Басты бет Әлем Қазақ тіліндегі экран дикторының тұсаукесері: көру қабілеті нашар жандар үшін жаңа мүмкіндіктер

Қазақ тіліндегі экран дикторының тұсаукесері: көру қабілеті нашар жандар үшін жаңа мүмкіндіктер

27 наурызда Астанада көру қабілеті нашар жандардың ақпаратқа қол жеткізуін жеңілдетуге арналған қазақ тіліндегі экран дикторының тұсаукесері өтті. Ш.Шаяхметов атындағы «Til-Qazyna» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандары әзірлеген бұл инновациялық құрал арқылы көру қабілеті нашар пайдаланушылар ерекше мүмкіндіктерге қол жеткізе алады.

Бұл экран дикторы құрылғыға орнатылғаннан кейін бірден автономдық режимде, тіпті Интернетсіз де әртүрлі браузерлерде жұмыс істей алады. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға қазақ тіліндегі ақпаратқа еш кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейітжан және Назарбаев университеті көмекші технологиялар және ақпаратқа қолжетімділік бойынша сарапшы менеджері Зият Әбдіқайымов қатысты. Олар бұл инновациялық жобаға қолдау білдіріп, оның мемлекеттік тілдегі ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталды.

Жобаның заңгері, тестілеушісі Мұсағали Дауылов Ақтөбеден желіде сөйлеген сөзінде өз әсерімен бөлісіп, жоба авторларына еңбектері үшін алғысын білдірді. Ал «Til-Qazyna-ның» бас директоры Мақпал Жұмабай өз сөзінде еліміздегі ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың мүддесіне бағытталған бұл жобаның инновациялық технологияларға негізделгенін баса айтты.

Қазіргі уақытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша Қазақстанда көру қабілеті бұзылған 160 мыңнан астам азамат тұрады, оның 85 мыңға жуығы ресми тіркелген. Сондықтан, әлемдік стандарттар негізінде жасалған “Экран дикторы” қосымшасы көру қабілеті нашар әрбір азамат үшін қазақ тіліндегі веб-парақшалар, электрондық пошталар мен құжаттарға оңай қол жеткізуге мүмкіндік беретін таптырмас құралға айналады.