Басты бет Басты жаңалық Латвияда Наурыз мейрамына арналған концерт өтті

Латвияда Наурыз мейрамына арналған концерт өтті

«Қош келдің, Наурыз!» – деген тамаша атаумен алғашқы рет Балтық жағалауы елдері, оның ішінде Латвияда Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының «Ақжарма» қазақ халық аспаптар ансамблі мен «Жорға» халық биінің үлкен мерекелік концерті өтті.

Бұл іс-шара Қазақстанның Латвиядағы Елшілігі мен Елші Дәурен Кәріповтың бастамасының, сондай-ақ бесінші жыл дүниежүзіне шығармашылығын ғана емес, сонымен бірге әншінің туған жерін де әлемге танытып келе жатқан Димаш Құдайбергеннің латвиялық фан-клубының сұранысының арқасында атап өтіле бастады.

Мерекені өткізу үшін Ригадағы ең жақсы орындардың бірі, Елшіліктің шақыруымен бірнеше жүздеген қонақтар жиналған «VEF» мәдениет сарайының Үлкен залы таңдап алынды.

Іс-шараның ашылуы кезінде Елші Дәурен Кәріпов барлығына қатысқандары үшін алғыс айтып, бұл бірінші кезекте Қазақстан мен Латвия арасындағы мәдени байланысты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Шара барысында қазақстандық өнерпаздар халық әуендері мен қазіргі қазақ композиторларының шығармаларынан тұратын бай және алуан түрлі бағдарламаны көрермендерге қазақтың халық аспаптарында ұсынып, әдемі ән мен тамаша би нөмірлерін көрсетті. Ал көрермендер мұны өз кезегінде ерекше әсермен тыңдап, зор қошемет көрсетіп отырды.

Латвиялық көрермендерді қазақ мәдениетінің алуан түрлілігі мен бірегейлігі, орындалған туындылардың ерекше әуені мен ұлттық киімдердің керемет сұлулығы таң қалдырды.

Мерекенің ерекше тосын сыйы – Елшіліктің барлық қонақтарға сыйға тартқан Қазақстанға туристік сапар кітабының тұсаукесері болды. Ал бұл басылымның басты ерекшелігі – ағылшын тілімен қатар қазақ және латыш тілдерін қолдануы.

«Димаш Құдайбергеннің латвиялық «Dimash Latvia Dears» жанкүйерлер клубы Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов мырза мен Маңғыстау облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақов мырзаға тамаша өткізілген мерекелік концерт үшін, сондай-ақ жанкүйерлер клубы мен алдағы барлық ауқымды жоспарларды қолдағаны үшін шын жүректен алғысын білдіреді», – деп бөлісті латвиялық Dears.