Әнші және актер: Расул Усманов

328

Бір тыңдағаннан тұңғиығына тартып,баурап әкететін қоңыр дауыс, интонациялық тазалық,музыкаға, өзінің ісіне деген адалдық. Мұның бәрі біздің топтың бэк-вокал әншісі Расул Усманов туралы әңгімеміздің басы ғана…

Расул Усманов 1994 жылдың 27 ақпанында Алматы қаласында дүниеге келген. Расул 5 жаста болғанда, оның анасы, театр әртісі Гүлбахар Насырованың назарына бір хабарландыру түседі. Онда К.Байсейітова атындағы мамандандырылған музыка мектебіне дарынды балаларды іріктеу байқауы басталғаны туралы жазылған екен. Баласының бағын сынап көруді шешкен ана ұлын осы байқауға алып келді. Балалардың есту қабілетін, ырғақты сезінуін өте мұқият тексеретін бұл іріктеуден өту де оңай емес болатын. Бала Расул жарады! Қатал әділ қазылардың сынақтарынан мүдірмей өтіп, атақты Байсейітова мектебінің виолончель бөліміне оқуға қабылданады.

Алайда, бір жылдан кейін отбасылық себептерге байланысты Расул басқа мектепке ауысуға мәжбүр болады. Дегенмен, туа біткен табиғи қабілеті,аз ғана уақыт ішінде музыка мектебінде алған тәрбиесі мен білімі текке кетпепті – ән-күйге әуес өнерлі бала бірден-ақ мектептің «кішкентай мақтанышына» айналып шыға келеді.

Мектепті бітіргеннен кейін таланты жас Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-на музыкалық театр актері мамандығы бойынша оқуға түсті. Академияны 2015 жылы бітіріп, Расул Өскеменге кетіп, бір жыл Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында жұмыс істеді. Осыдан кейін тағдыр оны «Astana Musical» театрына алып келді. Онда Расул жетекші солист рөлін атқарды.

2016 жылы әнші ҚазҰӨУ магистратурасына «драма театрының режиссурасы» факультетіне оқуға түседі. Қазіргі уақытта осы мамандық бойынша.Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА докторантурасында 1 курста оқиды.

Расул Димаштың командасына өзінің келуін тағдырдың нағыз сыйы деп санайды. Ол кезде, 2017 жылы «Astana Musical» театры «Ромео мен Джульетта» қойылымын қойған болатын. Бірде дайындық барысында қойылымдағы хор партияларын жазу қажет болды. Ал мұны жасайтын мүмкіндігі бар музыкалық студия Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында еді. Міне,осы жерде ол белгілі аранжировщик/саунд продюсер Ерлан Бекчуринмен танысады. Расулдың музыкалық сауаттылығы мен вокалдық қабілеттерін бағалай білген Ерлан оны Димаштың тобында  бірге жұмыс жасауға шақырады.

Алғашқы сапар 2018 жылы қараша айында әйгілі Лондонның төрінде өнер көрсетуден басталды. Содан бері әлемнің әр түкпірінде жалғасып келеді.

Әншілігінен бөлек Расул өзі айтқандай ол ең алдымен – мюзикл актері. «Ән айтқан ұнай ма, әлде актёрлік қырың басым ба?» деген сұраққа Расул әдемі жымиып, «ешқашан ара-жігін айыра алмаймын» деп жауап берді. Сондықтан да болар «жігітке жеті өнердің көп еместігін» көрсететін мюзикл актері болып, елдің ерекше ықыласына бөленіп жүргендігі.

Жақында Расул Усманов Санкт-Петербург музыкалық комедия театрында үлкен кастингтен өтіп, «Мисс Сайгон» мюзиклінде басты рөлдердің бірін сомдайтын болды. Наурыз айында мюзиклдің алғашқы дайындығы өтті. Алайда, коронавирустық инфекция салдарынан спектакль кейінге қалдырылды.

Табиғаты жамандық атаулыдан аулақ болса да оған көбіне антогонистерді ойнау «бұйырып» жатады. Зұлымдарды сомдау актёр үшін қиын да қызықты екендігін жасырмайды, болмысына кереғар басқа адамның кейпіне ене білу – шеберліктің белгісі екені сөзсіз.

– Жағымды кейіпкермен жүздесудің өзі – жақсылықтың бір шеті ғой. Оның мейірімге толы бейнесін көріп-ақ бәрін оңай түсінесің. Ал, жағымсыз кейіпкерді сомдау дегеніңіз – сан сұраққа  жауап іздеу деген сөз. Неге ол осындай болды? Соншалықты жанын жараланған қандай дерт? Өмірі неге осылай өрілді? Көп сұраққа жауап іздеп актер өз рөлінің адвокаты болып шыға келеді. Көзі қарақты көрерменнің мұны сенің шебер суреттеуің арқылы ғана түсінетіні сөзсіз. Егер сен осыны әр көрерменнің жүрегіне жеткізе алсаң – мақсатыңның орындалғаны…  – деп бөлісті Расул.

Расул өзің танымалдықтың еш өзгертпейтініне сенімді. Әрине,оны көшеде адамдар жиі танып қалып жатады, бірақ, Расул мұны мақтан етіп, ешқашан дандайсыған емес. Ел назарында  болудың жауапкершілік жүктейтін екінші жағы бар екендігін де естен шығармайды. Танымалдылыққа ие болғаннан кейін, оның да бір қайтарымы болуы міндетті. Мысалы, Расул табиғатынан салмақты, томаға тұйық және көп сөзге жоқ жігіт. Бірақ, кейде жанеүйерлерін өзінің тұйық мінезімен алшақтатып алмауы үшін, өзін мүлде басқа қырынан көрсетуге тура келеді. Дегенмен, Расул осындай керемет тарихтың бір бөлігі болып табылғанына шексіз бақытты және тағдырға осы күнге дейін берілген мүмкіндіктері үшін алғыс айтады.

Бэк вокал әншісі болу – өте жауапты жұмыс. Өз партияңды жәй ғана орындап шығу жеткіліксіз. Шығарманы орындау барысында дыбыстың тазалығын, динамикасын сақтай отыра үнемі гармониялық үйлесімді  тыңдап , ансамбльмен орындау өте маңызды. Ең бастысы – әншіге кедергі келтірмей, керісінше үлкен қолдау көрсетіп, бірлесе отыра әнді тыңдарманға жағымды етіп орындау. Мұның бәрі асқан кірпияздықты, мықты шеберлікті талап етеді.

Командадағы өзге музыканттармен Расул өте жақын достасып кетті, араларында бір отбасындағы бауырлардай жылылық бар. Әр концерттен соң міндетті түрде барлығы жиналып талқылайды, сырласып, әңгімелеседі, жайма-шуақ демалады. Мұның бәрі естен кетпес керемет сәттер ғой, шіркін!

– Әр концертте біз бейне бір соңғы рет сахнаға шығып тұрғандай жан-тәнімізбен жұмыс жасауға тырысамыз. Бір қызығы, 3 сағатқа жуық сахнада тұрсақ та ешқашан шаршаған емеспіз. Димаш та солай, керемет күш-қуат сезінетінін айтады. Мұның ең басты себебі – көрермендердің керемет ықыласы, фанаттардың орасан энергетикасы, халықтың батасы мен жаратқанның қолдауының арқасы шығар! Мен үшін мұндай концертте болу-зор бақыт. Үлкен тарихтың кішкене бөлшегі болу-теңдесі жоқ мәртебе! – деді Расул Усманов.