30 қазанда Мадридтегі Palacio Vistalegre спорт сарайында Димаш Құдайбергеннің Испания астанасындағы алғашқы жеке концерті өтті. Бұл 18 қазанда басталған DIMENSIONS атты жаңа әлемдік тур аясындағы үшінші концерт болды.
Концерт басталардан бірнеше сағат бұрын арена маңына әлемнің түрлі елдерінен Мадридке арнайы келген әншінің жанкүйерлері жиналды. Мерекелік атмосфера қалыптастыру үшін Димаштың Испаниядағы фан-клубының өкілдері жиналған көпшіліктің арасынан киімдеріндегі ашық қызыл түсті элементтерімен ерекшеленіп, ерекше атсалысты.
Димаш Құдайбергеннің Испаниядағы алғашқы жеке концерті 2025 жылы Stranger әлемдік туры аясында Барселона қаласында өткен болатын. Араға бір жыл салып, өнерпаз Испанияға жаңа концерттік бағдарламасымен қайта оралып, DIMENSIONS шоуын алғаш рет Мадрид көрермендеріне ұсынды.
Концерттің басында Димаш көрермендерге ыстық ықыластары үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ құттықтау сөз барысында әнші жуырда Толедода болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, қайғыларына ортақтасатынын жеткізді.
«Қайырлы кеш, қымбатты достар! Мадридтегі алғашқы концертімізге келген баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын! Бүгінгі кеште әрбіріңізді көргеніме ерекше қуаныштымын.
Алайда концертімізді жалғастырмас бұрын, жуырда Толедода болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан жандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтқым келеді. Осы ауыр қайғыға душар болған барша жанға тілектеспін, дұғам мен жүрекжарды ниетім сіздермен бірге.
Қайғыға толы сәттерде қандай сөз айтылса да, жан жарасын толықтай жазу мүмкін емес. Дегенмен музыка адамдарды біріктіріп, көңілге жұбаныш сыйлай алатынына және ешкімнің жалғыз емес екенін сезіндіретініне сенемін. Бүгінгі кеште шырқалатын әуендер жанашырлықтың, ынтымақ пен үміттің символына айналсын. Баршаңызға шын жүректен мың алғыс!»
DIMENSIONS концерттік бағдарламасы Димаш Құдайбергеннің вокалист, композитор әрі әндердің авторы ретіндегі шығармашылық әлеуетінің сан қырлылығын танытады. Сонымен қатар ол жаңа әлемдік турға арнайы он жаңа композиция әзірлеген және олардың басым бөлігін өзі жазған.
Шоудың музыкалық тұжырымдамасы поп-музыка, рок, рэп, опералық вокал, фанк, диско және джаз элементтеріне дейінгі түрлі жанрларды тоғыстырады. Жанрлық әралуандық, өзіндік ерекшелігі бар музыкалық өңдеулер мен ауқымды вокалдық партиялар орындаушының авторлық шығармашылығының жаңа қырларын аша түседі.
Концерт бағдарламасына «Dimensions», «Guilty of Your Light», «Somebody Loves You», «Drive On», «Vocalize», «Release My Soul», «Tell Me Why», «Yazgi», «Moonlight» және «Жаңа күн» композициялары енді.
Бұл Мадридтегі жаңа тур аясындағы үшінші концерт болғанына қарамастан, көптеген көрермен DIMENSIONS бағдарламасының репертуарымен жақсы таныс екенін байқатып, жаңа туындыларды орындау барысында әншімен бірге ән шырқады.
Концерт бағдарламасында «The Story of One Sky» композициясы ерекше орын алды. Аталған туынды орындалған сәтте жанкүйерлер Димаш пен оның шығармашылық идеяларын қолдауға бағытталған арнайы акция ұйымдастырды. Көрермендер түрлі тілдерде «Біз сені жақсы көреміз. Рақмет. Бейбітшілік пен махаббат» деген жазулар бейнеленген плакаттар мен баннерлерді жоғары көтерді.
Бұл бастама кештің ең әсерлі сәттерінің біріне айналып, Димаштың тыңдармандарының халықаралық ауқымын және оның жанкүйерлерін біріктіретін ортақ құндылықтарды айқын көрсетті.
Концерттің тағы бір жарқын сәті Димаштың әйгілі «Bésame Mucho» әнін испан тілінде орындауы болды. Өнерпаздың тосыннан ұсынған бұл музыкалық экспромты жергілікті көрермендер үшін ерекше тартуға айналып, көпшіліктің ыстық ықыласы мен зор әсерін туғызды.



