ҚАЗ RUS ENG

ҚАЗ RUS ENG

Dimash World «Қолсыз өмір»: суретші Қаріпбек Күйіковтің өнердегі жолы, антиядролық қозғалыс...

«Қолсыз өмір»: суретші Қаріпбек Күйіковтің өнердегі жолы, антиядролық қозғалыс және Димашпен кездесуі туралы

Dimash World «Қолсыз өмір»: суретші Қаріпбек Күйіковтің өнердегі жолы, антиядролық қозғалыс және Димашпен кездесуі...

«Қолсыз өмір»: суретші Қаріпбек Күйіковтің өнердегі жолы, антиядролық қозғалыс және Димашпен кездесуі туралы

Қазақстанда кітап оқуды насихаттауға бағытталған республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафоны басталды. 21 қыркүйекте Димаш Құдайберген өзінің Instagram парақшасында аталған марафонға қосылғанын жариялап, өзі оқыған кітаптардың бірі – қазақстандық суретші әрі антиядролық қозғалыс белсендісі Қаріпбек Күйіковтың «Қолсыз өмір» («Жизнь без рук») атты кітабы туралы айтып өтті.

DimashNews редакциясы кітаптың жазылу тарихы, суретшінің өнер жолы және оның Қарағанды қаласында Димашпен кездесуі туралы Қаріпбек Күйіковпен сұхбаттасты.

— Қаріпбек Телтайұлы, «Қолсыз өмір» («Жизнь без рук») кітабын жазу идеясы қалай пайда болды және бұл кітаптың оқырмандарына қандай ой жеткізгіңіз келді?

— Бұл идея осыдан 30 жылдай бұрын пайда болған. Ол кездері өмірім белсенді болатын: көрмелер, саяхаттар. Жинақталған әсер мен толғаныстың көп болғаны соншалық, осының бәрін кітап етіп жазуға шамам жете ме екен деп ойлайтынмын. Кейін интернеттен «Сөз» әдеби бюросының жігіттерін кездестіріп, олар маған кітап жазуға көмектесетіндерін айтқаннан соң бәрі өзгерді.

Мен өз ойларымды хабарламалар арқылы айтып отырдым, ал олар жазып отырды. Кітапта жадымда ерекше сақталған, ешқашан ұмытылмайтын көптеген сәттер жазылды. Менің айналамды тек жақсы адамдар қоршады, ал жағымсыз жайттар болса ұмытылып кететін. Мүмкін, тығырыққа тірелгендер менің кітабымды оқып, одан шығатын жол да табар. Егер солай болса, мен қуанар едім. Адам өзінен кейін бір нәрсе қалдыруы керек қой, адамдардың сені жақсы сөзбен еске алуы үшін қызықты бір дүние қалдырған жөн. Менің картиналарым – менің балаларым, ал кітабым – жан дүниемде жатқан сырым болмақ.

— Қарағандыдағы кездесу кезінде Димаш Құдайбергенге өз картинаңыз бен кітабыңызды сыйлаған екенсіз. Бұл кездесу қалай өткені және сіздің есіңізде несімен қалғаны туралы ойыңызбен бөліссеңіз?

— Бұл менің өмірімдегі ерекше әсерге толы бір кездейсоқтық болды. Мен онымен кездесуді, оның концертіне баруды көптен бері армандап жүрген едім. Мен Димаштың жанкүйерімін. Ол – Құдай төбесінен сипаған дарынды адам. Оның біздің Қарағандыдағы Кеншілер күніне орай өтетін концертке келетінін білгенімде, төбем көкке жетті. Алайда 29 тамызда БҰҰ-дағы конференцияға қатысу үшін Нью-Йоркке ұшуым керек болатын.

Содан кейін ұйымдастырушылардан Димаштың қай жерде тоқтағанын біліп беруді сұрадым, себебі оған өз туындымды сыйлағым келді. Мұндай адамдарға мен өз картиналарымды әрдайым қуана-қуана сыйға тартамын. Мысалы, менің жұмыстарым Голливуд актері Жан-Клод Ван Даммда, Пан Ги Мунда, Барак Обамада, сондай-ақ шетелдегі түрлі мұражайларда бар.

Өз дауысымен адамдарға қуаныш сыйлап жүрген Димаш менің туындымды көрсін деген ойда болдым. Оған тек қана биік шыңдарды бағындыра берсін деген ниетпен, «Ақ барыс» картинасын таңдадым. Ал кітабымды ұлдарына осындай тамаша тәрбие бергені үшін алғыс ретінде ата-анасына табыстауын өтіндім.

Бұл кездесу Димаш үшін күтпеген жағдай болды: мен оны лифтен шыға берген жерінде кездестірдім. Ал ол жауап ретінде өз көзілдірігін шешіп, менің көзіме тақты, елестетіп көріңізші! Мен жүрегімнің бір бөлшегін оған сыйлағандай болдым…

— Суретші болғыңыз келетінін алғаш қашан түсіндіңіз? Өнер жолыңыздың басталуына не түрткі болды?

— Бірінші сыныпқа Ленинградта бардым. Біртіндеп қалам мен қарындашты аяғыммен ұстап сурет сала бастадым. 4-сыныпта А. С. Пушкиннің шығармаларын оқып жатқан кезде, бізге кейіпкерлердің бірінің суретін салу тапсырмасы берілген еді. Ал мен «Лукоморьедегі» мысықтың суретін салдым. Менің суретім мұғалімді таңғалдырды, содан бастап ол менімен жеке айналыса бастады.

— Алғашқы мектептегі суреттеріңізден бастап ядролық сынақтардың зардаптарына арналған туындыларға дейінгі жолдан өтіпсіз. «Невада–Семей» қозғалысы бұл тақырыпты әлемге танытуыңызға қалай ықпал етті?

— Ақын Олжас Сүлейменов басқарған «Невада–Семей» антиядролық қозғалысының арқасында шетелдерде: Америкада, Германияда, Францияда, Түркияда, Швейцарияда және Ресейде көрмелерім өтті. Адамдар осы туындыларға қарап, белгілі бір қорытынды жасай алса деген мақсатпен өз эмоцияларымды өзекті әрі маңызды осындай тақырыптар арқылы жеткізгім келді.

— Эмоциялық тұрғыдан сізге салу аса қиын болған картина болды ма? Себебі неде?

— Мен портрет салмаймын, әсіресе жақындарымның портретін салмаймын. Анамның да портретін салуға батылым бармады, бірақ оның тартқан азабын жеткізгім келді. Ол осы сынақтардың куәсі болды, өмір бойы ауырды, екі баласынан айырылды, содан кейін мен дүниеге келдім – қолсыз…

Осылайша «Ананың қасіреті» картинасы дүниеге келді. Онда қиналып тұрған әйел бейнеленсе, ал оның құрсағында мен секілді қолсыз сәби жатыр. Айналада сынақтар жүріп жатыр, жер аяқтың астынан сырғып барады, ал жоғарыда Жаратушыға апарар жол бар. Бұл мен үшін ең ауыр жұмыс болған еді.

— Сіз әртүрлі елдерде әртүрлі көрермендермен кездестіңіз. Сол кездесулерде шығармашылығыңыз жөнінде айтылған ерекше пікірлер есіңізде қалды ма?

— Өз жолымда көптеген адамдармен, соның ішінде Семей полигоны мен Невада полигонының маңында тұратын әйел кісілермен, ақ жаулықты аналармен кездестім. Олардың қолдауы мен алғысын да сезіндім. Мен мысалы, мүгедектік бойынша зейнетақы алып қана отыра беруіме болар еді, бірақ мұндай өзекті әрі қасіретті мәселелерге бейжай қарай алмаймын және ол жөнінде картиналарым арқылы айтуға тырысамын.

1992 жылы Колорадода мектеп оқушыларының алдында сөз сөйлеген болатынмын. Олар үйлеріне қайтқан соң Қазақстандағы қасірет туралы айтып, дәрі-дәрмек, шоколадтар, жапсырмалар жинай бастады. Балалар қолдау ретінде жинаған дүниелерін біздің балаларға жеткізуімді өтініп, маған екі қорап әкелген еді.

— Сіздің шығармашылығыңызда қасіретті тақырыптармен қатар пейзаждар да бар. Қазақстан табиғатын бейнелеу дегенді қалай түсіндірер едіңіз?

— Мен әртүрлі елдерде болдым, әсем табиғат көріністерін, Ресейдегі аппақ қайыңдарды да көрдім. Ал Қазақстанды салғанда, тауларымыздың әсемдігі мен айбынды асқақтығын, даламыздың кеңдігін – Жаратушы жаратқан қалпында, адам қолының ізі түспеген күйінде жеткізгім келеді.

Бірде Лондонда тұратын, Семей қаласының тумасы альпинист Индира менің картинамды тау шыңына алып шықты. Барлық қиындықтарға қарамастан, ол сол жерде менің туындымды, сонымен бірге Қазақстанды да таныстырған еді.

— Суретші ретінде сізді тағы қандай тақырыптар толғандырады? Қайырымдылық көрмелері арқылы балаларға қалай қол ұшыңызды тигізгеніңіз туралы айтып берсеңіз?

— Мен экология мәселелерін назардан тыс қалдырмай, пейзаждар мен жануарлардың суреттерін салуға тырысамын. Балалардың жануарларға қатыгездік көрсеткенін көру маған өте ауыр тиеді. Егер бала мысықты оныншы қабаттан лақтыратын болса, демек, ол балада бір нәрсе дұрыс емес…

Мен кезінде мен өткен жолмен өтіп жатқан балаларға көмектесу үшін қайырымдылық көрмелерін де өткіздім. Қолымнан келгенше барынша көмектесуге тырыстым: медициналық көмек ұйымдастырдым, тәтті сыйлықтар жинадым, жолдамалар да сатып алдым.

— Сізді ішкі рухы мықты адам деп жиі атайды. Бұл анықтаманы өзіңіз қалай қабылдайсыз? Бір орнында тоқтап қалмай, үнемі алға жылжып отыруыңызға не көмектеседі?

— Мен өзімді мықтымын деп айтпас едім. Менің ойымша, маған Жаратушы бір Алла қолдау көрсетеді. Алғашқы жылдары Ресейде тұрдым, өзім сияқты балалармен бірге интернатта оқыдым, Қазақстанға келмедім. Меніңше, кез келген адам өз жағдайына бейімделеді. Егер менің қолым болмаса, бұл күні бойына тек жатуым керек дегенді білдірмейді. Барлығын өзім жасағым келді: шаңғы тептім, коньки тептім, жүзуді және велосипед тебуді үйрендім. Тек көлік жүргізуді үйрене алмадым.

Қазір 58 жасымда өзгелерге салмақ салғым келмейді. Туыстарыма, жақындарыма көмектесуге тырысамын, жиендерім көп. Мен үшін біреуге пайдалы болу – зор қуаныш. Егер менімен сөйлескеннен кейін адам күлімсіресе немесе әлдебір нәрсеге көзқарасын өзгертсе, соның өзі жақсы.

— Өнермен айналысқысы келетін, бірақ алдағы кездесетін қиындықтардан қорқатын жастарға не айтар едіңіз?

— Мен мектеп оқушыларымен және көркемөнер мектептерінің студенттерімен жиі кездесемін. Оларға өзімнің ұстазымның сөзін айтар едім: «Ештеңеден қорықпа, тек алға ұмтыл. Еңбегіңнің кез келген нәтижесі – ол сенің нәтижең».

Сыннан немесе біреулер мысқылдап күледі-ау деген ойдан қорықпа. Мұны принтер емес, сен жасадың. Нәтиже стандартқа сай болмасын, портреттегі оң көз сол көзден үлкен болсын – бұл сенің жұмысың. Неғұрлым көп айналыссаң, соғұрлым жақсы нәтиже шығатын болады. Адам талантпен дүниеге келмейді, оны өз бойында жетілдіреді.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Dimash Qudaibergen (@kudaibergenov.dimash)

Соңғы жаңалықтар

«Қолсыз өмір»: суретші Қаріпбек Күйіковтің өнердегі жолы, антиядролық қозғалыс және Димашпен кездесуі туралы

Қазақстанда кітап оқуды насихаттауға бағытталған республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафоны басталды. 21 қыркүйекте Димаш Құдайберген өзінің Instagram парақшасында аталған...

Димаштың Чилидегі концерті қарсаңында Қазақстанға арналған куэка орындалды

Димаш Құдайбергеннің Чилидегі алғашқы концерті қарсаңында Сантьяго қаласында екі елдің мәдениетін тоғыстырған ерекше музыкалық жоба таныстырылды. Чилилік 11 жастағы...

Әлемнің әр түкпірінен Димаштың жанкүйерлері DIMENSIONS әлемдік турына дайындалуда

Димаш Құдайбергеннің жаңа DiMENSIONS әлемдік турының басталуына бір айдан сәл астам уақыт қалды. Алдағы концерттер қарсаңында әр елдегі өнерпаздың...

«AQERKE» әні Channel R Radio жазғы хит-парадының үздік үштігіне енді

Димаш Құдайбергеннің «AQERKE» композициясы халықаралық Channel R Radio радиостанциясы ұйымдастырған #UltimateSummerCountdown жазғы қорытынды рейтингінің үздік үштігіне енді. Channel R –...

Қазақстан мен Мексика арасындағы мәдени диалог: Димаш шығармашылығына арналған 60 кітап мексикалық тыңдармандарына жол тартты

«Алматы кітап» баспасынан жарық көрген «Шексіз музыка» («Бесконечная музыка») кітабының 60 данасы Алматы қаласынан Мексикаға Димаш Құдайбергеннің жергілікті жанкүйерлер...