Димаштың польшадағы жанкүйерлері «Өмірге нан» қоғамдық қорына дәрі-дәрмек берді

4499

Польшадағы Димаштың Dear-лары  өз елдеріндегі қайырымдылық ұйымының біріне көмектесу үшін бірнеше ай ақша жинады. 29 желтоқсан күні Dimash Kudaibergen Fanclub Poland түскен қаржыға рецептісіз берілетін дәрілік препараттар алып, мұқтаж жандар үшін ұйымға тапсырды.

«Өмірге нан» поляк қайырымдылық ұйымының негізін Малгоржата Хмелевская 1990 жылы құрған. Қиын жағдайға тап болғандарға үміт сыйлап, көмек беру мақсатында ашылды.

Қайырымдылық қоры мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз етеді. Әлеуметтік және медициналық көмек, білім алуға көмектеседі. Ұйым қызметкерлері мүмкіндікгі шектеулі, жалғызбасты адамдармен бірге тұрып, оларға  білім алып, еңбек етуге, ем ала отырып өзін-өзі бағалауға ықпал етеді.  Әлеуметтік байланыстар орнатуға көмек көрсетеді.

«Өмірге нан» ұйымымен  дәрігер, әлеуметтік қызметкер, заңгерлер қоян қолтық жұмыс істейді. Кеңес беріп, өз білімдерімен бөліседі. Қайырымдылық қоры сонымен қатар балабақша, мектеп, баспанамен қамтамасыз етеді. Гуманитарлық көмек жеткізуді ұйымдастырып, жұмыссыздарды еңбекпен қамтуды іске асырады. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға үй салып, жөндеу жұмысына атсалысады.

Димаштың польшалық жанкүйерлері «Өмірге нан» жұмысына өз үлесін қосуды ұйғарды. Dear-лар ұйымға хабарласып, жетіспейтін негізгі дәрі-дәрмектер тізімін білді. Дені, ауырғанды басатын, тұмауға қарсы дәрілер мен дәрумендер.

Dimash Kudaibergen Fanclub Poland 2020 жылдың 12 тамызында қаражат жинайтындарын жариялады. Ол 21 желтоқсанға дейін созылды. Фан-клуб «жүрегі», әкімшісі Тереза Какол акцияның үйлестірушісі болды.

«Қазіргідей уақытта  қиындыққа тап болған адамдар да, ұйымдар да бар. Олар үшін кез-келген көмек, қолдау  үміт береді. Мұқтаждарға қолдау көрсетуде бізге Димаш үлгі болды. Оның әрекетіне үлес қосып, жалғастыру үшін біз Польшадағы бірнеше ұйым ішінен «Өмірге нан» қорын таңдадық.  Олар 9 үйді басқарып, бірнеше бағытта жұмыс істейді. Үйсіз адамдар, қарттар, науқастар мен мүгедектерге  сондай – ақ балалы жалғызбасты аналарға көмек көрсетеді», – деді DimashNews-ке Тереза Какол.

29 желтоқсан күні Dear-лар «Өмірге нан»  ұйымына барды. Жиналған ақшаға қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алып, қорға тапсырды.