ҚАЗ RUS ENG

ҚАЗ RUS ENG

Dimash World «Димаш: бір дауыс - мың ел» – Алматы қаласында...

«Димаш: бір дауыс – мың ел» – Алматы қаласында халық музыкалық аспаптары көрмесінің ашылуы өтті

Dimash World «Димаш: бір дауыс - мың ел» – Алматы қаласында халық музыкалық аспаптары...

«Димаш: бір дауыс – мың ел» – Алматы қаласында халық музыкалық аспаптары көрмесінің ашылуы өтті

2026 жылы 18 ақпанда Қазақстан Республикасы, Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Димаш: бір дауыс – мың ел» («Димаш: Один голос – тысяча народов») атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Аталған көрмеге әнші, композитор, продюсер, Қазақстан Республикасының Халық әртісі және Қырғыз Республикасының Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің жеке коллекциясынан алынған музыкалық аспаптар қойылды.

Көрмеде 70-тен астам экспонат қойылған. Олар өнер иесінің шығармашылық жолын бейнелей отырып, оның өнеріндегі сан қырлы болмысты айқындайды. Экспозиция құрамында отбасылық жәдігерлер – әртістің атасынан мирас болып қалған баян, әлемге әйгілі румын виртуозы Георге Замфир сыйлаған пан-флейта, Майкл Джексонның жеке стилисті Гоко Залди арнайы дайындаған сахналық костюм, 2011–2012 жылдардағы 30/31 халықаралық ғарыш экспедициясы барысында ғарышта болған саха халқының дәстүрлі хомус аспабы және өзге де қызықты туындылар бар.

Көрменің ашылу салтанатында Димаштың репертуарындағы «Тау ішінде» және «Қазақстаным» әндері Алатау аудандық балалар шығармашылық және инновациялық орталығы хор орындады.

Іс-шараға «DimashAli» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Светлана Айтбаева, «Алматы музейлер бірлестігі» директоры Ләззат Сағындықова, сондай-ақ Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің меңгерушісі Бауыржан Жәнібеков қатысты.

Бауыржан Жәнібеков музей тарихы мен көрменің ұйымдастырылуы жөнінде былай деп атап өтті:

«Биыл музейіміздің құрылғанына 45 жыл толып отыр. Мерейтойлық іс-шаралар легі “Димаш: Бір дауыс – мың халық” көрмесінің ашылуымен басталды. Бастапқыда біз Димаштың домбырасын музей қорына қойғымыз келді. Себебі оның ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі айрықша. Светлана Ермекқызымен байланысқа шыққанымызда, ол Димаштың ауқымды аспаптар коллекциясы бар екенін айтты. Коллекцияның бар екенін білетінмін, алайда аспаптардың саны соншалықты көп деп ойламадым.

Музей тарихы 1981 жылдан бастау алады. Әкем музыкалық аспаптар коллекциясын жинақтап, олардың үні мәңгілік өшпес үшін “Сазген” фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрды. Бүгінде бұл – көптеген кәсіби музыканттар шығармашылық жолын бастаған іргелі ұжым.

Қазіргі таңда музейге халықаралық ресми делегациялар тұрақты түрде келіп, ұлттық мәдениетіміздің сан алуан қырларымен танысады. Елшілік өкілдері мен шетелдік қонақтар өздерінің ұлттық аспаптарын сыйға тартып, музей қорын толықтыруға өздерінің үлестерін қосып келеді».

Музейдің халық аспаптары бөлімінің жетекшісі Данияр Жанқабаев мұражайда XIX–XX ғасырларда өмір сүрген көрнекті тұлғалардың музыкалық аспаптары қойылғанын атап өтті. Олардың қатарында Құрманғазы Сағырбайұлы, Абай Құнанбайұлы және өзге де тарихи тұлғалар бар. Экспозицияны кеңейту мен Қазақстан өнерін әлемге танытып жүрген көрнекті замандастардың коллекцияларын тарту туралы шешім қабылданғанда, ең алдымен Димаш Құдайбергеннің есімі аталған.

Димаштың жеке коллекциясында әртүрлі халықтар мен мәдениеттерге тиесілі көптеген аспаптардың бар екені туралы хабар келе салып, дербес көрме ұйымдастыру туралы бастама көтерілді. Көрменің негізгі мақсаты – отандастарды өзге халықтардың мәдениетімен таныстыру, сондай-ақ Қазақстанға келген қонақтарға Димаштың шығармашылығы арқылы қалыптасқан мәдени сабақтастық пен өркениетаралық байланысты музыкалық аспаптар арқылы таныту.

Қанат Айтбаев құттықтау сөзінде былай деді:
«Данияр бауырым атап өткендей, Өзбекәлі Жәнібеков – қазақ халқының көрнекті тұлғасы. Бұл музей оның жүрегіндегі шынайы ниет пен ізгі мақсаттың нәтижесінде құрылды.

Ұрпақтар сабақтастығы сақталған жерде ұлт бар. Ұлт бар жерде мемлекет бар. Ғасырлар қойнауынан жеткен баға жетпес жәдігерлер жинақталған осы музей экспонаттарын көргенде, ерекше шабыт сезіміне бөлендім. Біз тіпті көне дәуірлерге барып кеогендей сезімде болдық.

Осындай тарихи сәттер арқылы біз ұлттық тарихымыздың қаншалықты терең екенін, тұғырымыздың нық екенін әрі рухани-мәдени негіздеріміздің қаншалықты берік қалыптасқанын танимыз.

Димаш Құдайбергеннің арқасында біз біраз мемлекеттерде болып, кәсіби және мәдени-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған көптеген іс-шараларға қатысып, байырғы қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттап келеміз.
Біз түрлі концерттер ұйымдастырдық. Қай елде болсақ та, Димаштың өнерін қадірлейтін жанкүйерлері өз мәдениетін дәріптейтін естелік сыйлықтар табыстап жатады. Тіпті өзіміз бармаған кейбір мемлекеттердің өкілдері де ұлттық музыкалық аспаптарын тарту еткен жағдайлар аз болған жоқ.

Қазіргі таңда бізге сыйға тартылған музыкалық аспаптардың саны жетпістен асты. Әрине, олардың барлығын бірдей алып келу мүмкін болмады. Дегенмен, қазақстандық жанкүйерлер де шетелдік тыңдармандардың өнерін, мәдениетін көріп, өзара мәдени байланыстардың орнығуына куә болса деген ниетіміз болды.

Халыққа өнеге боларлық осындай игі істердің сіздердің көңілдеріңізден шығып, толқытып, қызықтыра алса бұл – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі.

Бұл дүниеде қаншама халық, қаншама мемлекет бар… Солардың арасында қонақжай емес ұлт жоқ. Жүрегі мейірімге толы емес жан да жоқ. Баршамызды біріктіретін асқақ арман – бір аспан астындағы ортақ мұрат. Тіліміз әртүрлі болуы мүмкін, алайда ізгілікке жетелейтін мақсатымыз бір.

Әр халықтың өзіне тән ұлттық құндылықтары мен соған сай музыкалық аспаптары бар. Егер жанкүйерлер жүрек түкпіріндегі өздерінің ең қымбат мәдени мұраларын – ұлттық музыкалық аспаптарын тарту етсе, бұл мемлекеттер арасындағы достық қатынастардың жалғаса беруінің кепілі екені сөзсіз. Өнердің ең асыл қасиеті – адамзатты ізгілік пен бірлікке шақыру. Осы орайда, өнерді бағалап, қолдау көрсету үшін келген баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін».

Светлана Атбаева жиналған қонақтартар мен журналистерге былай деді:

«Концерттерге келетін көрермендермен және Димаштың жанкүйерлерімен көбіне мен жиі әрі тығыз байланыста боламын. Сондықтан көп жағдайда бұл музыкалық аспаптарды мен алып қалып жатамын.

Димашқа сыйланған ең алғашқы сыйлық – беларусьтік фан-клуб тарту еткен «гусли» аспабы болатын. Өте шебер ұстаздың қолынан шыққан туынды еді. Дәл осы аспаптан бастап Димаштың жеке коллекциясы қалыптаса бастады.

Бірде біз Бауыржан ағамен әңгімелесіп қалып, ол Димаштың домбыраларының бірін Ықылас атындағы музейге қоюды сұраған болатын.

Сол сұхбат барысында мен Димаштың осындай үлкен коллекциясы бар екенін, жиналған аспаптардың саны едәуір екенін айттым. Бүгінгі тағылымды іс-шара – сол әңгіменің заңды жалғасы».

Димашқа көрмеде қойылған аспаптардың ішінде қайсысы өзіңіз үшін ең құнды деген, -деген сұрақ қойылды. Өнерпаз былайша жауап берді:

«Құрметті қонақтар, жиналған қауым армысыздар. Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін!

Мүмкіндік болса, бұл жерде сұрақ-жауап форматынан гөрі, алғыс айту ниетімді жеткізгім келеді. Себебі бүгінгі сахнаға шығудағы басты мақсатым – өз атымнан және әулетіміздің атынан баршаңызға зор ризашылығымды білдіру.

Сіздердің әрбір тілектеріңіз, жылы лебіздеріңіз бен қолдауларыңыз маған айрықша шабыт, рухани серпін және күш-қуат сыйлайды.

Қай музыкалық аспап ең құнды деген сауалға келсек, мен үшін олардың барлығы бірдей қымбат. Өйткені әр елде тарту етілген сыйлықтар шынайы ықыласпен, таза ниетпен беріледі. Сондықтан бірін атап, екіншісін елемеу әділетті болмас еді. Баршаңызды жақсы көремін. Рақмет!»

Іс-шара соңында Димаш салтанатты түрде бала кезінен қолынан тастамай, өнер жолында серік еткен жеке домбырасын Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қорына табыстады.

Ал Димаш Құдайбергеннің жеке музыкалық аспаптар коллекциясына ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының төл домбырасының көшірмесі берілді. Қазақстан аумағында бұл домбыраның небәрі төртеуі ғана сақталған.

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне қош келдіңіздер!
Мекенжайы: Алматы қ., Зенков көшесі, 24А

Соңғы жаңалықтар

«Димаш: бір дауыс – мың ел» – Алматы қаласында халық музыкалық аспаптары көрмесінің ашылуы өтті

2026 жылы 18 ақпанда Қазақстан Республикасы, Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Димаш: бір дауыс – мың...

Димаш Құдайберген Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа автокөлік сыйлайды

Димаш Құдайберген ерлер арасындағы жекелей мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоровты Миланда өткен Қысқы Олимпиада ойындарындағы жеңісімен құттықтап,...

Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінде Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлеріне арналған аспаздық шеберлік сабағы өтті

Ақпан айында Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінде Төтенше және Өкілетті Елші Ерлан Баударбек-Қожатаевтың қолдауымен «Uly Dala Dami» атты қазақ асханасына арналған...

«Voice Beyond Horizon» жобасының екінші эпизодында Димаш Құдайберген әлемге Түркістан шаһарының әсемдігі мен рухани даналығын көрсетті

Мыңжылдықтар бойына келбетін сақтаған қасиетті қала алтын түсті жылы реңкке бөленіп, таң шапағы Түркістан аспанын нұрландырды. Сегіз саяхатшы Қытай,...

Димаш Құдайберген «Ғашықтық» атты жаңа авторлық композициясын жарыққа шығарды

11 ақпанда продюсерлік «Voice Beyond Horizon» жобасына қызу қолдау білдірген тыңдармандарына алғыс ретінде Димаш Құдайберген «Ғашықтық» атты жаңа композициясын...