Абай Құнанбаев шығармасы тұңғыш рет жапон тіліне аударылды. 12 қазан күні Токиода қазақтың ұлы ақыны, философ – Абай Құнанбаев шығармаларының жапон тіліндегі кітабының тұсаукесері өтті. Шараның басты қонағы Жапония кеңесшілер үйінің президенті Акико Санто.
ҚР Жапониядағы Елшілігінің сайтында хабарлағандай кітапты шығару жобасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ҚР Жапониядағы Елшілігінің қолдауымен «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорымен жүзеге асырылды.
Мәтіндердің әдеби аудармасын Токио шет тілдер университетінің профессоры Хироки Сакаи, қазақ әдебиетін зерттеуші Микия Нишимура, жапон-қазақ сөздігінің аудармашысы және құрастырушысы Шигенобу Масуджима орындады.
Абай Құнанбайұлының жапон тіліндегі кітабы Жапонияның кітапханалары мен оқу орындарына, сондай-ақ елдің әр өңіріндегі ҚР Құрметті консулдықтарына таратылады.
Күншығыс елінің тұрғындарының жыл сайын Абай Құнанбаевтың шығармаларына қызығушылығы артып келеді. Биыл ұлы ойшылдың туғанына 175 жыл. Осыған орай «Abai World Challenge» яғни Абай әлемдік челленджі ұйымдастырылып, Жапонияның әйгілі әншісі Ранка өз тілінде тілінде «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Әннің мәтінін қазақ тілінен жапон тіліне профессор Хироки Сакай аударған.