Алтайдың еңбегі сіңген әртісі Димашқа күй арнады

1362

Бүгін бүкіл әлемде шетелдегі қазақстандықтардың «QazAlliance» бірлестігінің ұйымдастыруымен ауқымды да жарқын «World Dombyra Festival» шарасы өтті. Осы фестиваль аясында Алтайдың кәсіби домбырашысы Димаштың құрметіне «Димаш Байжұма» деген атаумен құлақтың құрышын қандырар ерекше күй тарту етті.


Бүгінгі күн барлық қазақстандықтар үшін ерекшелігімен есте қалады. Бұл күн – барлық қазақ халқының ұлттық мақтанышы мен оның рухани әсемдік және музыка мәдениетінің символы күні. Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде Қазақстанда 2018 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бекітуімен Ұлттық домбыра күні атап өтіледі.

Барлық қазақ халқы үшін маңызы жоғары мереке қарсаңында шетелдегі қазақстандықтардың «QazAlliance» бірлестігі «World Dombyra Festival» шарасын ұйымдастырды. 25 елден домбырашылар қазақтың танымал күйлері «Адай» мен «Балбырауынды» орындауын видеоға түсіріп алған. Осылайша өткен апта бойы Жапониядан Калифорнияға дейінгі аралықта домбыраның үні күмбірледі. Идея авторы «QazAlliance» президенті – Әлішер Тұрсын, жобаның атқарушы директоры – Анар Базилова.

Шетелдегі қазақстандықтардың «QazAlliance» бірлестігі 2015 жылы құрылған, бұл өз кезегінде Домбыра күніне арналған алғашқы ауқымды онлайн-фестиваль. Бірлестіктің басты мақсаты – Қазақстанның әлемдік арендағы имиджін көтеру, сонымен бірге қазақтың ұлттық мактанышы – домбыра музыкалық аспабын таныта түсу, дүние жүзінде жыл сайын осы үрдісті жалғастыру.

Фестиваль ұйымдастырушылары маусым айы бойы әлемнің түкпір-түкпірінен домбырашыларды жинап, өткен аптада олардың күй ойнап тұрған видео жазбаларын жинап, монтаждау жұмыстарымен айналысты. Ең ауқымды түсірілім жұмыстары Түркиядағы қазақстандықтар қауымдастығының президенті Анар Байжанованың жетекшілігімен Ыстамбұлда өтті. Түсірілімге көздің жауын алар қазақтың ұлттық киімін киген 25 адам қатысты.⠀

Келесі жылы «QazAlliance» бірлестігі «World Dombyra Festival» шарасын неғұрлым ауқымды етіп өткізуді жоспарлап, фестиваль қатысушылары санын арттыру мақсатында демеуші тартуды көздеп отыр. Ұйымдастырушылар дүние жүзінің басты алаңдарында флэшмобтар мен ашық концерттер өткізбек ниетте.

Фестивальдің жарқын сәттерінің бірі «Димаш Байжұма» деген күйдің пайда болуы. Алтай Республикасының кәсіби домбырашысы әрі еңбек сіңірген әртісі Жанайдар Нұрсалиев бұл күйді Димашқа арнапты. 47 жастағы Жанайдар Нұрсалиев 1997 жылы Алматыдағы қазақ ұлттық консерваториясын домбыра класы бойынша тәмамдаған, 25 жылдан бері өнер және мәдениет саласында еңбек етіп келеді.

Жанайдар Алтай Республикасында танымал «Керуен» ансамблінің жетекшісі болған. Қазіргі таңда Кош-Агач ауылында музыка мектебінде жұмыс істейді, балаларға домбыра аспабында ойнауды үйретеді. Оның күй қоржынында түркілер мен қазақ халқына арнаған ондаған патриоттық күй бар.

Фестиваль режиссері Тимур Сырымдатұлының пайымынша, «Димаш Байжұма» композициясы расымен де қайталанбас шығарма, оны үйреніп, бүкіл әлем домбырашылары тартуға тұрарлық. Жанайдар Нұрсалиев бұл күйді жоғары деңгейде ойнайды, оның домбыраны виртуозды шертуі Димаш алатын жоғары ноталарды мейлінше алуға тырысады.

«Биыл Түркиядағы қазақ диаспорасы «Әлем қазақтары. Белгісіз де белгілі патриоттар» хабарлар сериясын әзірлемек. Онда жер жүзіндегі талантты да дарынды қазақтар туралы айтылады. Карантин аяқталған соң біз Жанайдар Нұрсалиевке барып, ол туралы хабар түсірмекпіз. Қазақ халқының көп қырлы да ерекше тарихы мен мәдениеті әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарға кеңінен тарап, қызығушылықтарын оятады деп сенеміз. Бұл біздің үлкен арманымыз әрі басты мақсатымыз», – дейді «World Dombyra Festival» жобасының режиссёрі Тимур Сырымдатұлы.