«Қазақ шеберлерінің туындылары алдымен шетелде бағаланып жатыр»: Сырым Мүсіреп мүсін өнерінің қызығы мен қиындығы жайлы

1372

Сырым Мүсіреп – жас та болса көптеген жетістікке қол жеткізіп үлгерген мүсінші әрі суретші. Оның қолынан шыққан өнер туындылары бүгінде Ұлттық музейде, Тәуелсіздік сарайында, халықаралық аукциондарда тұр. Таяуда бір туындысы әлемдік отельдер желісінің Қазақстанда ашылып жатқан бөлімшесіне қойылды.

Сырым көп өнер адамы, әсіресе аға буын әріптестері секілді «барлығына үкімет көмектесу керек» деген ойдан ада. Керісінше, «әр шебер өзіне ғана сену керек» деген принципті ұстанған. Шығармашылықпен қатар батыс мүсіншілері секілді оны көпшілікке кеңінен таныту жолында тапжылмай еңбектеніп келеді. «Шабыт», «Дарын» сыйлықтарының лауреаты атанған жас шебер шетел асып, білімін жетілдіруді көздейді.

DimashNews.com порталы Ақтөбеден шыққан жас талант Сырым Мүсіреппен мүсін өнерінің бүгіні мен болашағы туралы аз-кем сөз қозғаған болатын, назарларыңызға шағын сұхбатты ұсынғалы отырмыз.

«Қазақта болар бала… » деген сөз бар. Ес білгелі қолға саз балшық алып, мүсіндер жасаған боларсың…

– Рас, үш жасымда пластилин мен терезеге жағатын жақпаны алып, түрлі мүсін жасайды екенмін. Онымды әке-шешем видеоға түсіріп сақтап қойып, кейін көрсетті. Ыдыс қоятын подносқа пластилиннен орман тұрғызып, талдарды тізеді екенмін. Балықтардың мүсінін жасағанды жақсы көрдім. Бір қызығы, ормандағы әр шөпті, әр талды ерінбей бөлек жасап аламын. Сол сияқты балықты да ішіне ауа қалдырып, суға батып кетпейтіндей жасаппын. Табиғат заңы ғой, балықтың да үлкені, кішісі бар демекші, кит немесе акуланы ірі етіп, ұсақ шабақтарды жұтып қоятындай аузын керіп, ішіне бос орын қалдырады екенмін. Қызығына түсіп кететінім сол, ас-су ішуді ұмытып кетемін.

– Ақтөбеде бірге оқыған достарың танитын болар, бірақ, қалың көпшілік сендей талантты ұлы барын біле бермейтін секілді. Дегенмен, сәл шегініс жасап, өсіп-өнген, оқып-тоқыған, шығармашылығыңнын алғашқы іргетасы қаланған Ақтөбең туралы айтып өтсең…

– Ақтөбеде қарапайым орта мектепте оқыдым, сабақ үлгерімім керемет болды деп айта алмаймын. Алайда, ата-анам бойымдағы қабілетті дер кезінде байқаса керек, көркемсурет лицейіне апарады. Бар қызықты сәттер сонда өтті деп ойлаймын. Мектепте өнерлі екенімді білдіртпеймін, бірақ, үндемей жүріп көркемсурет лицейінде біраз нәрсе үйрендім. Мұғалімдерім жарыстарға қатыстырды. Кейін лицей жетекшілігі де байқап, қатардағы байқауларға емес, салмақты, ірі жарыстарға жолдама берді.

Өміріңде үлкен орны бар, ауыз толтырып айтарлықтай қандай додада бақ сынап едің? Естен кетпес алғашқы жеңісің туралы да білгім келеді.

– Chevron компаниясының мұрындық болуымен «Балалар әлемді өзгертеді» деген тақырыпта үлкен байқау өтті. Алғашқы сатыларынан өтіп, Елордаға келдік. Әр күнін, әр сағатын ұмытпаймын. Өйткені, уақыт тығыз, күнделікті сабақ, техника игеру, дәріс тыңдау… Баламыз ғой, арасында аттракционға барып қайтамыз. Есілдің сол жағалауында отырып, оң жағалаудағы көріністі бейнелейтінбіз. Басқа тапсырмалар болды. Бір аптаға созылған шара аяқталуға жақын. Барлығымызды Radisson отелінің үлкен залына жинап алды. Фойеде біздің туындылар қойылған. Патриоттық әндер қосулы. Алғаш рет Роза Рымбаеваны көрдім. Танымал адамдар көп жүрді. Айтып-айтпай немене, жүлдегерді анықтайтын сәт жақындады. Елу қатысушының ішінен үшінші орын, екінші орын, бірінші орын иегерлерін хабарлап жатыр. Неше күш ұйықтамай жасаған жұмыстарым бекер болды ма деп өкініп үлгергем… Кенет… гран-при иегері екенімді атағанда орнымнан қозғала алмай қалдым. Жалпы, бұл жарыс, ондағы ауқымды тақырыптар менің шығармашылыққа шындап ден қоюыма үлкен септігін тигізді. Неше жыл бойы мені тәрбиелеген ұстаздарымның еңбегі еш болмағанын, ата-анамның үмітін ақтағанымды түсіне бастадым.

Содан болашағыңды өнермен байланыстырамын деп шешкен боларсың? Мектеп бітірдің…

– Қымбат оқуды қалтамыз көтермеді. Ойымдағы оқу орнына түсе алмайтынымды сездім. Жергілікті жеке колледждердің біріне «Интерьер дизайны» мамандығы бойынша құжаттарымды тапсырдым. Шынымды айтсам, ондағы студенттердің білімі көркемсурет лицейінің үшінші сынып оқушыларының деңгейінен төмен болды. Дегенмен, мен тек өзіме сендім, көпшілікке еріп, жұтылып кетпей, өздігімнен көп дайындалу керек деп шештім. Арасында байқауларға қатысып жүрдім.

– Қоғамдық жұмыстарға араластың ба?

– Иә, көшбасшылық, ұйымдастыру қабілеттерімді дамытқым келді. Жастар саясатына араласқым келді. Бірде өңірге жаңадан тағайындалып жатқан Бердібек Сапарбаевтың қабылдауында болдық. «Сіздер киіп отырған киімнің өзі суретшінің туындысы. Суретшілерге қолдау таныту керек» деп қалғаным есімде. Сол да түрткі болған шығар деп ойлаймын, Ақтөбеде өнер музейі ашылды, шығармашылық академиясы салынды. Мұның барлығы болашақ үшін керек. Таланттарды шығаруымыз керек.

– Бүгінде «Шабыт» өнер академиясының студентісің. Астана қаласына келдің. Үлкен қалада өмір басқа. Қандай ортаға тап болдың? Студенттің өмірі, әдетте, оңай болмайды деп жатады.

– Өңірден келгенде менде эго басым болды. Өзіме қатты сенген сияқтымын. Өнеріммен баршаны таңқалдырамын, комиссия мүшелерін мойындатамын деп келдім. Алайда, жағдай мен ойлағандай болмады. Көп нәрсеге басқаша қарай бастадым. Грантқа іліге алмадым. Әділетсіздікті көре тұра, байқамаған кейіп таныттым. Дегенмен, әжем марқұм жиі айтып отыратын «құлаған сайын, орныңнан тұрғанда мықты бола түсесің» деген сөзі жадымда сақталып қалған. Әр қиындыққа кезіккен сайын «мықты бола түсем» деп өзімді қамшылап отырдым. Ата-анам ақылы бөлімге түсірді, қиналғандарын білдірмейді ғой. Осыны көре тұра, мен өзіме үлкен жауапкершілік арқалауым керек деген ойда болдым. Егер стипендия алып, әдемі киініп, асханада шай ішіп отыратын болсам, бүгінде басқаша болар ма еді. Бірінші курстан-ақ іздене бастадым. Оқу жылдары біраз ұстазым тани бастады, студенттер арасында да танымал бола түстім. Жеке көрмемді өткіздім. Ірі байқауларда бағымды сынап, үлкен ортада да есімім кеңінен таныла бастады. Бәлкім, барлығы солай болу керек шығар.

– Бүгінде шығармашылықпен кәсіпкерлікті ұштастырып жүрген жайың бар сияқты. Көп ретте тек саф өнер жолын таңдап жатады немесе коммерциялық бағытқа бет бұрады. Сен жаңа буын өкілісің. Сенің ойың басқа болар… 

– Иә, түпкі фундамент таза өнерге негізделу керек. Менің түйгенім, талантыңды нарық заманына бейімдей отырып, көпті мойындатуға болады. Бұл заман талабы. Мен бірінші курстан бастап түрлі жобаларды қолға ала бастадым. Егер, грантта оқып, стипендия алып отырсам, қиналмасам, жобаларға араласпас та едім. Керісінше, қазір қуанамын. Жаратқан мені үнемі сынап келе жатқан секілді. Үнемі ойға қалдырады, таңдау ұсынады. Содан болар, жас мүсіншінің көп жерде танылып жүргені.

– Сырым, мана бір сөзіңде өнерді қолдау жөнінде айтып қалдың. Картиналар, мүсіндерді актив ретінде қарастырып, ірі инвестиция салу батыс елдерінде белең алған. Біздегі жағдай қалай?

Батыста ең сенімді капитал жәдігерлерге, соның ішінде картинаға салынған инвестиция деп естимін. Өйткені, уақыт өткен сайын еңбектің құны да арта түседі. Дамыған мемлекеттер өнерге инвестиция салады. Бұл үрдіс бізге енді жетіп жатқан сияқты. Мен бір туындымды сатып алған адамға сертификат, құжат рәсімдеп бердім. Өйткені, ол кісі менің туындымның дара экземплярмен жасалғанына сенімді болуы керек. Егер мен оған құжаттарын көрсете отырып, бірнеше көшірмесін жасасам, туындымның құны құлдырап кетеді. Бүгінде штаб-кеңсесі Нью-Йоркте орналасқан халықаралық аукциондардың бірінде қолымнан шыққан мүсіндерім. Олардың барлығы құжаттандырылған. Заң жүзінде.

– Өнер адамының өзгеге еліктегені өзінің стилін қалыптасыруға кедергісін тигізеді деп жатады. Дегенмен, шығармашылығын ерекше сыйлайтын аға буын өкілдерінен кімді атай аласың?

– Парижде өнер көрмесінде Сальвадордың туындыларымен қатар қойылған қазақ мүсіншісі Ерболат Төлепбай деген азаматты білемін. Ұйымдастырушылар оның жұмыстарына жоғары баға берді. Рас, бүгінде өнер адамдары алдымен шетелдіктерді мойындатады, содан кейін елімізде таныла бастайды. Шетелде өнерді түсінетіндер көп. Қарапайым адам түсіне бермейді. Экономикада бір теория бар, кез келген елді алдымен тұрмыс-салтынан, өмір сүруінен тануға болады. Содан кейін өнері арқылы таниды. Джэки Чанның Қазақстанға келгенде де алдымен суретшілердің туындыларымен танысқысы келгені содан болар.

– Әңгімеңе рахмет! Жетістіктерге жете беруіңе тілектеспін!

 

Арнайы DimashNews.com порталы үшін әзірлеген Асқар Ақтілеу