ҚАЗ RUS ENG

ҚАЗ RUS ENG

Әлем Күй атасы туралы көп дерек зерттеусіз күйінде

Күй атасы туралы көп дерек зерттеусіз күйінде

Әлем Күй атасы туралы көп дерек зерттеусіз күйінде

Күй атасы туралы көп дерек зерттеусіз күйінде

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің әдемі сөзі бар. «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген. Күйге бұдан артық баға беру де қиын. Көңілі – дархан, мұңы – шалқар қазақ баласы өнердің бұл айрықша түрін атам заманнан жанына серік етіп, ұрпақтан ұрпаққа мұра қылып келеді. Күй – қазақтың жансерігі, мұңдасы, сырласы. Күйдің ғажаптығы сол – ол бастан кешіріп отырған өмірдің мән-маңызын ұқтырады. Күй ойға жетелейді. Өткенімізден өлмес қасиеттей қанымызға сіңген күйді бүгін де тек қазақ баласы сайын сахарада әуелетіп жүр. Алайда, кешегімізді білмей, екшемей көсегеміз тағы көгермейді. Сондықтан, бүгін күй атасына айналған Құрманғазы жайлы сөз қозғап көрелік.

Күйшінің ғұмыр жолынан

Ол 1823 жылы Бөкей хандығы, қазіргі Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі өңірінде дүниеге келіпті. Топырақ бұйырған орыны – Астрахань (Ресей) облысының бұрынғы «Шайтани батага», қазіргі «Құрманғазы төбе» деп аталатын жер. 1896 жылы көз жұмған.  Шыққан тегі – Кіші жүз, он екі ата Байұлынан өрбіген Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы. Құрманғазының жетінші атасы Ерші деген кісі от тілді, орақ ауызды, сөз дарыған адам болыпты. Құрманғазыны күй өнеріне баулыған және оның ұстазы болған Ұзақ күйші екен. Қ.Сағырбайұлы сахараның даңғыл көкірек дәулескер күйшісі Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшімен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің өнерінен өнеге алған.

Оның ғұмыр кешкен уақыты, әсіресе, оң-солын танып, өмірге белсене араласа бастаған кезі заманның күрделі жылдары-тын. Патшалық Ресей жүргізген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға басынған тұсы болатын.

Қашанда ел басына келген нәубеттің ауырлық тауқыметі ең алдымен еңсесі

биік ерлердің иығына түсетін әдеті. Замана зобалаңы Құрманғазыны да от-жалынымен шарпып бағады. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Терезеден-есіктен», «Бозшолақ», «Арба соққан» сияқты күйлері замана басқа салған зобалаңның бір-бір бекеті сияқты. Ал «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем», «Ертең кетем», «Бұқтым-бұқтым» деген күйлерінде адам даусының мұңды ырғағы айқын берілген.

Ол қатал тағдырдың кез келген талқысына өнерімен жауап беріп, өнерімен белгі қалдырып отырды.

Құрманғазының ойнақы, мерекелік көңіл-күйді білдіретін, шалқар шабытпен жазылған «Балбырауын», «Әсем» секілді күйлері де бар. Өмірге ғашық күйші тіршіліктің нұрлы сәттеріне балаша қуанып, қалтқысыз сезімге бөлене алады. «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш» сияқты күйлері өмірге іңкәр жанның жүрек лүпілі іспетті.

Бір ұрпақ емес, екі ұрпақ емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына ықпал ететін заманалық құбылыстарға бойлай үңіліп, ой толғау Құрманғазының рухани болмысына тән. Оның «Жігер», «Көбік шашқан», «Кішкентай», «Ақбай» сияқты күйлері – өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік болмысына берген бағасы. Сондықтан болар, күй атасының кеудесін жарып, қара домбырасының қос шегінен төгілген туындылардың қай-қайсысы да талай заманның жарасын жазып, көңіліне медет болып келеді. Әлі де сан ғасырдың куәсі болары тағы анық.

Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай тегеурінді дарын біртұтас ұлттың рухани болмысының айғағы. Ұлт тағдырындағы тарихи ұлы өзгерістердің барша қуаныш-қайғысы қашанда біртуар перзенттерінің тағдыр-талайымен шендесіп жататынын айттық. Ол өзінің қанатты күйлерімен поэзиядағы Махамбет сияқты, ғылымдағы Шоқан сияқты, майдан даласындағы Кенесары сияқты, өршіл рухына қылау түсірмей, замана тауқыметін қайыспай арқалап ғұмыр кешті.

Құрманғазы Сағырбайұлы бірнеше мәрте түрмеге де қамалған, алайда халықтың азаттығы жолында күрескен сазгердің рухы ешқашан түспек емес. Ол Орал, Орынбор, Үркіт түрмелерінде отырды. Куғын-сүргін мен сергелдеңге түскен күйші халықтың тәуелсіздік пен бостандық туралы терең ой-толғамын бейнелеген «Алатау» және » Сарыарқа» күйлерін дүниеге келтірген. Бұл күйлерде де сайын сахараны еркін жайлаған қазақ баласының бүкіл болмысы мен бейнесі, мақсұты мен мұраты жатыр.

Қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі 1880 жылы Астрахан түбіндегі Сақмар елді мекеніне қоныс аударады. Қауым арасында ерекше құрметке бөленген Құрманғазы Дина Нүрпейісова, Е.Есжанов, М.Сүлейменов сынды мирасқорларын жинайды. Сол дәуірде әйгілі болған Көкбала, Сүгүрәлі, Торғайбай, Шора сынды домбыра тарту шеберлері де Құрманғазыны ұстаз тұтқан.

Бір нәрсе айқын! Құрманғазы Сағырбайұлы өзінің өлмес туындылары арқылы халқымыздың мәдени дамуына, қанат жаюына қомақты үлес қосты.

Күйде бар басқаша құдірет!..

Қай ұлтқа, қай халыққа болса да сол ұлтпен, халықпен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан киелі мұралары қымбат. Қазақ халқы үшін сондай құнды, бағалы мұралардың бірі – күй. Қазақ күйінің тарихы әріде жатыр. Күйді ел тарихынан бөліп қарау мүмкін емес. Кешегі замандардағы күйлерде халықтың қайғы-қасіреті, азат өмірге ұмтылысы, әділетсіздікпен күресі өрнек тапты. Бұл – бабаларымыз сан мың жыл аңсаған тәуелсіздікке деген айнымас құштарлық болса керек.

Біз «Күй атасы – Қорқыт» дегенімізбен, өнер зерттеушілері Қорқытқа дейін де күйдің «өмір сүргендігін» дәлелдейді. Көне күйлердің әуен-сарыны ертедегі Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Көк түріктер және басқа да тайпалар өмірінен бастау алатынын алға тартады. Бұған мысал ретінде халық күйлері аталып жүрген «Аққу», «Кеңес», «Боз айғыр», «Сары өзен», «Шұбар ат» және басқа да туындыларды келтіреді. Олардың әрқайсысының астарында салмақты ой мен құнды аңыз бар. Міне, қазақ күйі дегеніңіз осындай. Ол бір өзінше әлем. Сол әлемнің қыр-сырына қанық қазақ – біз бақыттымыз. Еліміздің батыс өңірінде төкпе күй кеңінен қанат жайған. Мәселен, Құрманғазының «Сарыарқасы» мен «Адайын» алайық. Тыңдағанда бойды ерекше сезім кернейді. Ұланғайыр қазақ даласы көз алдыңа елестейді. Желмен жарыса жүйткіген жылқылар. Ат үстіндегі қолын сермей жүзі жайнап бара жатқан бала. Шаттық. Қуаныш. Асқақтаған көңіл-күй. Әлгінде тілге тиек етілген күйлер осындай жарқын сезімдерді сыйлайды тыңдарманына. Мұндай күйлердің қасиеті сонда – бойға күш-қуат қосады, қайрат-жігер береді, әруақтандырады.

Құрманғазы туған халқымен қоян-қолтық, тығыз араласып өмір кешкен өнер иесі. Халықтың мұңы, арман-тілегі оны да бей-жай қалдырмады. Оның «Кішкентай» күйінің алғашқы бөлімі тұңғиық мұңға батырса, екінші бөлімінде өрлік, өжеттік екпіні сезіледі. Бұл бір жағынан қандай да кедергілерден қаймықпайтын халық күшін, халық қуатын аңғартса керек. Күй – өмір, күй – тағдыр дейтінімізге бұл айқын дәлел.

Әлбетте, «Күй – қазақтың жаны» дейміз. Ал Құрманғазыны күй атасы ретінде танимыз. Оған негіз де жоқ емес. Шығармаларына күллі дәуір тынысын арқау еткен ол – өз кезеңінің ұлы күрескері. Исатай мен Махамбет көтерілісіне арнап шығарған әлгіндегі «Кішкентай» күйінен бастап, күйлерінің қай-қайсысы да – Құрманғазының замана қасіретін, қоғам шындығын жан-жүрегі мен ақыл-ой тезінен өткізе білгендігінің айғағы.

Күйші әлемі: қасиет пен дарын

Жалпы, Құрманғазы шығармашылығы қазақтың болмысымен, арман-ойымен тікелей астасып жатады. Тәңір берген таланттың жемісі болса керек. Көрнекті музыка білгірлерінің күйші шеберлігіне қатысты пікірлері жетерлік, һәм таңғаларлық. «Құрманғазының шығармашылығы мен орындаушылығын әлі күнге дейін ешбір күйші қайталай алған емес» дейді олар. «Құрманғазының орындаушылығы қандай еді?»,-деген сауалға шәкірті Дина: «Домбыраны қайысша илейтін»,-деп жауап берген көрінеді. Шындыққа бергісіз бұл аңыздан Қ.Сағырбайұлының дарыны мен талантына еріксіз бас иеміз. Ал Құрманғазының өзі болса, «Менің оң қолымды, Динаның сол қолын бір адамға берсе, шіркін!»,-деп арман еткен екен. Әрине, Құрманғазының көп күйі бізге Динаның арқасында жетті. Дегенмен, сол Динаның да «Кейбір күйлерін өз дәрежесінде жеткізе алмадым»,-деп ағынан жарылғаны бар екен. Міне, сонау алағай да бұлағай замандарда ғұмыр кешкен қазақ ұлының мәртебесі, биігі, шыңы! Мұның бәрі Құрманғазының сирек кездесетін музыкалық дарынды жан болғандығын көрсетеді. Ғасырда туылар бір перзент екенін аңғартады. Тума таланттығын айғақтайды.

XIX ғасырдағы орыс журналисі Никита Савичевтің сөзімен айтсақ, «Егер еуропалық білім алғанда, ол музыка әлеміндегі ең алып жұлдызға айналар еді». Кезінде Ахмет Жұбанов та Құрманғазының күйлерін оркестрге түсірсе, оның кез келгені симфониялық шығарма ретінде тыңдалатынына еш күмән келтірмеген.

Құрманғазыны ең алғаш зерттеп, мұраларын жинақтау ісіне мейлінше ден қойған Ахмет Жұбанов екен. Ол батыс өңірдегі көнекөз күйшілердің көпшілігіне жолығып, Құрманғазы күйлерінің шығу тарихын тәптіштеп жазып кеткен. Алайда, күйші-композитордың өмірі ауызекі айтылған әңгімелерге құрылғандықтан, нақты деректер жоқтың қасы. Тұрмыс тауқы­метін жастайынан тартып, бала кезінен байдың малын бағуға мәжбүр болған жарлы жігіттің ұлы күйші деңгейіне көтерілу аралығындағы өсу, өрлеу, кемелдену кезеңі мүлде бұлыңғыр. Десек те, ұлы күйшіге қатысты бар әңгіме естушісін ертегідей елітеді. Содан да «арқасында тайдың жалындай жалы болған», «сақалы белуарына дейін жететіндіктен, домбыра тартқанда, оны қолына орап алатын», сондай-ақ, «Құрманғазының ақындығы, мергендігі мен палуандығы да керемет-тұғын» деген тәріздес әңгімелер де аңыз бен ақиқаттың арасында қалып отыр.

Р.S. Толғаулы, сырлы өнеріміздің көсегесін көгертіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыра беру – мерейлі парыз болса, күй атасы – Құрманғазы рухына да өз дәрежесінде құрмет көрсету бүгіннің мойнындағы айнымас борыш. Алайда, еліміздің әрбір қаласында қасқайып тұруға лайық Құрманғазының ескерткіші өкінішке орай, некен-саяқ, тіпті жоқтың қасы. Ғұмыр жолына үңіліп, нақты деректердің басын қосуға ниеті бар өнер зерттеушілері байқалмайды.

Асхат РАЙҚҰЛ

Соңғы жаңалықтар

Нью-Йоркте Димаштың Түркияда өтетін мерейтойлық концертіне арналған бейнеролик көрсетілді

Димаш Құдайбергенмен түскен жарнамалық роликтер Нью-Йорктің Таймс-скверіндегі ең үлкен және масштабты LED-экрандардың бірінде бірінші рет көрсетіліп тұрған жоқ. Бұған...

Жапондық Dears Қазақстан құрамасына қолдау көрсету үшін теннистен Billie Jean King cup матчына қатысты

2024 жылдың 12 және 13 сәуірінде Димаштың жапондық жанкүйерлері Қазақстан құрамасына қолдау көрсету үшін Токиодағы теннис матчында кездесті. “Билли...

Әдебиеттің жаңа көкжиектерін ашқанда: жазушы Әлихан Жақсылықпен сұхбат

Әдебиет әлеміндегі қалыптасып қалған қағидалардан шығып, туындылары арқылы оқырман сезімі мен дүниетанымына әсер еткен шығармалар болған және бола да...

Димаштың «When I’ve Got You» әні Польшадағы радиостанциялар хит-парадында көш бастады

13 сәуірде Димаштың «When I’ve Got You» композициясы поляк радиосының TIP TOP – Radio Nowy Świat Hit Charts бағдарламасының...

Фан-клуб тауарларын жасау және сату бойынша ұсыныстар

Димаш Dears-тың ерекше қолдауларына алғыс білдіре отырып, Dears фан-клубтары мен топтарын жарнамалайтын футболка және басқа да тауарлар жасап шығару...