Басты бет Әлем Түркиядағы саябақ Абай Құнанбаевтың құрметіне аталды

Түркиядағы саябақ Абай Құнанбаевтың құрметіне аталды

11 маусымда Түркияның Аланья қаласының саябағында ақын Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнатылды. Монументтің салтанатты ашылуынан кейін саябаққа қазақ ойшылының есімі берілді.

Аланьядағы Абай Құнанбаев ескерткішінің авторы және идеялық шабыттандырушысы Аланьядағы қазақстандық мәдениет және білім қауымдастығының мүшесі, суретші Нұрлан Ахметов болды.

Бастапқыда іс-шара ақынның 175 жылдығына орай 2020 жылы жоспарланған, бірақ Түркияда қатаң локдаунға байланысты ол кейінге қалдырылған болатын. Карантин жеңілдетілгеннен кейін оны өткізу 11 маусымға мақұлданды.

Қала билігі Абай ескерткішін ашу идеясын қолдап, қауымдастыққа қаладағы кез келген орынды таңдауды ұсынды. Осылайша таңдау көптеген шетелдіктер, соның ішінде қазақтар тұратын Махмутлар ауданындағы саябаққа түсті.

Қала әкімшілігі ескерткішке арналған материалдармен, сондай-ақ барлық ұйымдастырушылық жағынан көмектесті. Ассоциация концерттік бағдарлама дайындады.

Іс-шараның құрметті қонақтары қала мэрі Адем Мұрат Юджел, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Анталия қаласындағы консулы Мәулен Ибрайқұлов және Украинаның Анталиядағы консулы Эмир Рустамов болды.

Мереке ұлттық стильде өтті. Салтанатты ашылу рәсімінде Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Сегіз аяқ» атты аңызға айналған шығармалары орындалды.

Құрметті қонақтарға Абай Құнанбаевтың кітаптары, сондай-ақ Қазақстаннан арнайы тапсырыс берілген шапандар сыйға тартылды.

«Абай атындағы саябақ – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына Аланьяның сыйы. Бұл жер кездейсоқ таңдалмаған. Мұнда 37 Ұлы түрік ақынына ескерткіштер қойылған. Абай саябағы – екі елдің ынтымақтастығы мен достығының символы», – деді іс-шарада қала мэрі Адем Мұрат Юджел.

Нұрлан Ахметов қазір «Абай» есімі Түркиядағы ең танымал есімдердің бірі және оны қазіргі таңда жиі естуге болатынын айтты. Ескерткішті орнату кезінде жергілікті тұрғындар ескерткіштің кімге қойылғанына қызығушылық танытып, оларға жиі келген. Ассоциация оларға Абай туралы айтып, ғаламтордан мақалалар көрсетті, адамдар қазақ ақынының шығармашылығын қуана-қуана қабылдады.

2019 жылдың 1 маусымында журналист Шынар Шакенова Абай Құнанбаевқа арналған челленджді бастады. Ол қазақстандықтарға әлеуметтік желілерде Абайдың сүйікті өлеңдерін оқып жатқан бейнежазбаларды #Abai175 хэштегімен бөлісе отырып жариялауды ұсынды. Сонда эстафетаның осындай ауқымға ие болатынын және бүкіл әлемге тарайтынын ешкім елестете алмады.

Түркияда Ұлы Ақынның 175 жылдығы өте белсенді аталып өтті. Қыста қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұров Ыстамбұл мен Анкарада екі ескерткіш тұрғызды. Анталияда Абай Құнанбаевқа мемориалдық тақта орнатылды.

«Мен бұл бастаманы қолдап, осы іс-шараға қатысқандардың барлығына өте ризамын. Осы іс-шараның арқасында бауырлас түрік халқы, сондай-ақ көп ұлтты Аланьяның шетелдік тұрғындары қазақ мәдениетіне тағы да жақындай түсті, Ұлы Абайдың шығармашылығына қызығушылық танытты», – деп бөлісті Нұрлан Ахметов.