Димаш Құдайберген Уильям Шатнер мен Жерар Депардье түсетін фантастикалық фильм саундтрегін орындап шықты

1611

Димаш Құдайберген итальяндық «Creators: The Past» ғылыми-фантастикалық блокбастерінің саундтрегін орындады. «Across Endless Dimensions» әнін сазгер әрі фильмнің режиссері Пьерджузеппе Зайя жазған. Туындының керемет орындалуы картинаның фантастикалық және ауқымды атмосферасын толықтай жеткізе алады.

Фильм үлкен экранға 2020 жылдың наурыз айында жол тартуы керек еді, алайда коронавирус пандемиясына байланысты тұсаукесерді белгісіз уақытқа кейінге қалдыруға тура келді.

Фильм басынан аяғына дейін симфониялық оркестрмен сүйемелденеді. Оның үстіне «Creators: The Past» туындысы Уильям Шатнер, Жерар Депардье және Брюс Пейн секілді керемет актерлық құраммен ауыз толтырып мақтана алады.

Бояуы қанық, көздің жауын алар картина расымен көрерменге ерекше рахат сыйлайды. Фильмдегі түс коррекциясын танымал колорист, Оскар мен Алтын глобус иегері Уолтер Волпатто шебер орындап шыққан. Ол «Зеленая книга», «Звездные войны» және «Интерстеллар» секілді баға жетпес танымал фильмдермен жұмыс істеген.

Фильм Италияның танымал жерлері – Венеция, Валле-д’Аоста, сонымен қатар Пьемонта сарайлары мен ортағасырлық ауылдарында түсірілген. «Creators: The Past» Италияда түсірілген ауқымды фэнтези фльмдерінің бірегейі.

Алғашқы секундтардан-ақ фильм көрерменін ғарыш әлеміне әкетеді. Оқиға Лорд Огма (Уильям Шатнер) жетекшілік ететін Галактикалық Кеңестің сегіз мүшесінің кездесуінен басталады. Онда жер жүзінің кез келген тіршілік иесінің өміріне қауіп төндіретін Планеталар Шеруінің мәселесі қаралады.

Өздерін Жаратушы деп санайтын Сегіз Құдай апаттың алдын алуға қауқарлы. Ерте заманда-ақ олар дүние жүзінің жаратылысы туралы естелік сақтайтын арнайы құрал – Линзаны ойластырып шығарған. Фильмдегі әр Жаратушыда осындай Линза бар.

Алайда, кейбірінің Кеңеске бағынғысы жоқ. Жиында Жер басқарушысы лорд Канафф (Марк Фиорини) болмай шықты. Оның Жерге жасырған Линзасы танымал «Апельсиндер шайқасы» фестивалі кезінде Италияның Ивреа қаласына түседі.

Оқиғалар легі уақытпен жарысуға мәжбүр етеді. Жаратушылар бекіткен тәртіпті орнатқысы келгендер мен бұрынғы үрдісті жойып, жаңа ережелер орнатпақ болғандар арасында Галактикалық шайқас басталады…