30 қазанда Димаштың Мадридте өткен алғашқы жеке концертінде Dimash Qudaibergen Fan Club Oficial España фан-клубының бастамасымен «La Gran Voz Kazaja» / «Қазақтың ұлы дауысы» акциясы ұйымдастырылып, көрермендер ақ желпуіштер көтерді.
Желпуіш испан мәдениетінің дәстүрлі нышаны ретінде таңдалса, ақ түс бейбітшіліктің белгісі ретінде алынды.
Әншінің ұлттық мәдениетті дәріптеу мен сақтау жолындағы қызметін қолдауға бағытталған бұл акция «Ақерке» әнінің орындалуы кезінде өткізілді.
«Димаш Құдайбергенге деген риясыз сүйіспеншілік жанкүйерлерін жігерлендіріп, оларды шығармашылыққа және бірлікті нығайтатын осындай бастамаларға жетелейді», – деп атап өтті әншінің жанкүйерлері.
Көрермендердің зор қолдауы Димаш ерекше үн қосқан қазақтың ән мұрасының өзге туындылары орындалғанда да жалғасты. Жиналған жұрт «Тау ішінде» әнінің қайырмасын бір дауыспен үйлесімді шырқағаны соншалық, Димаштың өзі де таңданысын жасыра алмады. Ал «Дұрдараз» әні ұзаққа созылған қошеметке ұласты.
Әндер арасындағы шағын үзілісте Димаш Жозе есімді жанкүйерін сахнаға шақырды. Домбыра тартуды онлайн форматта үйреніп жүрген Жозе қазақтың «Самалтау» халық әнінен үзінді орындады.
Концерт соңында Испанияда тұратын жас қазақ әншісі әрі Димаштың жанкүйері Жанель Али қазақтың «Дайдидау» халық әнінен үзінді шырқағанда, көрермендер де оған қосыла ән салды.



