне танытып келеді. Бүгінде Димаштың командасындағы домбырашылардың өзі бір қауым. Қоңыр үнді аспаптарын арқалап, он мыңдаған көрерменнің алдында өнер көрсетіп жүрген инструменталистердің бірімен шағып сұхбат құрғанбыз. Айқын Сейтеков өзінің алғашқы аспабы, Димашпен бірге гастрольдік сапардағы қызықтары туралы айтып берді.

Айқын, алдымен өзіңмен жақын танысып алайық, кімсің, қайда дүниеге келдің, жасың нешеде?

Димаштың командасында домбырашымын, есімім – Сейтеков Айқын. 1991 жылы 20 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келдім. 6 жасымда отбасы жағдайымен Ақтөбе қаласына көшіп бардым. Сол жақта 1 класқа барып, колледж бітіргенше тұрдым.

– Ал, домбыраға қызығушылығың қашан және қалай оянды?

– 1 класқа барғанымда мектепте домбыра пәні болды. Домбырамен 7 жасымда таныстым. Оған дейін домбыраға қатты қызығушылығым болған  жоқ, сабаққа да аса құлшыныспен қатыспадым. 3 класта анам өзіме жеке домбыра алып берді. Содан бастап үйде нағашы ағам домбырамен ән айтып, күй тартып отыратын. Менің де домбыраға қызығушылығым ояна бастады. Ағам өзінің білген ән-күйлерін маған үйрете бастады, мен оны бірден қағып алатынмын. Сабақта үйренгенімді үйге келіп тартып берем. Солай менің кішігірім шығармашылық жолым басталды.

– Оқыған оқу орындарың туралы айтып өтсең…

Ақтөбе қаласында № 6 мектепте оқыдым. Орта мектеппен қатар 5 класымда арнайы музыкалық мектепке барып Дариға Қонашқызы деген керемет ұстаздың сыныбына түстім, бірінші рет нота үйреніп, музыкалық сауатымды ашып, жалпы музыкаға деген көзқарасым өзгере бастады. Ұстазым маған шабыт беріп, облыстық, қалалық байқауларға қатыстыратын. Димашты да алғаш рет сол байқаулардан, қаладағы мерекелік іс-шаралардан көретінмін, бірақ ол кезде бір-бірімізді танымаймыз. Кейін мектеп бітіріп А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжге Нұриддин Омаровтың курсына оқуға түстім. Димашпен алғаш сол кезде таныстым.

Домбыра аспабында ойнауды бірден игердің бе?

Домбыраны жоғарыда айтып кеткендей, алғаш рет 7 жасымда үйрене бастадым, кейін 13 жасымда қолым сынып, домбыраны қойып кеткенмін, бірақ бәрібір қызығушылығым жібермей, қайта қолға алдым. Сосын музыкалық мектеп, колледж, университетте білім алуды жалғастырып, осы өнер жолында келе жатырмын.

– Әр музыканттың алғашқы музыкалық аспабы болатын шығар. Ең бірінші домбыраң туралы не айтасың? Қазір де сол домбыра ма, әлде ауыстырып үлгердің бе?

– Ең алғашқы домбырамды 9 жасымда анам Алматыдан арнайы әкеліп берген. Жаңғақ ағашынан жасалған дыбысы жақсы, әдемі домбыра болатын. Класта ең ерекше менің домбырам болған, ойнай бергім келетін. Мүмкін сол шабыт беріп, осы жолға түсуіме себеп болған шығар. Кейін ол домбырам сынып қалып, колледж бітіргенше арзан, жай домбыралармен жүре беретінмін. Сосын Астанада оқуды жалғастыратын болған соң, жақсы домбыра іздей бастадым. Аты шыққан шеберлерде өте қымбат болды. Содан бір күні тойда әркімнің домбырасымен өнер көрсетіп жүріп, өнер әлеміне белгілі домбырашы Асылбек Кенегесовті кездестіріп қалдым, қолында домбырасы бар екен. Мен бірден сол домбыраны ойнап көріп, қызығып кеттім. Бірақ сатпаймын деді. Кейін оқуға тапсырған соң, сол ағайыма телефон соғып «домбыра жөнінде ойланып көрмедіңіз бе» деп мазалай бердім. Бір күні өзі хабарласып, оқуға түсуіммен құттықтап, «домбыраңды салып жіберейін, күтіп ал, өзің қалаған бағаңа ала бер, саған бір естелігім болсын» деді. Содан ол домбыраның маған бұйырғанына қуанып, рахметімді айтып,қымбат домбыраны өте арзан бағаға алып қалғанмын. Әлі күнге дейін сол домбырамен жүрмін. Біраз адам қымбат бағаға сатып алғысы келіп сұраған. Ешкімге бермедім, және ондай жақсы домбыраны әлі кездестірмедім. Азат Үзенбаев деген шебердің қолынан шыққан домбыра.

Тағы қандай музыкалық аспапта ойнайсың? Сүйікті аспабың не?

Домбыраға ұқсас шертер, барбыт аспаптарында және дауылпаз, шаңқобыз, фортепианода аздап ойнаймын. Сүйікті аспабым, әрине, домбыра.

– Димашпен үлкен сахналарға шығып жүрсің. Жалпы, оның командасына қалай іліктің?

– 2018 жылы Димаштың Еуропадағы ең алғаш туры, Лондон қаласындағы концерттен бастап командаға келдім. Осындай әлемдік деңгейде бірге өнер көрсетуге ұсыныс білдіріп, мүмкіндік сыйлаған Димаш бауырыма және ата-анасына, саундпродюсер Ерлан Бекчуринге алғысымды айтқым келеді.

Димашпен ең алғашқы концерт есіңде ме? Жалпы, қандай концерт есіңде қалды? Несімен есіңде қалды?

Димашпен барған барлық концерт есімде. Есімде қалатын себебі – домбырашы ретінде бұрын-соңды 10, 20, 40 мың адамдық стадиондарға шығып көрмеген адам үшін ондай жерде өнер көрсету өте үлкен жауапкершілік сезіндіреді және ұмытылмастай әсер қалдырады.

Шағын сахналарда өнер көрсеттің, әлемдік деңгейдегі концерттерде өнер көрсетіп жүрсің. Шыныңды айтшы, толқисың ба?

– Әр өнер адамы сахнаға толқып шығады деп ойлаймын, әсіресе стадиондарға шыққанда. Толқу – ол жауапкершіліктен ғой. Кейін халықтың ыстық ықыласын, қошеметін көрген соң, бәрі басылып өзіңді еркін ұстай бастайсың. Қазір үлкен сахнаға біраз үйреніп келе жатырмыз ғой. Әлі де үйренеріміз көп.

Гастрольдік сапарларда естен кетпес қызықты жайттар болып тұратын шығар…

Гастрольде қызықты жайттар өте көп болады ғой. Бәрін айта берсең уақыт жетпейді. Бір қызық айта кетейін, 2019 жылы Мәскеудегі 2 күндік концерт біткен соң командадағы 4 жігіт болып, қонақ үйіне дейін қаланы аралап жаяу барайық деп шыққанбыз. Кремль сарайының алдында толып тұрған Димаштың фанаттары бізді ұстап алып жібермей қойған. Бәрі бізбен суретке түсіп, бізді құшақтап «вы же приближенные Димаша» деп, кезекке тұрып, қолтаңба алып, қызық болған. Бұрын ондайды көрмегенбіз ғой. Сол кезде бірінші рет бірнеше адамға қолтаңба бергенмін.

– Музыкант болған соң, сазгерлік қырың да бар шығар…

– Сазгерлік қабілет, менің ойымша, әрбір музыкантта болады. Біреуге ерте, біреуге кеш келуі мүмкін. Бірақ әр музыкант өзінше бір сазгер ғой. Қазіргі кезде шамамыз келгенше, шабытқа байланысты аздап шығарма жазып жүрміз.

Әріптестерің туралы айтып берші…

Әріптестермен қарым-қатынасымыз жақсы, әрқайсысы өз ісінің маманы, өз жұмысын жақсы білетін музыканттар. Димаштың жобасынан тыс өзіміз де бөлек Nomad деген топпыз.

Ол қандай жоба? Білейік…

Бұл жобаны 2013 жылы университетте оқып жүргенде құрған болатынбыз. Топтың жетекшісі осы құрамдағы қобызшы Олжас Құрманбек. Оқу бітірген соң да топ жұмысын жалғастырып келеді. Арасында топтың құрамы ауысқан жағдайларда біраз уақыт үзілістер болып тұрды. Топ этно-фольклорлық бағытта бастаған, кейін заман талабына сай бағытымызда біраз өзгеріс енгізіп жатырмыз. Топпен біраз мемлекеттік іс-шараларда, Елбасының алдында да өнер көрсеттік, бірнеше елге фестиваль, байқауларға гастрольдік сапармен барып келдік. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында  жұмыс жасадық. Дегенмен әлі аса таныла қойған жоқпыз. Еңбек етіп келеміз. Қазіргі уақытта Астана халықаралық университетінен қолдау тауып, сонда қызмет етудеміз. Бұйырса алда жоспарларымыз көп, бірақ оған жету қанша уақыт талап ететіні белгісіз.

Қандай ұсыныс-тілектерің бар? Димашқа, қазіргі ұжымыңа не айтар едің?

Жалпы, Димашқа алға қойған барлық мақсаттарына жетуін шын жүректен тілеймін. Және сол мақсатқа жетуге біздің аз да болса үлесіміз тисе, соның өзі біз үшін үлкен жетістік болар еді. Бір ағамның «ты не должен быть важным, а должен быть нужным» деп орысша сөзі бар еді. Сол айтқандай «нужный» болып жүрсек те жетеді. Және бір айта кететінім, сол өзіміз құрған Nomad тобының толық құрамымен Димаштың концерттеріне шығып, бірлесіп жоба жасасақ деген үлкен арманымыз бар.

Әңгімеңе рахмет, тек жақсылықтар болсын!