23 шілдеде, «Мейкин Азия» IV халықаралық музыка фестивалі жабылған күннің ертеңіне Димаш Құдайберген Чолпон-Ата қаласында баспасөз конференциясын өткізіп, журналистердің бір күн бұрын берілген Қырғыз Республикасының халық әртісі атағы, академиялық музыкалық білімнің маңыздылығы, әлеуметтік желілердегі хейттерге жеке көзқарасы сынды және т.б. сұрақтарына жауап берді.
«Құрметті достар, қатысушылар уақыт тауып келгендеріңіз үшін, назарларыңыз бен көрсеткен құрметтеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сұрақтарыңызға жауап беруге әзірмін және мазмұнды сұхбат болады деген сенімдемін», – деп Димаш БАҚ өкілдеріне сәлем жолдады.
Шараның басында Димаштан: – Сіз үшін Қырғыз Республикасының халық әртісі деген атақ нені білдіреді, – деген сауал сұрады.
Сауалыңыз үшін көп рахмет. Осы сәтті пайдалана отырып, Президент Садыр Жапаров мырзаға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Халық арасында: «Әр істің қайыры бар» деген сөз бар (қазақтың мақалы). Кеше маған табысталған марапатты мен Қырғыз халқының Қазақ халқына деген бауырластық құрметінің белгісі ретінде қабылдадым. Сондықтан бұл марапатты тек маған беріп отыр деп айта алмаймын. Баршаңызға қонақжайлылықтарыңыз бен ілтипаттарыңыз үшін, өнерімізге, халқымыздың мәдениетіне деген зор және шынайы сүйіспеншіліктеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді.
Қырғызстандағы үлкен жеке концертіңізді жақын арада асыға күтеміз.
Әрине, мен осында концерт өткізгім келеді. Бірақ қазір бірнеше айға, алдағы бір жылға жуық уақыт бойына гастрольдік концерттік тур өткізіп жатқанымызды ескерсек, біз мұнда енді келесі бағдарламамызбен келетін шығармыз.
Игорь Крутоймен алдағы жобаларыңызды айтып бересіз бе?
Көптеген хит әндерімен танымал Игорь Яковлевичке үлкен құрметпен қараймын және репертуарымда осындай ұлы композитордың әндерінің болуы мен үшін үлкен мәртебе. Қазіргі уақытта басқа да компаниялармен және композиторлармен көптеген жобаларым бар. Сол себепті, қазір Игорь Яковлевич екеуміздің арамызда шығармашылық үзіліс. Осы шығармашылық үзілісті – сөзге келіп қалыпты деп ойлайтын кісілер де бар екен, бірақ ондай ештеңе болған жоқ. Біз арамыз дәл баяғыдай – тамаша. Мен орындаушы, ол композитор.
Қазір мен басқа композиторлармен жобалар жасап жатырмын. Мысалы, мен жақында ұлы композитор, бірнеше Грэмми сыйлығының лауреаты, Мэрайя Кэри шырқаған «All I Want for Christmas Is You» сияқты шедеврлердің авторы Уолтер Афанасьев жазған «Love’s Not Over Yet» әнін шығардым. Жаңалық болса, өздеріңізбен міндетті түрде, бөлісіп отырамын.
Бүгін арманымыз орындалған күн болды – бізге өзіңізбен тағы да кездесу бұйырыпты. Сұрақ: Ал сіздің арманыңыз қандай?
Менің басты арманым – бұл лозунг сияқты естілетін шығар, бірақ менің ең шынайы арманым – мен әлемде бейбітшілік, теңдік орнағанын және сәбилердің көздерінде үрейге толы көз жастары болмағанын армандаймын. Менің жүрегімде дәл осындай арман бар. Ендеше, үлкендер ретінде біз де, сіздер де бір-бірімізге шынайы сүйіспеншілік танытып, өзара түсіністік пен қолдау көрсетейік. Ұлттар арасындағы араздыққа жол бермейік.
Кеше сахнада айтқанымдай, мен өз басым ең бірінші, елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға назар аударамын. Әнші, шығармашылық тұлға ретінде елдер арасындағы мәдени дипломатияға белсене атсалысқым келеді. Себебін сұрасаңыз, мысалы жоғарыда айтқанымдай, қырғыз бауырларымыздың тарапынан алауыздық тудырып жатқан адам пайда болса, қырғыз тарапы оны тоқтатуы керек. Егер қазақтар тарапынан болса, онда біз, қазақтар, мұны істе жол бермеуіміз керек.
Қазақ елі қырғыздың қайғысына, қырғыз халқы да қазақ халқының қайғысына ортақтасып, дәл солай, қырғыздар қазақтың, қазақтар қырғыздың қуанышына қуанса екен деп тілеймін. Екі ел “бір-бірінің шашбауын көтеріп жүрсе”, бұдан артық бақыт болмас…
Сіз әлемнің әртүрлі тілдерінде ән айтасыз. Егер мүмкіндік болса қырғыз тілінде қай әншімен, қандай ән айтқыңыз келеді?
Әзірге қырғыз әншілерімен жұмыс істеуге нақты жоспарым жоқ, бірақ қырғыз халқының өте талантты халық екенін білемін.
Мен тарих қойнауынан бірге келе жатқан тарихы терең шығармалармен өте жақсы таныспын. Әнші ретінде осы салада 26 жыл оқып, еңбек етіп келемін және өз салам бойынша жан-жақты болуға тырысамын. Сондықтан қырғыз тілінде мен ерекше жақсы көретін бір шығарма бар – ол «Куйдум чок» деп аталады.
Қырғызстанды қалай сипаттар едіңіз?
Қырғызстан ең алдымен Алланың бізге берген – бірге туған бауырымыз. Біздің ең жақын көршіміз. Жалпы, қазақ пен қырғыздың арасында үлкен айырмашылық жоқ деуге болады.
Түп-тамырымыз бір. Екі елді бір отбасы деп алсақ, біз – бір ата-анадан туған екі ағайынды сияқтымыз. Мен және інім Мансұр сияқты.
Сондықтан мен қазақ халқын қалай жақсы көрсем – қырғыз халқын да дәл солай жақсы көремін.
Бұл фестиваль сіз жеңіп алған алғашқы халықаралық байқаулардың бірі болып саналатынын бәріміз білеміз. “Мейкин Азия” фестивалі сіздің шығармашылығыңызда қандай орын алады?
Бұл – жасөспіріп шағымнан қатыса бастаған алғашқы сайыстарымның бірі. Жалпы, көпшілік білетіндей, мен 2017 жылы Қытайда өткен «Singer» жобасына, одан кейін CBS телеарнасындағы америкалық «The World’s Best» шоуына қатысқан сәттен-ақ халықаралық деңгейде танымал бола бастадым.
Бірақ бұл жарыстардың алдында мені шыңдап, сенімімді арттырып, әрі қарайғы жолыма шабыттандырған жобалар болды. Олардың ішінде «Making Asia» жобасын ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі таңда өздеріңіз көріп отырған өз-өзіне сенімді Димаштың қалыптасуында бұл байқаудың рөлі зор болды деп ойлаймын. Сондықтан «Мейкин Азия» менің дамуыма мол ықпал етті деп айтуға толық негіз бар. 18-19 жастағы Димашқа көрсеткен қолдауларыңыз үшін сіздерге, құрметті қырғызстандықтарға айтар алғысым шексіз.
Кеше сізге Қырғызстанның халық әртісі атағы берілді. Инстаграмда «Қырғыз тілінде ән айтпаса, неге атақ берілді?» деген сұрақтар болды. Мұндай хейтерлерге не айтар едіңіз?
Мен хейтерлерді жақсы көремін, тіпті кейде тым ерекше жақсы көремін! Солардың арқасында, шынымды айтсам, мен шабыттанамын.
Жалпы, бұл сөздерде біраз шындық бар… Бірақ, мен өзім азды-көпті адекватты адам ретінде, бұл марапаттың тек ән айтқаным үшін немесе жұртшылық мені танитыны үшін ғана берді деп ойламаймын. Ең алдымен, бұл – екі елдің арасындағы достықтың белгісі.
Алла өзіңізге ұзақ ғұмыр берсін. Өмірден өткеннен кейін халықтың жадында қандай адам болып қалғыңыз келеді?
Өте орынды сұрақ. Мен халықтың жадында жақсы өнер көрсеткен қарапайым адам ретінде қалғым келеді.
Димашқа фан-клубы: «өз тілектеріңізді білдірсеңі» деп сұрақ қойды.
Сіздерге шын жүректен алғыс айтқым келеді. Димаш есімді қазақ жігітінің шығармашылығын әлемге таратып жүрген сіздер сияқты тыңдармандарым. Сондықтан, бүгінгі алып жатқан мәртебелі марапаттардың барлығы да сіздердің еңбектеріңізге тікелей байланысты. Дендеріңге саулық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін. Өздеріңізге алғысым шексіз.
Димаштан жаңа буын өнерпаздарына, балаларға кеңес сұрады.
Өскелең ұрпаққа, іні-қарындастарымызға қанаттарың талмай, алға қойған мақсаттарың мен армандарың орындала беруін шын жүректен тілеймін.
Өмірде көптеген қиын, түсініксіз сәттер болуы мүмкін. Әркімнің тағдыры әртүрлі: біреудің жолы жеңіл, ал біреуге Алла Тағаланың қалауымен тәжірибе жинақтауға уақыт береді. Сондықтан, сынақтан сүрінбей, қиын сәттерде үміттеріңізді үзбей, жарқын болашаққа, әдемі үлкен кезеңдерге сеніммен қадам басуларыңызға тілектеспін. Мықты болыңыздар және еңбек етуден еш жалықпаңыздар.
«Мейкин Азия» сияқты фестивальдер жас орындаушыларға не береді?
Біріншіден, бұл тікелей эфир алдында ән орындауға үлкен тәжірибе болмақ. Осындай үлкен алаңдарда атақты өнер қайраткерлерімен бірге өз еліңнің мәдениетін таныту, өзіңді, еңбегіңді көрсету мүмкіндігіне ие болу – үлкен бақыт. Кезінде 19 жасымда осы сайыстан өтіп, өз-өзіме деген сенімім артып, осы жобаның арқасында алдыма үлкен мақсаттар қоя бастадым.
Қалай дегенде де, олар одан әрі дамуға, жас өнерпаздардың өнерін әлемге танытуға ерекше шабыт сыйлайды. Көбінесе жаңадан бастаған әртістердің менеджерлері, көмекшілері, кеңесшілері жоқ, сондықтан олар өздерінің атын шығару үшін осындай байқауларда өнер көрсетуі керек. Егер жас әншілер осындай сайыстан 100% жеңіп шықса, олардың алдарынан үлкен мүмкіндіктер ашылады. Осындай өнерпаздарды бір жобада көріп, оларды басқа да жобаларға шақырып жатады.
Димаштан фестивальге қатысушы қазақстандық өнерпаздың репертуарындағы «Дайдидау» және «SOS d’un terrien en détresse» әндерінен хабардар екендігі туралы сұрады. Сондай-ақ, жабылу салтанатында орындалатын әні туралы сұрады.
Мен бұл туралы білдім десем өтірік болатын шығар, бірақ естігенім рас. Кеше сахнаға шықпас бұрын қазақстандық қатысушының бар екенін және менің репертуарымдағы екі әнді орындап жатқанын да естідім. Алайда, өкінішке орай, кездесе алмадық, өйткені сахнаға шықпас бұрын мен аз сөйлеп, энергиямды үнемдеуге тырысамын. Сондықтан кездесіп, сөйлесе алмадық.
Әндерге келетін болсақ, бұл менің жеке концертім емес, мен ол жерде өнерпаздардың бірі ғанамын. Сондықтан мен 5-6 шығармамды ғана орындадым. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Президент мырзаға тағы да шын жүректен алғыс айтқым келеді. Бұл қуанышты сәт болды, ерекше эмоцияларды бастан өткердім.
Қай жасыңызда ән айта бастадыңыз, өнер саласында білім алуыңызға не түрткі болды?
Қателеспесем, 4-5 жасымнан бастап. Дәл қазір осы сәтті пайдалана отырып, анама алғыс айтқым келеді. Негізі ол менің әжем, бірақ қазақ халқында тұңғышын үлкен ата-ананың тәрбиесіне беретін әдет болғандықтан, мен оларды бала кезімнен әке-шеше деп атағанмын. Артритіне байланысты анам бір минуттан артық аяқта тұрал алмайды. Осыған қарамастан, ол жаяу немесе автобуспен мені мен фортепианода ойнауға, ән айтуға, сольфеджио мен хорды үйреткен музыка мектебіне апарды. Содан бері 26 жыл өтті. 26 жыл үзіліссіз оқып, ізденіп келемін.
Академиялық деңгейде ән салу туралы… Өнердің қай түрінде жүрсе де өнер иесі академиялық білім алуы керек деп есептеймін. Өйткені академиялық ән айту, сахналау, тыныс алу бұлардың бәрі – барлық негіздердің негізі, іргетасы осы.
Тіпті болашақта эстрадалық, джаз әнімен айналысқыңыз келсе де. Жалпы, эстрадалық ән айту –ойдан шығарылған ұғым. Болашақта сіз басқа стильмен айналысатын болсаңыз да, сіз импедансты*, позицияны өзгертуіңіз керек, бірақ жалпы негіз академиялық болуы керек. Биде де солай. Көше биі, дәстүрлі би болсын маңызды емес.
*Импеданс – кеңірдектің қорғаныс механизмі. Бұл дауыс байламдарының еркін жұмысын қамтамасыз ететін кеңірдектің төменгі және жоғарғы байланыс кеңістіктеріндегі ауа бағаны қысымының теңдігі.
Шынымды айтсам, мен таза академиялық әншімін, опера әншісі деген қате пікір бар. Әрине, мен опералық арияларды, Пласидо Домингомен, Хосе Каррераспен, және басқалармен әр түрлі романстарды орындаймын. Менің концерттеріме келіңіздер, мен әртүрлі бағытта ән айтамын және өзімді қандай да бір жанрдың әншісі деп ойламайын. Мен өзімді неоклассикалық жанрдың өкілімін десем дұрыс болар. Бұл әртүрлі музыкалық стильдері бар классикалық вокалдың қоспасы.
Сіз қарапайым адамсыз. Қазіргі жастарға қандай мотивация берер едіңіз?
Жалпы, мен ерекше қарапайым адаммын деп айта алмаймын. Мен орта деңгейдегі қарапайым адаммын. Қуанса қуанатын, мұңайса мұңаяды адам, ашу қысқанда да ашулана алады. Қарапайым адамдарда бар қасиеттер менде де бар – бәріміз де адамбыз. Жалпы, қарапайымдылық – ең үлкен қасиеттердің бірі деп ойлаймын. Бұл қасиет санасы биік, ой-өрісі кең, рухани байлығы жоғары адамдарға тән болуы керек.
Егер сіз осындай адамдардың қатарында болғыңыз келсе немесе оған жақындағыңыз келсе, қарапайым болуға ұмтылу маңызды деп ойлаймын. Бұл туралы атамыз үнемі айтып отыратын. «Ата» деп әкемнің әкесін айтып отырмын. Ол өткен жылы, салыстырмалы түрде жақында қайтыс болды. Дінмұхаммед Қонаевтан үлгі алсын, сол кісідей болсын деп, соларға еліктеп өссін деген ниетте менің атымды Дінмұхаммед деп қойған. Ол оны әрқашан мысал тұлға ретінде қойды.
Баспасөз конференциясы соңында Димашқа Нью-Йоркте өтетін жеке концерті туралы сұрақ қойылды.
Осы сәтті пайдаланып, барлық қырғызстандықтарды, егер уақыттарыңыз болса, Нью-Йорктегі концертіме қатысуға шақырамын. Әрине, бұл үшін Нью-Йоркке баруға деген деген үлкен ықылас керек.
Концерт 5 қазанда Мухаммед Али, Майк Тайсон, Майкл Джексон өнер көрсеткен Madison Square Garden аренасында өтеді. Концерттің ұйымдастырушысы – Live Nation компаниясы, олар АҚШ-тағы ең жақсы промоутерлер болып саналады. Көрермендерімнің көңілінен шығу үшін мен қолымнан келгеннің бәрін жасауға тырысамын. Бұл концерт менің Еуропа мен Азиядағы бұрынғы концерттерімнен сәл өзгеше өтеді. Арнайы бағдарлама болады.
Сөз соңында Димашқа 2026 жылы Қырғызстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өнер көрсету ұсынысы жасалды.
Мүмкіндік болса, әрине қуана-қуана келуге тырысамын. Бірақ, өзіңіз білетіндей, менің бірнеше елде менеджерлерім бар және бәрі солардың менің жұмыс кестемді құрастыруына байланысты шешіледі. Олармен келісуім керек. Бірақ мен үшін бұл үлкен мәртебе болар еді.
Сәттілік тілеймін, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары абыройлы және биік деңгейде өтсін! Алла күш қуат берсін, беделіңіз өсе берсін. Рақмет сізге!