ҚАЗ RUS ENG

ҚАЗ RUS ENG

Dears Музыка мәдениеттерді тоғыстырады: Монтеррейде Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері бас қосты

Музыка мәдениеттерді тоғыстырады: Монтеррейде Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері бас қосты

Dears Музыка мәдениеттерді тоғыстырады: Монтеррейде Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері бас қосты

Музыка мәдениеттерді тоғыстырады: Монтеррейде Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері бас қосты

13 қарашада Мексиканың Монтеррей қаласында Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы концерті қарсаңында халықаралық жанкүйерлер кездесуі өтті. Концерт алдындағы дәстүрлі басқосуды Dimash & Dears Regias Monterrey фан-клубы ұйымдастырды.

Кездесу әйгілі Фундидора саябағы аумағындағы La Fundación Event Hall залында өтті. Ұйымдастырушылар Солтүстік Мексика мәдениетімен танысуға, музыкалық өнерді тамашалауға және әнші жанкүйерлерінің өзара пікір алмасуына мүмкіндік беретін мазмұнды бағдарлама ұсынды.

Кештің негізгі тақырыптарының бірі Қазақстан мен Мексика арасындағы мәдени байланыс болды. Димаш Құдайберген өз шығармашылығы арқылы әлем жұртшылығын қазақтың музыкасымен, тілімен және дәстүрлерімен таныстырып келеді. Осыған орай мексикалық Dears Қазақстаннан келген қонақтарға Монтеррейдің тарихы мен мәдени мұрасын таныстыруды ұйғарған.

Кездесу қаланың негізі қалануы мен дамуы, тарихы және дәстүрлері туралы деректі фильм көрсетілімінен басталды. Мексика мәдениетімен таныстыру бағдарламасы жергілікті өнерпаздардың қойылымдарымен жалғасты.

Сахнада монтеррейлік музыканттар Дженни Вильчис пен Аня Харамильо ән шырқады. Сондай-ақ қонақтар фольклорлық балет ұжымының өнерін тамашалап, жергілікті ас мәзірімен танысып, сыйлықтар ұтысына қатысты.

Іс-шараны Димаштың жанкүйерлеріне жақсы таныс мексикалық белгілі радиожүргізуші Пончо Йеска жүргізді. Оның қазақстандық әншінің шығармашылығымен таныстығы 2021 жылы өнерпаздың бір орындауына арналған бейнепікірден басталған болатын. Кейін Пончо Димаштың шығармашылығына қатысты елуден астам бейнепікір жазған. Ал 2022 жылы мексикалық Dears қолдауымен қазақстандық әншінің әндері OYE 89.7 радиостанциясының эфирінде беріле бастайды.

Осы кешке Димаштың анасы Светлана Айтбаева мен әлемдік турда әншімен бірге өнер көрсетіп жүрген қазақстандық музыканттар да қатысты.

Қонақтар алдында Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыздың домбыра дуэті өнер көрсетіп, қазақтың ұлттық музыка өнерін таныстырды.

Музыкалық бағдарламаға Санжай Әлмішев те қатысып, неміс композиторы Джеймс Ласттың әйгілі «Жалғыз бақташы» аспаптық шығармасын орындады. Бұл туынды румыниялық музыкант Георге Замфирдің орындауында әлемге кеңінен танылған.

Кездесу соңында Димаштың анасы Светлана Айтбаева жанкүйерлерге ізгі лебізін білдірді. Ол мексикалық Dears қауымдастығына әншіге және Қазақстанға деген ықыласы мен қолдауы, қазақ мәдениетін кеңінен танытуға қосқан үлесі, сондай-ақ Қазақстан елшілігімен ынтымақтастығы үшін алғыс айтты.

Светлана Айтбаева Монтеррейде жуырда Димаш Құдайбергенге арналып салынған муралға ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қабырға суретінің жасалғаны туралы жаңалық әншінің отбасы мен шығармашылық ұжымын ғана емес, көптеген қазақстандықты да қуантқан.

«Екі елдің арасын мыңдаған шақырымдар бөліп жатса да, жүрегіміз жақын. Димаштың музыкасы бізді біріктіріп, Қазақстан мен Мексика арасындағы жарасымды достыққа негіз қалады. Бұл достық алдағы уақытта да нығая түседі деген сенімдеміз!» – деді Светлана Айтбаева.

Ол мексикалық жанкүйерлерге қазақстандықтардың ыстық сәлемін жеткізіп, екі ел арасындағы мәдени байланыстар мен достық қарым-қатынастың одан әрі беки түсетініне үміт білдірді.

Сөзінің соңында Светлана Айтбаева:

«Қазақстан жасасын! Мексика жасасын! Достығымыз жасасын!» – деп аяқтады.

Соңғы жаңалықтар

Музыка мәдениеттерді тоғыстырады: Монтеррейде Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері бас қосты

13 қарашада Мексиканың Монтеррей қаласында Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы концерті қарсаңында халықаралық жанкүйерлер кездесуі өтті. Концерт алдындағы...

Мексиканың Монтеррей қаласындағы басты концерт алаңы Димаштың шоуын қабылдауға дайын

Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS жаңа шоуы аясындағы Мексикадағы екінші концерті Мексиканың солтүстік-шығысындағы Нуэво-Леон штатының әкімшілік орталығы әрі көлемі жөнінен үшінші...

Димаштың Латын Америкадағы жанкүйерлері концертте қазақ тілінде ән шырқайды

Димаш Құдайбергеннің әр концертінің бағдарламасында қазақ тіліндегі танымал әндерге арнайы бөлім беріледі. Осылайша әнші туған елінің ұлттық өнерін таныстыра...

Махаббат тілінде: Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS турының Латын Америкадағы кезеңі басталды

11 қарашада Мексиканың Мерида қаласында Димаш Құдайбергеннің әлемдік гастрольдік сапары аясындағы DIMENSIONS шоуының шымылдығы түрілді. Қазақстан, Испания және Қытай өкілдерінен...

«Қазақстан! Қазақстан!»: Меридада Димаш Құдайбергеннің концерті қарсаңында Dears кездесу өткізді

Ертең, 11 қарашада, Мексиканың Мерида қаласында Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы Латын Америкасындағы алғашқы концерті өтеді. Көптен күткен...