Басты бет Басты жаңалық «Қазақтың қонақжайлығы таңқалдырды»: Baqytty Bala конкурсанттарды қалай қарсы алды?

«Қазақтың қонақжайлығы таңқалдырды»: Baqytty Bala конкурсанттарды қалай қарсы алды?

7 тамыз күні Ақтөбедегі «Green Land» демалыс орталығының саябағында Baqytty Bala байқауының қатысушыларымын танысу кеші өтті. Балалар өздері туралы, сүйікті істері жөнінде ой бөлісті. Шет елден келген қатысушылар Димаштың туған жері құшақ жая қарсы алғанына қуанышты екендерін айтты.

Ақтөбеде көптен күткен Baqytty Bala балалар вокалдық байқауының ІІІ маусымы басталды. 6-7 тамыз аралығында байқауға ел аумағы мен шет елдерден қатысушылар келді. Оларды фестиваль ұйымдастырушыларымен бірге БАҚ өкілдері де ерекше құрметпен қарсы алды. Танысу кешінде жас вокалистер күтіп алудың өзі ерекше әсер қалдырғанын айтып жатты. Жас өнерпаздар өздерін “жұлдыз” сезініп, бойларына сенім ұялаған, бұл мәңгі естен кетпес сәт, дейді олар.

7 тамыз күні фестиваль режиссері Анна Обоянскаяның жетекшілігімен «Өнер орталығы» концерт залында алғашқы дайындық өтті. Балалар сахнаның әсемдігі, кеңдігі мен залдың ерекше акустикасына таңданып жатты.

Дайындықтан кейін «Green Land» демалыс саябағында ыңғайлы танысу кеші өтті, онда қатысушылар бір-бірін жақынырақ біле түсті.

Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе филармониясының қызметкері – Нұржан Оразов пен «Ақтөбе» телеарнасының тілшісі Аружан Қаратаева кешті көңілді, еркін атмосферада өткізіп балаларға қуаныш сыйлады.

Грекиядан келген қатысушы София Салвариду танысу барысында қазақтың қонақжайлылығы қатты таң қалдырғанын айтса, Ресейден келген қатысушылар Милан Пономаренко (Мәскеу) мен Анна Глотова (Екатеринбург) ұлттық тағам бауырсақ пен шұбат ұсынып қарсы алу ерекше әсер етті, дейді.

Таныстықтан соң балалар Baqytty Bala баннеріне естелік үшін өз қолтаңбаларын қалдырып, тілек білдірді.

Дәл осы күні, яғни 7 тамызда ақтөбелік қатысушы Динара Мусина екен. Қуанышты сәтпен тұспа-тұс келген туған күнін Динара жаңа достарының арасында атап өтті. Фестиваль ұйымдастырушылары оған торт сыйлап, байқауға қатысушылар дәстүрлі «Happy Birthday» әнімен құттықтады.

Көңілдері жайдары балалар кейін волейбол мен бадминтон ойнап, суретке түсіп, би билеп, ән айтты. ІІІ маусым қатысушыларының бір-бірімен оңай тіл табысқанын байқай отырып, олар да алдыңғы маусым қатысушылары секілді ең жақсы достық орнатады деген қорытынды жасауға болады.