«Кондордың самғауы»: Анд елінің әуезді әуені

1085

Перу – Оңтүстік Американың батысында орналасқан экзотикалық ел. Жасыл аңғар, үстірттер мен ерекше ландшафтқа толы аймақ. Анд елі қалыптасқанға дейін бұл адамзаттың жүрегін жаулаған ерекше жер болды. 

Ежелгі Перу өркениеті үнемі өзгеріп отырды. Содан болар қазіргі Перу мәдениеті алуан түрлі. Елдің қолданысындағы негізгі тіл – испан тілі. Десе де мұнда кечуа,аймара секілді қырықтан астам жергілікті тіл бар.

Перу – әлемге әуезді әуенімен танылған елдің бірі. Жер шарының әр түпкіріндегі елдердің мәдениеті, салты бөлек. Бірақ оларды біріктіретін, адам жанына ерекше әсер қалдыратын бір-біріне қызығушылықты оятатын –музыка. Оған дәлел Перу әуендері. «Кондордың самғауы» («El Cóndor Pasa») –  Перу мәдениетін күллі әлемге паш еткен музыкалық композиция. Шығарма елдің мөлдір және шынайы сезімдерін суреттейді.

Әр жанның жүрегін тебірентіп, ерекше сезімге елітетін әуеннің авторы- Даниэль Аломия Роблес. Оның шығармаларының әр әуезі Перуге деген қызығушылықты оятады. Еліне деген сүйіспеншілікті байқауға болады.  Ол 1871 жылы 3 қаңтарда Хуанукода дүниеге келді. 71 жасында 1942 жылы 17 шілдеде Лимада қайтыс болды. Аломия бала кезінен музыкаға құмар болып өсті. Ес жиғаннан Перудың әдемі жерлерін аралап, әр аймақтың музыкасын зерттеді. Болашақ ұрпаққа мұра боларлық әндер жинады. «El Cóndor Pasa» яғни «Кондордың самғауы» шығармасы да осындай саяхаттардың бірінде дүниеге келген туынды.

Ол Перу мен Оңтүстік Америка аймағын мекендейтін кондор құсына арналған. Анд аймағының фольклоры мен мифологиясында кондор жыртқышының орыны бөлек. Биікте самғаған кондордың көрінісінен әсер алған Аломия Роблес ел сүйіп тыңдайтын әуенді 1913 жылы жазды.

Сол жылы 19 желтоқсанда Перу астанасы Лимадағы «Mazzi» театрында шығарманың тұсаукесері өтті. Әуезді әуенмен бірге Анд тауы кондорының қанаты талмай көкте шалқыған жырқыш құстың ерекшелігі, еркіндігі арқылы сол кездегі ел тұрғындарының ауыртпашылығы бейнеленді. Тау-кен байлығын игеруге келген компаниялардың жергітікті халыққа көрсеткен зомбылығы, олардың бостандық пен әділеттілікке деген ұмтылысты көрсетеді.

Шығармадағы Анд ырғағымен испан сарсуэлласының ерекше үйлесімділігі көптің көңілінен шығып, таңдай қақтырды. Басты жаңалық та мифтік ырғақ пен музыкалық драма, диалог және биді біріктірген жанрдың бір-бірін толықтыруы. Композицияда виолончель, контрабас, флейта, тромбон, керней, кларнет, ұрмалы аспаптар қолданылған. Бұл Перуге жаңашылдық әкелген алғашқы музыкалық шығарма болды.

Әуенді жанымен тыңдаған адам тәнінің ерекше күйге бөленіп, конор секілді қанатын еркін сермеп, Анд шыңдарында шарықтап жүргендей күй кешеді. Көк кереметі мен еркіндікті, Перу халқының мәдениеті, әдет-ғұрпы, философиясында әлі күнге дейін сақталған күн шуағына шомылғандай сезінеді. «Кондордың самғауы» шығармасы перуліктердің жермен, табиғатпен, ғарышпен рухани бірлігін, үйлесімділігін көрсетеді.

Бұл шығарманың жазылғанына 107 жыл болды. Перудегі аңызға айналған композиция 100-ден аса тілге аударылды. 4000-нан нұсқасы мен 300 –ге жуық мәтін бар. Өткен ғасырда да, бүгінгі кезде де шығарманы танымал  әншілер орындады. Орындап жүр. Оның аккордтары өткен дәуірдің сән-салтанатын еске түсіреді. «El Cóndor Pasa»  – заманның өзгерісі мен төңкерістерге төтеп бере алған, ешқашан жоғалмайтын мың жылдық мәдениеттің көрінісі.

 

FC DIMASH KUDAIBERGEN PERÚ WORLD