Мексикалық El Heraldo de Chihuahua газетінде қазақстандық әртіс Димаш Құдайбергеннің шығармашылығын насихаттау және Мексикадағы жанкүйерлерінің белсенділігіне арналған материал жарық көрді.
Бастаманы Umitilmas Kun Dears Chihuahua фан-клубы көтеріп, «Әлем Димашты тануы тиіс» атты ауқымды акция ұйымдастырды. Науқан аясында 9 наурыз бен 9 сәуір аралығында Нуэво-Леон штатының Монтеррей қаласындағы Plaza Sendero La Fé сауда орталығының кинотеатр және фудкорт аймақтарындағы электронды экрандарда әртіс туралы материалдар көрсетілді.

Бастама 22 наурыз күні Чиуауа қаласындағы Plaza del Ángel алаңында өткен офлайн іс-шарамен жалғасты. Мұнда жанкүйерлер қаладағы ең халық көп шоғырланатын орындардың бірінде ақпараттық стенд орнатты. Келушілерге тәттілер мен QR-кодтары бар флаерлер таратылып, олар арқылы Димаштың шығармашылығы туралы материалдарға қол жеткізу мүмкіндігі ұсынылды.

Басылым атап өткендей, акция кең ауқымды ақпараттық науқанмен қатар жүргізіліп, баспа материалдары, музыка және қонақтарға арналған тақырыптық сыйлықтар пайдаланылды. Жарияланымда Димаш «ғаламшардағы ең үздік дауыс иесі» әрі бейбітшілікті насихаттайтын ізгі ниет елшісі ретінде сипатталған.

Аталған бастаманы жүзеге асырған Umitilmas Kun Dears Chihuahua фан-клубының 31 қатысушыдан құралған. Олардың басым бөлігі Чиуауа штатында тұрса да, қауымдастыққа Канкун мен Дуранго қалаларынан келген жанкүйерлер де кіреді. Бұл Қазақстандық орындаушының шығармашылығына деген қызығушылықтың Мексика аумағында кеңейіп келе жатқанының тікелей көрсеткіші.
