11 қарашада Мексиканың Мерида қаласында Димаш Құдайбергеннің әлемдік гастрольдік сапары аясындағы DIMENSIONS шоуының шымылдығы түрілді.
Қазақстан, Испания және Қытай өкілдерінен құралған Димаштың халықаралық командасы 12 мың шақырымды артқа тастап, төрт рет ұшақ ауыстырып, 36 сағаттық әуе сапарынан кейін әлемдік турдың Латын Америкадағы кезеңін Юкатан түбегінің мәдени орталығы әрі астанасы Мерида қаласында бастады.

Кештің өн бойынан әншінің көрерменге деген сүйіспеншілігі мен тыңдарманның өнерпазға деген ыстық ықыласы сезілді. Бұл ілтипат шоу алдында көрсетілген алғашқы бейнекадрлардан-ақ көрініс тапты. Онда жанкүйерлер: «Димаш! Димаш! Сахнаға шықшы! Біз сені жақсы көреміз!» — деп ұрандатты.
Бағдарламаның титулды әндерінен соң әнші: «¡Hola, México! ¡Hola, Mérida! ¡Qué alegría verlos a todos! ¡Los quiero mucho! ¡Muchas gracias por venir!» — «Сәлем, Мексика! Сәлем, Мерида! Баршаңызды көргеніме қуаныштымын! Сіздерді қатты жақсы көремін! Келгендеріңізге мың алғыс!» — деп көрермендерге испан тілінде сәлем жолдады.

Тіпті көрермендермен бірге өткізілетін дәстүрлі дауыс жаттығуының өзегі де бұл жолы «Te amo» — «Мен сені сүйемін» сөзі болды.
Концерттің орта тұсында кезекті қошеметтен кейін Димаш жанкүйерлеріне испан тілінде тағы да алғыс айтып, мұндай жылы кездесуден кейін өзін Луис Мигельдей сезінетінін жеткізді.

Латын Америкасының ең танымал орындаушыларының бірі саналатын Луис Мигельдің өнері Димашқа да шабыт берген екен. Осыдан кейін әнші көрермендерге тосын сый жасап, пернелі аспап пен гитараның сүйемелдеуімен испан тіліндегі әйгілі «Historia de un Amor» әнін алдын ала дайындықсыз орындап берді.
Концерт бағдарламасы қазақ, ағылшын, орыс, итальян және түрік тілдеріндегі 23 әннен тұрады. Сонымен бірге Димаш өзі өнер көрсететін елдің музыкалық мәдениетінен де ән үзінділерін қосуға аса мән береді. Бұл кеште өзара сүйіспеншіліктің әуеніне айналған «Bésame Mucho» әр жүрекке жол тауып, барша көрерменмен ерекше вокалдық эксперимент жасады. Әнші мыңдаған дауыстан құралған хорға дирижерлік етіп, туындыны түрлі тональ мен орындау мәнерінде шырқатты. Өзі де испан тіліндегі осы әйгілі әуенді бірнеше нұсқада орындады.

Мексикалық композитор Консуэло Веласкес жазған бұл туынды әлдеқашан әлемге танылып, Мексиканың музыкалық символына айналған. «Bésame Mucho» — Димаштың сүйікті әндерінің бірі. Әнші оны испантілді аудитория алдында, соның ішінде өткен жылы Мексикада өткен концерттерінде бірнеше мәрте орындаған. Осы кеште де таныс әуен қазақстандық өнерпаз бен мексикалық жанкүйерлердің үнін тоғыстырып, музыканың түрлі мәдениеттер арасындағы шекараларды еңсеріп, адамдарды жақындастыратын қуатын айқын танытты.




