Жоңғар Алатауындағы ұлттық табиғи паркте туристік бағыттар он үшке жетті

1269

Қазір бұл жасыл аймақтың үлкендігі 360 мың гектарға жуықтайды.

Осыдан он жыл бұрын пайдалануға берілген ұлттық паркте бүгінгі таңда шамамен сүтқоректілердің – 49, құстың 170 түрі бар. 7 сүтқоректі жануар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Олардың қатарында қар барысы, Тянь-шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні бар.

Парк қызметкерлері жуырда қар барысын кіші Басқан өзені ағатын шатқалдың төменгі жағынан көріп қалыпты. Осы кіші Басқан кардонының инспекторы Кәрім Сәтбаев түз тағыларын тек фототұзақтан ғана емес, өз көзімен де жиі байқайтынын айтады.

«Сүтқоректілер бағыты бойынша барыс, Түркістан сілеусінінен бөлек, марал, елік, Тянь-шань қоңыр аюы, тас сусары, тауешкілердің фототұзаққа түскен сәттері баршылық. Олардың барлығы ғылыми-ақпарат мониторинг бөлімі үшін ғана емес, Жоңғар Алатуы үшін үлкен жетістік болып саналады», – деді фототұзақтарды құратын парктің ғылыми қызметкері Жанарбек Молдахан.

Биыл парк қызметкерлері туристік бағыттар санын он үшке жеткізген. Олардың ішіндегі ең танымалы – Жасылкөл мен Шумский шыңы. Сондай-ақ жаңадан «Ат тапқан» және «Жамантас» деген бағыттар ашылды.

Парк басшысы Марат Қабиевтың айтуынша, болашақта ерекше қорғалатын аумақ 200 мың гектарға дейін кеңейеді. Бұл өз кезегінде паркті мекендейтін құстар мен жануарлар қорын еселеп, ондағы өсімдіктер әлемін сақтап қалуға мүмкіндік бермек.