Эквадор радиосында әр сенбіде – Димаштың әндері!

1031

7-наурызда «Radio Stereo Mundo La Mega» Эквадор ұлттық радиосында алғаш рет Димаштың орындауындағы әндер әуеледі. Бұл – Димаштың Эквадорлық фанаттарының үлкен өтінішімен жүзеге асырылған еді. Радио дикторы Даниель Эспиноза қазақстандық әншінің орындау шеберлігіне тәнті болғандығын айтты. Және бұл хабар Даниельдің радиода қызмет жасаған уақытындағы ең көп тыңдалған эфирі екен. Енді Даниель әр сенбі сайын белгілі бір уақытта Димаштың әндерін өз тыңдармандарына ұсынамын деген шешімге келіпті.

Димаштың Эквадорлық фан-тобының әкімшілері Даниельмен сұхбаттасқан екен.

– Димаштың шығармашылығы туралы пікіріңіз?

– Мен расында да таң қалдым және әндерін тыңдап отырып, керемет әсерлендім. Оның ән арқылы көрсететін вокалдық мүмкіндіктері, энергетикасы шын мәнінде керемет! Димаштың әр шығарманы үлкен сезіммен, ерекше эмоциямен орындауы арқылы қазақ тілін білмесек те біз әнді түсіне білдік. Әнді тыңдай отырып,өмірде танымасам да әншімен сондай жақын екендігімді сезіндім. Бұл – феномен.

– Өз тыңдармандарыңыздың Димаштың әндеріне деген реакциясысын байқай алдыңыз ба?

– Сол хабарды тек Эквадор қалаларының тұрғындары ғана емес, әлемнің әр бұрышынан құлақ түрген жандардың бәрі тыңдады. Біздің радио желімізден Димаштың әндерін естігендеріне ризашылықтарын білдіріп жатты. Мен радионың онлайн чатына жазылған жақсы тілектер мен оң пікірлерді оқып,өте қуанып қалдым.

– Димаштың әндерін өз эфиріңізде қосуды жалғастыратын боларсыз деп үміттенеміз.

– Әлбетте! Енді Димаштың әндерін әр сенбі сайын эквадор уақытымен 12:00 мен 15:00 аралығында біздің радиомыздан тыңдай аласыздар.

– Егер Димаш Эквадорға арнайы концертпен келсе, барар ма едіңіз?

– Міндетті түрде! Тіпті мұндай жаңалықты өз эфирімде тыңдармандарыммен бөлісетін боламын. Димаш өз әндерімен менің жүрегімде жатталып қалды. Әсіресе, оның орындауындағы жан тебірентерлік «SOS» әнінен алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Енді тек Димашпен жүзбе-жүз кездесуді армандаймын.

– Димашпен таныстық сізге ерекше әсер қалдырған секілді…

– Әншілігінен басқа оның мейірімділігі мен тазалығын сезіндім. Ия, мен онымен жақын таныс емеспін, бірақ оның фанаттарына қарап  Димаштың қандай жан екенін аңғару қиын емес. Эфир барысында мен оның әлемнің әр түкпіріндегі dearsтарының өзара үлкен достығын көрдім. Тілі басқа, түрі басқа, шекарасы бөлек  болғанымен тілектері бір, барлық әлемді біріктірген үлкен отбасын көрдім. Бұл менің көңілімді тебірентті. Димашпен, оның шығармашылығымен танысуыма себепкер болған  эквадорлық фанаттарға зор ризашылығымды білдіремін!