Димаштың дүние жүзіндегі жанкүйерлері карантинде қалған жандарды қолдап видео түсірді

572

Таяуда DK Brasil фан-парақшасы YouTube желісінде дүние жүзінен Димаштың жанкүйерлері қатысқан видеоны жариялады. Бұл бейнеде фанаттар бірлесе отырып, карантинде қалған барлық адамзатқа шағын жолдау жариялап, қолдау танытты.

Жанкүйерлердің жан тебірентер жазбалары мен жарқын күлкілері Димаштың «Там, где живет любовь» әнімен сүйемелденеді. Видеоны түсіруге Қазақстан, Аргентина, Австралия, Бразилия, Чехия, Куба, АҚШ, Франция, Германия, Иран, Италия, Жапония, Украина, Қырғызстан, Мексика, Молдова, Ресей және Вьетнам елдерінен фанаттар атсалысты.

Видео түсіру идеясы DK Brasil тобының әкімшісі Катя Фернандеске тиесілі. Ол кезде Катя Францияда болатын, Димаштың Германиядағы концертіне дайындалып жүрген кезі екен. Аяқасты пайда болған пандемия мен карантин салдарынан Катя Бразилияға қайта алмай, басқа елде қалып қойды. Топтың өзге қатысушыларымен хат жазыса келе, Катя Фернандес пен бразилиялық Dears дәл осындай жағдайда қалған басқа адамдар саны туралы бас қатырады. Өйткені, жалғыз қалған олар ең болмағанда моральдық қолдауға мұқтаж болатын. Идея осылайша туындапты.

Бразилиялық фанаттар Димаштың өзге фан-клубтарымен байланысқа шыққан. Dears бұл идеяны қуана қабылдап, бірлесе жұмысқа кірісіп кетті.

Бұл видеоның идея болып қалмай, жүзеге асқанына қуанып отырмыз. Біз үшін бұл Димаштың жанкүйерлерінің әрдайым бірге екенін білдіреді. Бір-бірінен алыста, түрлі елдер мен континенттерде болса да, керемет дүние жасап шығардық! Өтінеміз, тек сақ болыңыздар, денсаулықтарыңызды күтіңіздер!, – дейді Катя Фернандес.

DK Brasil – Димаштың 2017 жылдың 13 наурызында құрылған Facebook желісіндегі фан-парақшасы. Топта бүгінде 35000 мыңнан астам белсенді жазылушы бар. Әкімшілері – Хелена Акико Татеиши де Морайс, Эльза Эми Аоки Маэда, Катя Фернандес және Янайна Корреа.