ҚАЗ RUS ENG

ҚАЗ RUS ENG

Dimash World Мексикадағы Димаш Құдайбергеннің муралы қалай жасалды?

Мексикадағы Димаш Құдайбергеннің муралы қалай жасалды?

Dimash World Мексикадағы Димаш Құдайбергеннің муралы қалай жасалды?

Мексикадағы Димаш Құдайбергеннің муралы қалай жасалды?

Мексиканың Монтеррей қаласындағы Димаш Құдайберген бейнеленген мурал қала аумағынан тыс жерлерге де кеңінен танылып үлгерді. 14 қарашадағы концерттен кейін қазақстандық әнші осы орынға арнайы келіп, достарымен бірге жанкүйерлеріне музыкалық тарту әзірледі. Алайда Қазақстан мен Мексиканың символына айналған бұл жарқын туындының тарихы аталған оқиғадан әлдеқайда бұрын басталған еді.

Бір жанкүйердің идеясынан ортақ жобаға дейін

Барлығы 2025 жылы жергілікті Dears Regias MTY фан-клубының мүшесі Бренда Лорена Эскамилья Мартинестің бастамасынан басталды. Ол Монтеррей тұрғындарын Димаштың өнерімен кеңінен таныстыруды армандап, қалада әншінің бейнесі салынған мурал жасауды ұсынады.

Бұл ойды жүзеге асыру үшін қолайлы орын табу қажет болады. Жанкүйерлер бірнеше ай бойы қаланың адам көп жүретін, қолжетімді әрі көзге бірден түсетін бөлігінен қабырға іздейді.

Ақырында олар Монтеррейдің Callejón Cultural деп аталатын Мәдениет тұйық көшесін таңдайды. Бұл орын көне бұйымдар, қолөнер туындылары мен жергілікті шеберлердің өнімдері сатылатын дәстүрлі жексенбілік базарымен танымал.

Ғимарат иесінің рұқсатын алғаннан кейін фан-клуб мүшелері болашақ композицияны әзірлеуге кірісті. Бастаманы жүзеге асыруға Бренданың жұбайы, кәсіби мурал суретшісі Антонио Рейна Трухильо көмектеседі.

Dears Regias мүшелері муралды қалай жасады?

Жұмыс сурет салудан емес, қабырғаны дайындаудан басталды. Ескі бояуды кетіріп, қабырға бетін тазарту және ақ түсті астар жағу қажет болды.

Димаштың жанкүйерлері бос уақыттарын осы жобаға арнап, кешкі уақытта және демалыс күндері бас қосып жүрді. Дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін Антонио композицияның нобайын түсіреді, ал фан-клуб мүшелері оның ірі бөліктерін бояуға көмектеседі.

Солардың бірі – Монтеррейдің басты нышандарының бірі саналатын әйгілі Серро-де-ла-Силья, яғни Ертоқым пішінді тау бейнесі еді.

Жұмыстың қорытынды кезеңін суретші өзі атқарды: ол Димаш портретінің кескін сызықтары мен ұсақ бөлшектерін мұқият өңдеп, ортақ идеяны біртіндеп аяқталған көркем туындыға айналдырды.

Алғашқы мурал 2025 жылы өнерпаздың 31 жасқа толуына орай жасалды.

Композицияға Димаштың жанкүйерлеріне деген көзқарасын білдіретін мына сөздері де енгізілді:
«Құрметті Dears – адамдардың бір-бірімен шекараға бөлінбей, қалай дос болуы керектігінің үлгісі. Біз бәріміз бір аспан астында өмір сүреміз».

Мурал авторлары үшін бұл сөздер жобаның негізгі идеяларының біріне айналып, музыка біріктірген түрлі ұлт өкілдерінің достығын айшықтады.

Жаңа кезең: Қазақстан мен Мексика нышандарының бір композицияда тоғысуы

2026 жылы Димаштың DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы Мексика концерттері қарсаңында жанкүйерлер қолданыстағы муралды кеңейтуді ұйғарды.

Жобаға Антонио Рейна Трухильо қайта қосылды. Бұл жолы өзгерістер суреттің көлемімен ғана шектелмеді. Жанкүйерлер көркемдік детальдар арқылы екі ел арасындағы байланысты айқындауды көздеді.

Жаңартылған композицияда Димаштың Мексика туымен бейнеленген портреті орын алды. Бұл – өнерпазбен Мексика жерінде қауышудың қуанышын білдіретін нышан.

Айналасындағы пейзаж да өзгерді. Суретші Серро-де-ла-Силья тауының бейнесін үлкейтіп, аспанның түстік реңктерін жаңартып, оған Қазақстанның Мемлекеттік туындағы алтын күнді қосты.

Осылайша бір көркемдік кеңістікте көпшілікке таныс екі нышан – Монтеррейді бейнелейтін тау мен Димаштың туған елін еске салатын күн тоғысты.

Фан-клуб мүшелерінің айтуынша, олар осы детальдар арқылы Қазақстанға деген құрметін білдіріп, музыканың араларын мыңдаған шақырым бөліп жатқан мәдениеттерді жақындастыра алатынын көрсеткісі келген.

Жанкүйерлердің басын қосқан мурал

Уақыт өте келе мурал айналасы Димаштың әлемнің түрлі елдеріндегі жанкүйерлері бас қосатын орынға айналды.

Олар мұнда суретке түсу үшін ғана келмейді. Dears бұл жерде кездесуге уағдаласып, бір-бірімен танысып, өнерпаздың әндерін бірге шырқап, концерттерден алған әсерлерімен бөліседі.

Димаштың арнайы келуі жоба авторлары үшін ерекше тарту болды.

Монтеррейдегі концертінен кейін өнерпаз достарымен бірге муралға арнайы келіп, Temirlan & Yernat дуэтінің репертуарындағы «Шексіздік» композициясына музыкалық бейнежазба түсірді.

Бейнежазбаға Димаш Құдайберген, Ернат Наурыз, Темірлан Олжабай, Санжай Әлмішев, Олжас Құрманбек және Расул Усманов қатысты. Мексика көшесінде қазақтың ұлттық аспаптары – домбыра, сыбызғы мен қобыздың үні әуеледі.

«Осынау әсем қаланың бір көшесінен өз бейнем бейнеленген муралды көру – менің жадымда мәңгі сақталатын сый», – деп Димаш әлеуметтік желілерде жанкүйерлеріне олардың ықыласы мен ыстық сезімдері үшін алғысын білдірді.

Соңғы жаңалықтар

Мексикадағы Димаш Құдайбергеннің муралы қалай жасалды?

Мексиканың Монтеррей қаласындағы Димаш Құдайберген бейнеленген мурал қала аумағынан тыс жерлерге де кеңінен танылып үлгерді. 14 қарашадағы концерттен кейін...

Лео Кантро: өнер әлемі, Қазақстанға сүйіспеншілік және Димаш музыкасымен танысу туралы

Мексикалық блогер Лео Кантро (Leo Cantro) бірнеше жылдан бері испантілді аудиторияны Димаш Құдайбергеннің шығармашылығымен, қазақтың мәдениеті және дәстүрлерімен таныстырып...

«¡Dimash hermano, ya eres mexicano!»: Монтеррей жұртшылығы Димаш Құдайбергеннің шоуын ерекше ықыласпен қабылдады

14 қарашада Димаш Құдайбергеннің Монтеррейдегі алғашқы концерті өтті. Осылайша, DIMENSIONS шоуы Мексиканың жүрегін жаулауды жалғастырып келеді. Қазақстандық әншіге айрықша құрмет...

Музыка мәдениеттерді тоғыстырады: Монтеррейде Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері бас қосты

13 қарашада Мексиканың Монтеррей қаласында Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы концерті қарсаңында халықаралық жанкүйерлер кездесуі өтті. Концерт алдындағы...

Мексиканың Монтеррей қаласындағы басты концерт алаңы Димаштың шоуын қабылдауға дайын

Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS жаңа шоуы аясындағы Мексикадағы екінші концерті Мексиканың солтүстік-шығысындағы Нуэво-Леон штатының әкімшілік орталығы әрі көлемі жөнінен үшінші...