Қазақ халқының асыл мұрасы – жетіген аспабы осы күнге қалай жетті

3243

Соңғы жылдары көпшілік тарапынан қызығушылық тудыра бастаған жетіген аспабының тарихы тереңде жатыр. Осы ерекше аспап туралы аңыздар бар. Бүгінде осы аспапты игере бастағандар аз емес.

Ел аузында тараған аңыздарға сүйенсек, ерте кезде ауылда бір қария тұрады, оның жеті ұлы болған екен. Бір жылы қатты жұт болып, адамдар тамақсыз қалады, сөйтіп, қарияның үйіне қайғы орнайды.

«Аштықтан үлкен ұлы Қания өлгеннен кейін қария кепкен ағаштың бөлігін алып, оған шек салып, тиек қойып, «Қарағым» күйін орындайды, Төралым деген екінші ұлы өлгеннен кейін екінші шек тартып, «Қанат сынар» деген күй шығарды, үшінші ұлы Жайкелдіге ол «Құмарым» күйін, төртінші ұлы Бекенге «От сөнер», бесінші ұлы Хауасқа «Бақыт көшті», Жүлзарға «Күн тұтылуы» атты күй шығарады», – делінген кеңінен тараған аңыздарда.

Ұрпақтан ұрпаққа ауыз әдебиеті арқылы жеткен аңызға сүйенсек, ең кіші ұлы Қиястан айрылған қария жетінші шекті тартып, «Жеті баламнан айрылып құса болдым» атты күй орындайды. Аспаптан қайғыға толы көп дыбысты ала отырып, орындаушы әртүрлі әуен арқылы өзінің балаларының бейнелерін көрсетеді. Бұл шығарылған әуендер мұнан әрі дамытылып, аспапты орындаудағы күй-пьеса түрінде бізге «Жетігеннің жетеуі» деген жалпы атпен жеткен. «Жетіген деген атау екі сөзден тұрады: жеті және ән» – «жетіген» деген ұғымды береді.

Жетіген – шекті аспаптар тобына жататын, ерекше үні бар аспап. Пішіні төрт бұрышты, қорапқа ұқсас келеді. Беті басқа да аспаптар секілді жұқа тақтайшамен қапталады. Көне жетігенде жеті ішек болған. Тиектің орнына қойдың асығын пайдаланған. Құлақ күйін осы асықтарды жылжыту арқылы келтіріп отырған.

Ал, қазіргі уақытта заман талабына сай қалыпқа келтіріліп, қосымша ішектер салынды. Бұрын жеті ішектен тұратын аспап бүгінгі таңда 2,5 октаваға дейін жетті. Бұл аспапқа ерекше мән беріліп, компазиторлар арнайы шығарма жаза бастады. Қазақтың оркестр-ансамбльдерінде кеңінен қолданылып, шығармаға ерекше рең бере бастады.

Көптеген саяхатшы-зерттеушілер қазақ даласынан көп ішекті аспаптың болғандығын жазды. Жалпы, бұл аспап басқа да түркітілдес халықтарда көптеп кездеседі, “етиган”,  “жадықан”,  “шатқан” деп аталады.

«Кейінгі кезде жетігенде ойнаудың бірнеше техникасы пайда болды. Атап айтқанда, домбыраның техникасын (оң қолдың білезік буынымен ойнау), гитараның бірнеше техникаларын (тремало, аккорд), флажолет, тиектің артқы жағын пайдалану  т.т. техникаларды кеңінен қолданып келеді», – делінген ашық дереккөздерде.

18 ғасырда қазақ даласын аралаған саяхатшы-этнографтар И. Лепехин, И. Георги, т.б. зерттеушілер екі ішекті домбырадан басқа көп ішекті аспаптардың да болғандығын жазады. Ал саяхатшы А.С. Паллас 1786 жылғы қазақ даласын аралаған сапарында осы күнгі жетігеннің көне түрін кездестірген.

“Бұл аспап шыршадан жасалған шағын ғана жәшік, оның түбі ғана бар. Оған ішектер ешбір құлақсыз керілген. Бұл аспапты құлақ күйіне келтіру үшін әрбір ішектің астына кішкене тиек — қойдың асықтары қойылады. Музыкант ішектің ұзын жағын сол қолымен тартады да, оң қолымен дишкантта ойнайды”, — деп жазған ол.

Этнограф-саяхатшылардың осы секілді жазбаларына қарағанда, жетіген аспабы қазақ халқы арасында 19 ғасырдың ортасына дейін сақталып, бертін келе жоғалып кеткен. Осы этнографиялық сипаттамалар бойынша қалпына келтірілген немесе жетілдіріліп жасалған жетігеннің алғашқы үлгісі өмірге қайта келіп, өнеріміз бен аспаптық музыкамызда орын ала бастады.

Жетігеннің ноталық жүйесін анықтаған ғалым-зерттеуші Б. Сарыбаев болды. Жетіген аспабына байланысты оны ертеде жеті ұлынан айырылған күйші-өнерпаз жасап, “Жетігеннің жеті күйін” шығарыпты дейтін аңыз бар. Аспаптық-фольклорлық музыкамызда ерекше орын алатын бұл аспап 1970 жылдан бері Т. Сарыбаев, Е. Құсайынов, С. Мерекеев, т.б. музыкашылардың орындауында жаңаша сипатқа ие болды.

Қорыта келгенде, жетіген – қазақ халқының музыка мұрасында жоғалып қайтадан қалпына келтірілген ішекті-шертпелі, қайталанбас дыбыс ерекшелігіне байланысты, ел арасында кеңінен танымал бола бастаған уникалды музыкалық аспап.

Жетіген талай жүздеген жылдар өтсе де сол баяғы қарапайым күйінде қала берді. Ішек саны жетеу, тиегі асық.

 

Бауыржан Ақтай